Сыртқы ортаның ерекше әсер ететін кезеңі жасөспірім кезеңі

Мақсаты

Ата-аналарды жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктерімен таныстыру, ата-ана мен жасөспірімнің қарым-қатынасын түсінікті етіп айқындау және ой тастау.

Ой тастау

Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп баптау жетілдіреді.

Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.

Баланы туады екенсің, бірақ мінезін тумайды екенсің. (Халық мақалы)

Отбасы — тәрбиенің басты мектебі

Отбасы — адамның ең маңызды әрі ең жауапты ортасы. Ол — бақыттың бастауы, толыққанды тыныс-тіршіліктің негізі.

Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі — тәрбиелеу міндеті. Бұл міндетті қоғамдық тәрбиенің ең тиімді жүйесінің өзі толық алмастыра алмайды.

Ата-ананың және отбасының өзге мүшелерінің өмірлік тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндетін адал атқаруы, бір-біріне құрметі мен сыйластығы — бәрі де үлкен тәрбие мектебі.

Баланың үздіксіз дамуы мен шығармашылық қабілетін іске асыруы ең алдымен отбасынан басталады.

Жасөспірімдік кезең: өзгеріс пен сезімталдық уақыты

Сыртқы ортаның әсері ерекше күшейетін кезең — жасөспірімдік шақ. Көптеген балалар осы уақытта айқын өзгеріске ұшырайды: жуас, мейірімді, тілалғыш бала бір мезетте дөрекілеу, қырсық, бірбеткей бола бастауы мүмкін.

Мұндай мінез ата-ананы да, ұстаздарды да алаңдатып, көңілін түсіреді. Әсіресе 13 жастан кейінгі өтпелі шақта түрлі мәселелер жиі байқалады: үлгерімнің төмендеуі, тәртіптің нашарлауы, эмоцияның тұрақсыздығы.

Мұндай сәтте ең қажеті — шыдам, ақыл және төзім. Бала мінезіндегі өзгерісті ұрыс-керіспен емес, сабырмен жөнге салуға болады.

Қиын кезеңнің алдын алуға көмектесетін кеңестер

1) Еркіндік беріңіз

Балаға белгілі бір деңгейде еркіндік беріңіз. Дегенмен байсалдылықпен бағыт көрсетіп, ой қосып отырған дұрыс.

2) Ешқашан ақылгөйсімеңіз

Көптеген жасөспірімдер өздерін мезі ететін ақыл-кеңестен қашқақтайды. Есіңізде болсын: балаңыздың өзіндік көзқарасы, құқығы және еркі бар. Сіз бұйрық беруші емес, бағыт көрсетуші рөлін ұстаныңыз.

3) Ымыраға келе біліңіз

Реніш пен түсінбеушіліктен ешкім ұтпайды. Қарым-қатынас тәсілін өзгертіп көріңіз. Баланың мінезін ақша арқылы «түзетемін» деп қалтасын толтыру — мәселені шешпейді.

4) «Кім ақылдырақ — сол кейіндейді»

Ренішке сабыр қосылса, ұрыс тез басылады. Келіспеушілік туғанда тараптардың біреуі байып танытып, тоқтай білуі керек. Кейбір қызуқанды жасөспірімдер қатты күйзелісте өзіне зиян келтіруі мүмкін — сондықтан жағдайды ушықтырмау маңызды.

5) Ренжімеңіз, шыдамды болыңыз

Ұрысты уақытша тоқтата тұрыңыз, бала жанын ауыртатындай жағдай туғызбаңыз. Кешегі болмашы нәрсені қайта қозғап, таңертең ұрыс шығармаңыз: бұл баланың сабақтағы психологиясына кері әсер етеді.

Айтуға болмайтын сөздерге мысал:

  • «Сені дүниеге бекер әкелдім»
  • «Сенің мұндай болатыныңды білсем, балалар үйіне жіберетін едім»
  • «Әкеңе айтып, жаныңды шығартамын»
  • «Ертең кешке барғанда ақша бермеймін»

Бала қиындықтан шығуды үлкендерден үйренеді. Сондықтан сабыр — ең ықпалды тәрбие құралы.

6) Айтқан сөзіңізде тұрыңыз

Балалар — нәзік психологтар. Олар ересектердің әлсіз тұсын тез байқайды. Бала алдында ата-ана беделі сақталуы керек. Егер үлкендер өз шыдамсыздығын көрсетсе, жасөспірімнен жақсы нәтиже күту қиын.

Балаңызды жақын тартып, жақсы көре білсеңіз, оның ішінде «менде бәрі жақсы, мен жақсымын» деген сенім қалыптасады. Ал әр ісін жаманға жорып, үнемі кінәлай берсеңіз, «менде бәрі жаман» деген ой күшейіп, өзіне деген сенімсіздік пайда болуы мүмкін.

Ынтымақты қарым-қатынасты сақтағыңыз келсе, баланы әр жағдайда қолдай білу маңызды.

Қорытынды: 13–17 жас — тұлға қалыптасатын шақ

Жасөспірімдік кезең — адам дамуындағы ең қиын кезеңдердің бірі. Қысқа уақыттың ішінде (13–17 жас) тұлға болып қалыптасуға әсер ететін көптеген маңызды қасиеттер айқындалады. Дәл осы шақта мінез-құлықтың негізі қалыптасып, бала ересек болуға ұмтылады.

Бұл ұмтылыс мектеп өмірінде жиі байқалады: бұрын момын көрінген оқушының өзі дөрекі жауап қайтаруы, «қалай киінетінімді өзім білемін» деуі мүмкін. Сонымен қатар жеткіншектер туыстарының, мұғалімдерінің және басқа да тәрбие берушілердің бақылауынан тыс шығуға талпынады.

Қателігін түсіне білетін, дұрыс жүріп-тұра алатын, үлкенді сыйлап, кішіні сүйетін, білім жинап дүниені танитын балаларыңыз үлкен азамат болып өссін!

Макаренконың ойы

Баламен шындап сөйлесу үшін орны мен уақытын таңдай біліңіз. Кіреберісте, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде қажетті із қалдырмайды.