Ауызша есептеу презентациясы
Сабақ тақырыбы
Қосудың ауыстырымдылық қасиеті (1-сынып).
Оқу мақсаттары
- Қосудың ауыстырымдылық қасиетін қолдану.
- 0 және 1 сандарының қасиеттерін қолдану.
- Бір таңбалы сандарды ондықтан аттамай қосу кестесін білу, құрастыру және қолдану.
Ресурстар
- Әр оқушыға арналған фишка салынған «сиқырлы дорба».
- Сандық сәуле салынған парақша.
- Сандық өрнектер жазуға арналған жолақ.
- Сандар мен тірек сөздер жазылған парақшалар.
- «Ауызша есептеу» презентациясы.
Тірек сөздер
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың мысалдарды тиімді тәсілмен есептеуге болатыны туралы түсінігін қалыптастыру, қосудың ауыстырымдылық қасиетімен таныстыру және оны тиімді есептеуде қолдануға дағдыландыру.
Негізгі тұжырым
Қосудың ауыстырымдылық қасиеті: қосылғыштардың орнын ауыстырса, қосынды өзгермейді.
Мысал
1 + 9 = 9 + 1
Мысал
3 + 7 = 7 + 3
Сабаққа байланысты деректі материал
Қосудың ауыстырымдылық қасиеті оқушыларға тиімді тәсілмен есептеуді меңгертуге көмектеседі. Алдыңғы сабақтарда осы заңдылықты түсіндіруге бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілген.
«Бізді қоршаған әлем» тақырыбына сәйкес, қосудың ауыстырымдылық қасиетін түсіну үшін сабақ барысында заттарды қолданып, тәжірибелік жұмыс ұйымдастырған дұрыс.
Сабақтың барысы
1) Ауызша есептеу
- Сабақты ауызша есептеуден бастаңыз.
- Интерактивті тақтада «Ауызша есептеу» презентациясын қолданыңыз.
- Қосу-азайту, сандық сәуле және қосу кестесін қолданудағы жетістіктері үшін оқушыларды мадақтаңыз.
2) Кіріспе тапсырма (жұппен жұмыс)
- Әр оқушы «сиқырлы дорбадан» бірнеше фишканы алып, санайды және мысал құрастырады.
- Бірнеше жұптың жауабын тыңдаңыз.
- Жұптағы оқушылар фишкаларымен ауысып, дәл осы тапсырманы қайта орындайды.
3) Талқылау және қорытынды
- Оқушылардан не байқағанын сұраңыз, жауаптарын тыңдаңыз.
- Қандай қорытынды жасауға болатынын анықтаңыз.
- Қиындық туындаса, тұжырымды өзіңіз айтыңыз: «Қосуда санның орнын ауыстырса, қосындының мәні өзгермейді».
Тиімді есептеу туралы сұрақтар
Талқылау сұрағы
Қай кезде есептеу тиімді болды: үлкен санға кішіні қосқанда ма, әлде кіші санға үлкенді қосқанда ма?
Нақтылау
Қосу амалын орындауда сандардың орнын тиімді ауыстыруға бірнеше мысал келтіріңіз және оқушылардан ұқсас мысалдар құрастыруды сұраңыз.
Оқушыларға қосудың ауыстырымдылық қасиетін дұрыс қолдану тез әрі жеңіл есептеуге көмектесетінін түсіндіріңіз. Осылайша, ауыстырымдылық қасиетін қолданудың тиімді екеніне көз жеткізіңіз.
Автор туралы
Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Қамысты ауданы әкімдігі білім беру бөлімінің Краснооктябрь орта мектебі ММ.
Бастауыш сынып мұғалімі: Абеуова Гульжанат Казымбековна.
Материал: «Қосудың ауыстырымдылық қасиеті»