Әдептілік - адамгершілік бастауы дегенді қалай түсінесің

Сабақ тақырыбы: Әдептілік — адамгершілік бастауы

Сынып

9-сынып

Пәнаралық байланыс

Музыка, тарих, бейнелеу өнері, психология

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, әдеп пен әдеп сақтау туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақтың міндеттері

  • Әдеп пен әдеп сақтау туралы білімді тереңдету.
  • Этикалық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал ету.
  • Ізетті, ілтипатты, сыпайы болуға тәрбиелеу.

Шаттық шеңбері: «Әдеп» (Ғ. Қараш)

Жігіттер, жаның жаста әдеп үйрен,
Қаш жырақ, әдебі жоқ істен ширек.
Сүйкімді әдеп тұтпай бола алмассың,
Әдепсіз — жоқ мінезі, тәңірі сүйген.

Ойланайық, пікірлесейік

  1. «Әдептілік — адамгершілік бастауы» дегенді қалай түсінесің?
  2. Өз іс-әрекетіңнен ұялған кезің болды ма? Неліктен?
  3. Әдепті адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

«Әдептілік әліппесі» (Н. Шакузадаұлы)

Адам баласының бәрі бұл өмірде бақытты болуды қалайды. Сол бақытқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ көпшілік бақытқа апарар ең оңай жолды ұмытып жатады. Ол жол — әдептілік жолы.

Әдептілік — адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Оның интеллектісі, парасаты мен сезімі сыртқы келбетінен, көзқарасынан, бет-әлпетінен, сондай-ақ тұлға-бітімі мен мінез-құлқынан көрініс табады. Әдеп арқылы адамның адамдар арасындағы қадір-қасиеті артып, елге сыйлы болады.

Әдепті адам істейтін ісіне, сөйлейтін сөзіне, қабылдайтын шешіміне ерекше мән береді. Адам — өз өміріне өзі қожа, өйткені ол тұрмыс-тіршілігін реттеуге қабілетті. Бұл қабілет дұрыс қолданылғанда ғана мақсатқа жеткізеді, ал ол да әдептілікке тікелей байланысты.

Егер адамды әдептілік басқармаса, әдепке жат қасиеттер басымдық алып кетуі мүмкін. Сондықтан әдеп нормаларын аттамай, іс-әрекетті қағидалармен бағамдап, мінез-құлықты ережеге сай ұстап, өз-өзіңді бақылау — армандарға бастайтын маңызды шарт.

Ой толғаныс

Сұрақ 1

Өз ортаңмен үйлесімді болудың мәні неде?

Сұрақ 2

Әдепті әдетке қалай айналдыруға болады?

Дәйексөз

Инабат — ердің азығы,
Бақыт пенен дәулеттің
Ұстайтын қазығы.
(Қ. Әбубәкір)

Жағдаяттарды талдау

Жағдаят 1: Арманның ерекшелігі

Арман бір топ баламен сабақтан қайтып келе жатқан еді. Аулада отырған үлкен кісілер: «Осы бала жақсы бала, түбінде жақсы азамат болады» — деп бір-біріне мақтай бастады.

Сұрақ: Арманның айналасына ерекше көрінуінің сыры неде?

Жағдаят 2: Қонақ күту мәдениеті

Қонақтар шақырылған күні бәрі жиналды. Қонақтардың барлығы бірін-бірі жатырқамай, тез тіл табысып кетті. Әңгіме күнделікті қажетті заттардың қымбаттауы туралы болған кезде, үйдің ұлы Самат та үлкендердің сөзіне араласып:

«Иә, тіпті базардағы тамақ та қымбаттап кетіпті. Оны анам екеуміз базарға барғанда ғана білдік. Тіпті, өрік-мейізді алмай-ақ қойсақ болмай ма? — десем, анам: “Қонақтардан ұят болады, олар бізді жағдайы жоқ екен деп ойлап кетпей ме?” — деді...»

Осы сөзден кейін қонақтар бір-біріне қарап қалды.

Талқылау үшін: Саматтың әрекеті әдепке сай ма? Қонақ күту кезінде қандай сөздерді айтудан сақ болған жөн?