Шолпан ғаламшары

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән / Сынып

Математика, 4-сынып

Сабақтың түрі

Саяхат-сабақ (жаңа оқу материалын меңгерту)

Тақырыбы

Екі таңбалы санға көбейту және бөлу: 64 × 48 және 3072 ÷ 64

Білімділік мақсаты

64 × 48 және 3072 ÷ 64 түріндегі есептерді шығару, сәйкес жағдайда қалдықпен бөлуді үйрету.

Дамытушылық мақсаты

Тапсырмалар орындау арқылы жылдам есептеу дағдыларын қалыптастыру, есте сақтау мен логикалық ойлауды дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Ізденуге, көп оқуға, білімге құштарлыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер және байланыс

  • Көрнекілік: слайдтар, деңгейлік тапсырмалар.
  • Пәнаралық байланыс: дүниетану (Күн жүйесі, ғаламшарлар).

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Математика — толған тамаша заңдылық, сән.

Математика — толған тәртіп, мағына, мән.

Математика — толып жатқан терең сыр,

Шетсіз, шексіз дариядай бейне бір.

Жедел сұрақтар

  • Математикадан біз нені үйренеміз?
  • Математикада неше амал бар?
  • Амалдардың атаулары: қосу, азайту, көбейту, бөлу.

Топқа бөлу

Оқушылар амал атаулары бойынша 4 топқа бөлінеді: Көбейту, Бөлу, Қосу, Азайту. Әр топтан топбасшы сайланады.

Сюжет: Ғарышқа саяхат

Біздің ғаламшар қалай аталады? Күн жүйесінде неше ғаламшар бар екенін білесіңдер ме?

Ең алғаш ғарышқа ұшқан қазақ ғарышкері кім? Ғарышкер болу үшін математиканы білу керек пе?

Бүгін біз де «зымыранмен» ғарышқа ұшып, ғарышта математиканың қандай пайдасы бар екенін анықтаймыз. Ол үшін тапсырмаларды мұқият әрі дұрыс орындау қажет.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасы

№5 тапсырма, 13-бет

Қайталау сұрақтары

  • Ауданды қалай табамыз? Ұзындығын еніне көбейтеміз.
  • Периметрді қалай табамыз? Ұзындығы мен енін қосып, 2-ге көбейтеміз.
  • Екі таңбалы санға көбейту тәсілін еске түсіреміз.

1-ғаламшар: Меркурий

Меркурий (Болпан) — Күнге ең жақын әрі Күн жүйесіндегі ең кіші ғаламшар. Ол Күнді шамамен 88 тәулікте айналып шығады. Меркурийдің бір тәулігі Жердің 176 тәулігіне тең. Бақылау қиындау: күндіз температура +300°C-қа дейін көтерілсе, түнде −200°C-қа дейін төмендейді.

III. Жаңа тақырып

Оқулықпен жұмыс: №1 тапсырма

а) Көбейтуді түсіндіре отырып орында: 64 × 48

  1. Көбейткіштерді баған түрінде жазамын.
  2. Бірліктерге көбейтемін: 64 × 8 → бірінші толымсыз көбейтінді 512.
  3. Ондықтарға көбейтемін: 64 × 4 → екінші толымсыз көбейтіндіні ондықтың астынан жазамын (яғни, 256 ондық).
  4. Толымсыз көбейтінділерді қосамын.
  5. Қорытынды: 64 пен 48-дің көбейтіндісі 3072-ге тең.

Нәтиже: 64 × 48 = 3072

ә) Бөлуді түсіндір: 3072 ÷ 64

  1. Бөлінгіш пен бөлгішті бұрыштап жазамын.
  2. Бірінші толымсыз бөлінгіш: 307. Бөлінді екі таңбалы сан болады. 307-ні 64-ке жуықтап бөлемін: алдымен 60-қа бөлу арқылы байқау цифрын табамын. 5 сәйкес келмейді (64 × 5 = 320 > 307), 4 сәйкес келеді (қалдық 51, ол 64-тен кіші).
  3. Екінші толымсыз бөлінгіш: 512. Байқау цифры 8: 64 × 8 = 512 — дәл келеді.
  4. Қорытынды: 3072-ні 64-ке бөлсек, 48 шығады.

