Тәуелсіздік алған жыл

Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!

Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы — азаттық. Тәуелсіздікке жету жолында халқымыз талай сыннан өтті, талай ерлер ел намысы үшін жанын қиды. Бірақ жұрт ешқашан мойымады: азаттық таңының туатынына кәміл сенді.

Жұбан Молдағалиев: «Өткеніңді еске алсаң — өскеніңнің белгісі. Өткеніңді ұмытсаң — өшкеніңнің белгісі».

Мақсат

Оқушыларға Қазақстанның өткені мен бүгінін салыстыра отырып, ел дамуының тарихын таныту; ата-баба аманатына адал болуға, ерліктен үлгі алуға, бабалар рухын құрметпен дәріптеуге үйрету; Тәуелсіздік жылдарындағы (25 жыл) Қазақстан жетістіктері туралы тұтас түсінік қалыптастыру.

Міндеттер

  • Тәуелсіз елді шексіз сүюге баулу.
  • Қазақстан мемлекетінің ұланы екендігін мақтанышпен сезінуге тәрбиелеу.
  • Танымдық қабілетті арттырып, жеке тұлға ретінде дамыту.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта Нақыл сөздер Слайдтар Үнтаспа Қима қағаздар Суреттер

Тәуелсіздікке апарар жол

Сабақ барысында балаларға сұрақ қойылады: «Қандай мереке жақындап қалды?» Жауап — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Одан кейін келесі ойға жетелейміз: «Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіңдер?»

Тәуелсіздік — жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл — халықтың бостандығы, ар-намысы, тағдырын өзі шешу құқығы. Азат өмір үшін төгілген қан мен төзілген қиындықтың өтеуі.

Тарихтан үзінді

Слайдтар мен көріністер арқылы тарихи кезеңдер еске түсіріледі: зұлмат жылдар, қысталаң шақтар, күрес пен үміт. Бұл — тәуелсіз, азат өмірдің қаншалықты қымбат екенін сезіндіретін сабақ.

Көп ғасырлық арман ақиқатқа айналған күн — 1991 жылғы 16 желтоқсан. Осы күн Қазақстан тарихына Тәуелсіздік күні болып енді.

Рәміздер

Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз төрден орын алды, Әнұранымыз қабылданды.

Ел еңсесі

Еліміз қанатын жайып, жаңа дәуірге қадам басты. Астана бой көтеріп, мемлекеттігіміз нығая түсті.

25 жыл: өзгеріс пен өрлеу

1991 жылы тәуелсіздіктің алғашқы таңында елімізде жаңа мемлекетті айқындайтын көптеген нышандар енді ғана қалыптаса бастады. Ал 1991–2016 жылдары аралығында Қазақстан жаңарып, өсіп-өркендеп, әлемге танылды.

ХХІ ғасыр — білім ғасыры. Біздің мақсат — өткенді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңге сеніммен қарайтын азамат болу. Тәуелсіздіктің 25 жылдық шежіресіне үңілу — осы сенімді күшейтеді.

Елдің жетістігінің айғағы

Тәуелсіздік жылдарындағы табыстар — мемлекет дамуының бағыт-бағдарын айқындаған стратегиялық мақсаттар мен бастамалардың нәтижесі. Соның бір көрінісі — Астананың EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуі: бұл қадам еліміздің беделін әлемге тағы бір мәрте танытты.

Астана туралы ой

Батыс пен Шығысты жалғаған алтын көпір іспетті Астана тәуелсіздік жылдарында талай белесті бағындырды. Бүгін елорда — Қазақстан халқының мерейі мен мәртебесінің символы.

«Біз кімбіз және елге қандай үлес қосамыз?»

  • Тәртіппен, сапалы біліммен үлес қосатын ұрпақпыз.
  • Озық технологиямен жабдықталған мектептің мүмкіндігін тиімді пайдаланатын оқушымыз.
  • Интернетке қол жеткізіп, білімге құштарлықпен ізденетін жас буынбыз.
  • Ертең ел үшін әр салада адал еңбек ететін еңбекқор азамат болуға ұмтыламыз.
  • Үш тілді меңгеруге талпынған ұрпақпыз.
  • Спортты сүйетін, салауатты өмір салтын ұстанатын, дені сау оқушымыз.
  • Тәуелсіздік — тірегіміз.

Тәуелсіздік шежіресі: 1991–2016

Төмендегі деректер — тәуелсіздік жылдарындағы маңызды белестердің қысқаша тізбегі. Әр жыл — тарихтың бір кірпіші, ел дамуының бір баспалдағы.

Негізгі оқиғалар

Жылдар бойынша қысқаша хронология

1991

Қазақстан тәуелсіздігін жариялады (16 желтоқсан).

1992

Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран қабылданды. Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды.

