Анаға деген бала махаббатын ояту
Тәрбие сағаты
Ана – өмірдің гүлі
Бұл тәрбие сағаты 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кештің мазмұнын қамтиды. Негізгі ой – ананың мейірімі мен еңбегін ұлықтау, бала жүрегіндегі анаға деген сүйіспеншілікті ояту және соның арқылы елге, жерге деген құрметті күшейту.
Мақсаты
- Ананың қадір-қасиетін ұғындыру, ананың ұлылығы мен мейірімін дәріптеу.
- Баланың анаға деген махаббатын оятып, Отанға, елге, жерге сүйіспеншілігін арттыру.
- Аналардың еңбегін бағалап, құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Көріністер, әндер, билер, суреттер.
- Ойынға арналған көрнекіліктер, буклеттер.
- Плакатқа жазылған нақыл сөздер.
Барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылар сахна төріне шақырылып, мерекелік кештің ашылуына дайындалады.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші
Құрметті асыл аналар, әжелер мен қыздар! Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық өңірінде аталып өтетін 8 наурыз – аналар, әжелер және қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
2-жүргізуші
Сіздерге әлемнің нұрын, өмірдің гүлін, көктемнің шуағын тілейміз. Бұл жарық дүниенің мәні де, сәні де – сіздерсіздер!
1-жүргізуші
Ананың тілегі, ананың жүрегі, ананың махаббаты, ананың ыстық құшағынан қасиетті ештеңе жоқ. Ең ыстық күннің нұры да ананың шапағат-мейіріміне жете алмайды.
2-жүргізуші
«Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың», – дейді халық даналығы.
1-жүргізуші
Иә, дұрыс айтасың. Әрқайсымыз үшін өмірдегі ең жақын, ең әзиз жан – ол анамыз.
2-жүргізуші
Бүгінгі 8 наурыз – аналар мерекесіне арналған «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! Барлық өнеріміз – аналар, сіздер үшін.
Оқушылардың анаға арналған өлеңдері
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мерекеңмен,
Құрметті, жан аналар!
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген – бәйтерегі өмірдің,
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.
Ана деген асыл жандар болаттай,
Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.
Уа, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.
Ана десем, шешек ашар жанарым,
Өмірімнің бастау алар арнарым.
Ана деген – тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанарым.
Ана деген – ақылшың,
Анаң барда – батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.
Ақыл құйған санама,
Күннен артық, расында.
Күн алыста, ал анам,
Үнемі менің қасымда.
Шалқып, тасып әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
Әндер
2-жүргізуші: «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, меніңше сүй», – деп Абай атамыз айтқандай, оқушымыздың орындауындағы «Аяулы анашым» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші: «Дүние ойдан шығалы, өзімді-өзім ұмытып. Көңілім әнді ұғады, жүрегім бойды жылытып», – дей отырып, келесі кезекті әнге береміз.
1-жүргізуші:
Жан анам, құттықтаймын мереке күніңмен,
Көктемнің құлпыра бер нәр гүлімен.
Өрлесін елдің берген бақыт бағы,
Жазбасын шат көңілің ақ күнімен.
Ойындар
Ойын: «Ананың алақанын сипап сезу»
Үш баланың көзін байлаймыз. Аналар орындарын ауыстырғаннан кейін, балалар көздері байлаулы күйде барлық аналардың алақанының арасынан өз анасының алақанын сипап сезу арқылы табуы керек.
Ойын: «Жылы сөздер»
Аналар өз балаларына берілген әріптерден басталатын жылы сөздер айтады. Мақсат – мейірімге толы сөздер арқылы көңіл көтеру, өзара ықыласты арттыру.
Билер мен көріністер
2-жүргізуші: Мерекеге арналады бүгін билер, көтерілсін көңіл күйлер. Алдарыңызда би нөмірі – «Қазақ биі».
2-жүргізуші: Ана – біздің елде ардақты адам, кішісі де, үлкені де ардақтаған. Өзінің аяулысы да, Отаны да – «Ана» деп халқымыз бекер айтпаған. Ендігі кезек – көрініске беріледі.
Қорытынды құттықтау
2-жүргізуші: Ардақты аналар, әжелер мен апалар! Сіздерге осы мерейлі мереке тек игі жақсылықтар әкелсін.
1-жүргізуші: Дендеріңізге саулық, бала-шағаларыңызға амандық тілейміз. Жүздеріңізден күлкі, қуаныш пен шаттық нұры кетпесін. Еңбектеріңіз табысты болып, шаңырақтарыңызға құт-береке дарысын! Аспанымыз ашық, мемлекетіміздің іргесі берік болсын!
Алдабергенова Тұрсынбүбі
Ескерту
Мәтіндегі сахналық нөмірлер (ән, би, көрініс) мектептің мүмкіндігіне қарай бейімделеді: орындаушылар құрамы, музыкалық сүйемелдеу және көрнекіліктерді өзгертуге болады.
Қыздарды құттықтау жолы
8-оқушы
Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп, ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Ізгі тілек жолдаймыз.