Нәтиже: 3072 ÷ 64 = 48

2-ғаламшар: Шолпан

Шолпан — Күнге жақын екінші ғаламшар және Күн жүйесіндегі ең ыстық планета. Температурасы 470°C-қа дейін жетеді. Шолпан баяу қозғалады және өз осінен Жерге қарама-қарсы бағытта айналады. Бір тәулігі шамамен Жердегі 118 тәулікке тең, Күннен орташа арақашықтығы 108 млн км. Аспандағы ең жарық шырақтардың бірі (Күн мен Айдан кейін).

№2 тапсырма: Бөлуді орында және тексер

Есепте

  • 5561 ÷ 67 = 83
  • 2496 ÷ 48 = 52

Тексеру

Бөлуді көбейту амалымен тексереміз:

  • 83 × 67 = 5561
  • 52 × 48 = 2496

3-ғаламшар: Жер

Жер — Күннен санағанда үшінші ғаламшар, адамзаттың тіршілік бесігі. Жердің шеңбері шамамен 40 075 км. Ол Күнді орташа 149,6 млн км қашықтықта 365,24 тәулікте бір рет айналып шығады. Табиғи серігі — Ай.

№3 тапсырма: Қалдықпен бөлуді орында

5627 ÷ 64

6489 ÷ 48

5512 ÷ 83

2471 ÷ 52

4-ғаламшар: Марс

Марс (Қызыл жұлдыз) — Күннен санағанда төртінші ғаламшар, Жер тобына жатады. Орташа диаметрі шамамен 6800 км. Марста температура −125°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Зерттеуге салыстырмалы түрде қолайлы, өйткені оның беті ғарыш аппараттарын жаншып немесе балқытып жібермейді.

№4 тапсырма: Есеп (нан зауыты)

Шарты

Нан зауыты 430 центнерден 10 вагон арпа ұнын және 500 центнерден 7 вагон бидай ұнын қабылдады.

  • Барлығы қанша ұн қабылданды?
  • Арпа ұны бидай ұнынан қанша артық?

Шешуі

  • Арпа ұны: 430 × 10 = 4300 ц
  • Бидай ұны: 500 × 7 = 3500 ц
  • Барлығы: 4300 + 3500 = 7800 ц
  • Артық: 4300 − 3500 = 800 ц

Жауабы: барлығы 7800 ц, арпа ұны 800 ц артық.

Тіл дамыту

  • Бидайдан не пісіреді?
  • Нан туралы мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер айту.

5-ғаламшар: Юпитер

Юпитер (Есекқырған) — Күн жүйесіндегі ең үлкен ғаламшар. Күннен шамамен 773 млн км қашықтықта орналасқан. Диаметрі Жерден 11 есе үлкен, массасы шамамен 300 есе артық. Бір жылы Жердегі 11 жылға тең, ал тәулігі өте қысқа — 9 сағат 50 минут. Орташа температурасы −138°C. Ол негізінен газдан тұратындықтан, оған ғарыш аппаратының қонуы қиын. Юпитерде жел өте күшті соғады.

Сергіту сәті

Қостық біз, көбейттік біз,

Қатты шаршап кеттік біз.

Кәне, тұра қалайық,

Қимылдасын қол-аяқ.

Кірпікті де қағайық,

Терең демді алайық,

Орнымызға отырайық.