1993

15 қараша — Ұлттық валюта күні. Теңге айналымға енді.

1994

Тұңғыш ордендер мен медальдар бекітілді. Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.

1995

30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

1996

20 қаңтар — Қазақстан Республикасының І сессиясы өтті.

1997

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы.

1998

Елорда Ақмолаға көшіріліп, кейін Астана атанды. Астана күні атап өтіле бастады.

1999

10 қаңтар — Президент сайлауы. Н. Ә. Назарбаев Президент болып сайланды.

2000

Мәдениетті қолдау жылы. Түркістанның 1500 жылдығы аталып өтті.

2001

Тәуелсіздікке 10 жыл. ХХІ ғасырдың бастауы.

2002

Денсаулық жылы.

2003–2005

Ауыл жылдары.

2004

Қазақстан–Ресей жылы.

2005

Ресейде Абай жылы аталып өтті.

2006

Тәуелсіздікке 15 жыл. Желтоқсан оқиғасына 20 жыл.

2007

Қазақ тілін қолдау жылы.

2008

Астанада «Қазақ елі» монументі бой көтерді (биіктігі — 91 м).

2009

Білім және ғылым саласының 2009–2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары жасалды.

2010

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. VII Қысқы Азия ойындары өтті, ел 70 медаль жеңіп алды.

2011–2012

Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етті. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Қазақстан 13 медаль алып, жалпы есепте 12-орынға шықты.

2015

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы.

2016

Тәуелсіздікке 25 жыл. Ел әлеуетін әлемге танытатын EXPO-2017-ге дайындық кезеңі.

Тәуелсіздікке еңбек сіңірген тұлғалар

Мемлекет және қоғам

  • Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті — Н. Ә. Назарбаев.
  • Семей полигонын жабу мәселесін көтерген қайраткер — Олжас Сүлейменов.

Ғарыш

  • Тұңғыш қазақ ғарышкері — Тоқтар Әубәкіров (02.10.1991).
  • Екінші қазақ ғарышкері — Талғат Мұсабаев (1994).

Шығармашылық тапсырмалар

Бес жолды өлең

Тәуелсіздік

  1. Тәуелсіздік
  2. Қасиетті, құдіретті, бағалы
  3. Қол жетті, мұра болды
  4. Тәуелсіздік — тұғырым
  5. Егемендік

Қазақстан

  1. Қазақстан
  2. Тәуелсіз, бай
  3. Өсті, өркендеді, дамыды
  4. Қазақстан — менің Отаным
  5. Мемлекет

Қиял-эссе

Тақырып: «Алыс болашақта біздің асқақ мұрат-армандарымыз қалай жүзеге асады?»

Біз 30 жылдан кейінгі Қазақстанды өсіп-өнген, кемелденген мемлекет ретінде елестетеміз. Балаларымыз жауапты, жігерлі, білімді әрі дені сау болады. Олар ата дәстүрін сақтай отырып, жаңа экономика жағдайында еңбек етуге даярланады. Қазақстан бейбіт, жылдам дамитын, әлемге әйгілі әрі сыйлы елге айналады. 2030 жылы ауасы таза, суы мөлдір, жасыл желегі мол мемлекет болуды арман етеміз. Бұл — болашақты ой көзімен көру, асқақ мұраттың моделі.

Топтық жұмыс

«Тәуелсіздікке 25 жыл» тақырыбында постер әзірлеп, қорғау. Бір топ — жылдар хронологиясы бойынша жетістіктерді, екінші топ — тұлғалардың еңбегін жүйелейді.

Қорытынды ой

Алда әлі ұзақ жол, биік асулар бар. Ол асуларды еңсеру үшін білектің күші де, найзаның ұшы да емес — жүрек, білім, талант және талап керек. Ел абыройын асырып, әлемді таңғалдырар жаңалық ашатын — білімді ұрпақ.

Бүгінгі ұрпақ — тәуелсіз елдің намысын қорғайтын, бүгін мен ертеңді жалғайтын жауапты буын екенін сезінейік. Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!» деген өсиеті — әрқайсымызға бағыт.

Қорытынды тілек

Тұғырымыз — тыныштық, тірегіміз — тұрақтылық, тілегіміз — татулық болсын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болсын!

Хорға арналған шумақ

25 жыл — тәуелсізбін, дербеспін, Күмәндана қоймас бүгін енді ешкім. Бодандығым ғасырларға жалғасқан, Қазір, міне, артта қалды келмес күн. Тәуелсіздік — тұғыры ғой бұл елдің, 25 жасың құтты болсын, нұр елім. 25 жылда шықтың талай белеске, Қазақстан, жасай берші, гүл елім.

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, №32 В. Маяковский атындағы орта мектеп

Тарих пәні мұғалімі: Нілдібаева Жазира Қадырбекқызы