Сауын алу
Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі
Бөлім
Отбасылық дәстүрлер мен мерекелер (5-сынып)
Сабақ тақырыбы
Қазақ халқының салт-дәстүрлері
Бастапқы білім
Отбасы дәстүрлері
Оқу мақсаттары
Жазылым
- Сюжетті суреттер (фотосуреттер) желісі бойынша әңгіме құрастыру (5.Ж3).
- Оқылым материалдары бойынша негізгі ақпаратты сақтай отырып, жинақы мәтін жазу (5.Ж5).
Тыңдалым/айтылым
- Тірек сөздер мен ұсынылған иллюстрациялар арқылы тақырыпты болжау (5ТА1).
Сабақ мақсаттары
Барлығы
Мәтіннің мәнін түсінеді, ауызша сөйлеу арқылы дәстүрлерді ажыратады.
Көбі
Салт-дәстүрлерді бейнелейтін сөздердің мағынасын түсіндіреді.
Кейбірі
Салт-дәстүрлердің құндылықтармен байланысын дәлелдейді.
Тілдік мақсаттар
Айтылымға арналған жетекші сұрақтар
- Мәтіндегі негізгі ақпаратты беріп тұрған сөздер қайсы?
- Қазақ дәстүрінде қайырымдылық қалай жүзеге асқан?
- Сөздердің айтылуы мен жазылуындағы айырмашылықты түсіндір.
- Қандай салт-дәстүрлерді құндылық деп есептейсің?
Негізгі терминдер мен сөз тіркестері
Сауын алу Ердің күйі Ас беру Салт-дәстүр
Құндылықтарды дарыту
Үлкенді құрметтеуге, отбасылық дәстүрлерді ұғынуға тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс
Өзін-өзі тану, тарих.
АКТ қолдану
Кескіндер, суреттер, интерактивті тақта.
Кіріспе
Психологиялық ахуал
Күннен, жерден нәр алған
Біз — өмірдің гүліміз.
Бүгінгі күннің сәтінде
Сәтті болсын күніміз.
Сабақ басында амандасу арқылы және өлең жолдарымен оқушыларды сабаққа бейімдеу.
Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
- Түстерді таңдау арқылы топқа бөлу: Алғырлар, Дарындар, Ойшылдар, Білгірлер.
- «Ыстық орындық» әдісі арқылы үй жұмысын тексеру.
- Интерактивті тақтадан «Қазақтың салт-дәстүрлері» бейнеролигін көру арқылы сабақ тақырыбын анықтау.
Талқылау сұрақтары
- Бейнероликте не туралы айтылды?
- Қазақ халқының тағы қандай салт-дәстүрлерін білеміз?
Жаңа сабақ: тыңдалым және талдау
1-тапсырма: мәтінді тыңдау
Мұғалім оқыған мәтінді тыңдап, екпін түскен сөздерге назар аударыңыз.
Мәтін
Сауын алу
«Ердің күйін сұрама, жұрттан сауын сауған соң» (ел аузынан).
Бұрын кедейлер мен малы аз адамдар ауқатты байлардан немесе жақын ағайындарынан сүтін пайдалану үшін «сауынға» деп құлынды бие не бұзаулы сиырды, кейде бірнеше қой-ешкіні белгілі бір уақытқа сұрап алатын. Сауынға алған малдың сүтін, майын, қаймағын пайдаланып, қысқа құрт-ірімшік дайындайды.
Сауын тәртібі бойынша алған адам малдың күйін түсірмей, төлін де мезгілінде аман әкеліп тапсыруға міндетті. Шығын болса, сөз айтпай өтейді. Сауын алудың ереже-тәртібі осындай, оған ешкім дау айта алмайды.
Ертеректе кедейлер байлардан сауын алып күн көрген. Әдет бойынша малы бар адамдар сауын беруге міндетті болған. Бұған ел ағалары мен ақсақалдары да араласып, ауқатты кісілерді осындай жәрдемге шақырып, ықпал етіп отырған. Бұл — қазаққа тән қайырымдылық қасиеттің бір көрінісі.
Дереккөз: «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан.
2-тапсырма: сұрақтарға жауап беру
Мәтін мазмұны бойынша төмендегі сұрақтарға ауызша жауап беріңіз.
Сұрақ 1
Мәтіндегі негізгі ақпаратты беріп тұрған сөздер қайсы?
Сұрақ 2
Мәтіннен қандай ұлттық құндылықты байқаймыз?
Сұрақ 3
Қазақ дәстүрінде қайырымдылық қалай жүзеге асқан?
Оқушылардың ауызша жауаптары ішкі уәжді арттырып, мәтіндегі құндылықтарды нақтылай түседі.
Дерек және авторлық мәлімет
- Аймақ
- Қызылорда облысы, Шиелі ауданы
- Мектеп
- №158 орта мектеп
- Мұғалім
- Кетепова Жаухар
Материал тақырыбы: «Қазақ халқының салт-дәстүрлері».