№6 тапсырма: Теңдеулерді шеш

Теңдеулер

  • x + 3019 = 5240
  • x − 1025 = 2220
  • x × 84 = 2940
  • x ÷ 27 = 5870

Шешуі

  • x = 5240 − 3019 = 2221
  • x = 2220 + 1025 = 3245
  • x = 2940 ÷ 84 = 35
  • x = 5870 × 27 = 158490

6-ғаламшар: Сатурн

Сатурн — Күннен санағанда алтыншы, көлемі мен массасы жағынан Күн жүйесіндегі екінші ғаламшар. Күннен 1429 млн км қашықтықта орналасқан. Күнді 29,46 жылда айналады. Шамамен 60 серігі бар. Ең ерекше белгісі — телескоппен де байқалатын күрделі сақина жүйесі.

№7 тапсырма: Өрнектер

а)

9000-ды 18 есе кемітіп, шыққан нәтижені 9 есе арттыр.

9000 ÷ 18 × 9 = 4500

ә)

86 мен 82-нің көбейтіндісін 1025-ке кеміт.

86 × 82 − 1025 = 6027

б)

3025 және 986 сандарының қосындысын 7 есе кеміт.

(3025 + 986) ÷ 7 = 573

в)

1800 бен 30 сандарының көбейтіндісін 27 есе кеміт.

(1800 × 30) ÷ 27 = 2000

7-ғаламшар: Уран

Уран — Күн жүйесінің жетінші ғаламшары. Оны 1781 жылы 13 наурызда Уильям Гершель ашқан. Күнді бір рет айналу уақыты — 84 жыл. Газды қабат пен қатты ядродан тұрады, беткі қабатын көгілдір тұман тәрізді қабат жауып жатады.

№8 тапсырма: Периметр арқылы белгісіз қабырғаны тап

Шарты

Үшбұрыштың қабырғалары: x см, 5 см және 3 см. Периметрі 12 см.

Теңдеу және шешімі

x + 5 + 3 = 12

x + 8 = 12

x = 12 − 8

x = 4

8-ғаламшар: Нептун

Нептун — Күн жүйесінің сегізінші және Күннен ең алыс орналасқан ғаламшары. Газ тәрізді алыптардың қатарына жатады. Жерден үлкен болғанымен, тығыздығы аса жоғары емес.

№9 тапсырма: «Кім тез?» ойыны

500 × 2 ÷ 1000 × 20 − 20 + 5007

32 × 40 ÷ 10 ÷ 32 ÷ 4

2492 − 2492

9-ғаламшар: Плутон (қосымша дерек)

Плутон туралы көп адам біле бермейді. Ол ең кішілерінің бірі және өте суық дене ретінде сипатталады: температурасы шамамен −235°C.

Күн жүйесі туралы қорытынды мәлімет

Күн — Күн жүйесінің орталық денесі. Оның массасы Күн жүйесіндегі барлық денелердің жиынтық массасынан шамамен 750 есе артық. Сондықтан Күн жүйесінің массалар центрі Күн қойнауында орналасқан.

Ғаламшарлар Күнді бір бағытта, дөңгелекке жуық орбита бойымен айналады. Күн — қызған газды шар, ол үздіксіз энергия бөледі және соның арқасында жоғары температурасын сақтайды. Ал Күн жүйесінің қалған денелері салыстырмалы түрде салқын; олардың беткі температурасы Күн сәулесінің қыздыруына байланысты.

Қайта ойланайық: ғарышкер болу үшін математиканы білу қажет пе?

IV. Қорытынды

Рефлексия сұрақтары

  • Сабақта нені үйрендік?
  • Қандай жаңа білім алдық?
  • Екі таңбалы санға көбейту мен бөлудің негізгі қадамдары қандай?

Маңызды түйін

Математика — дәлдік пен тәртіп ғылымы. Есептеу дағдысы тек сабақта ғана емес, ғылымда, техникада және ғарыш саласында да қажет.

V. Үй тапсырмасы

Математика

№5 тапсырма, 14-бет

Зерттеу

Ғаламшарлар туралы қосымша мәлімет іздестіру.

VI. Бағалау

Мұғалім: Бабашева Г. О.