Қандай әдемі, неткен сұлу шырша
Мақсаты
- Балаларға мерекелік көңіл күй қалыптастыру.
- Шыршаның әдемі әрі сәнді безендірілгеніне, балалардың Аязата, Ақшақар және Қоян бейнесіндегі карнавалдық киімдеріне назар аударту.
- Көңілді ойындар арқылы достық қарым-қатынасты нығайтып, бірлескен әрекетке баулу.
Қатысушылар
Музыка ойнап тұрады.
Сахналық көрініс
Кіріспе
Жүргізуші
Армысыздар, аяулы ұстаздар, ата-аналар! Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін бәрің де сәнді киініп, ерекше әдемі болып келіпсіңдер. Мына жерде орман аңдары мен сүйікті ертегілеріміздің кейіпкерлері де жиналыпты.
Балалар, бүгін қандай мереке?
Балалар
Жаңа жыл!
Жүргізуші
Жаңажылдық ертеңгілігімізді ашу үшін құттықтау сөз мектеп директоры Қыдыралиева Лайсира Батырқызына беріледі.
Шырша туралы әңгіме және тақпақтар
Жүргізуші
Балалар, ортамыздағы ең әсем не?
Балалар
Шырша!
Жүргізуші
Шыршамыз қандай әдемі! Ойыншықтары неткен көп! Ендеше, шыршаға арналған тақпақтарын кім айтып береді?
Аделья
Жасыл шырша орманнан,
Бізге арнайы келіпті.
Ойыншығын балалар,
Шыршаға әсем іліпті.
Жансая
Әсем шырша сәнденген,
Өз аңдарын күтеді.
Жаңа жылмен бірге біз,
Орманнан кеп жетеді.
Арай
Тамаша, тамаша,
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.
Сыйлық қорабы және Клоунның келуі
Жүргізуші
Жарайсыңдар, қандай жақсы тақпақтар!
Қараңдаршы, балалар, шыршаның астында бірдеңе тұр! Сыйлықтар!
Сыйлық алу қандай тамаша! Келіңдер, қорапты ашып көрейік.
Көңілді музыка ойнайды. Қорап ашылған сәтте ішінен Клоун секіріп шығады.
Клоун
Амансыңдар ма, балалар! Иә, бұл менмін. Мені ораудан босатқандарың қандай жақсы болды! Ол жерде тар әрі қап-қараңғы еді. Ал мұнда сондай тамаша!
Мен де сендермен бірге Жаңа жылды қарсы алайын: ойын ойнап, ән салып, көңіл көтерейік!
Кім жетіспейді? (Аязата мен Ақшақарды шақыру)
Жүргізуші
Балалар, шыршамыз бар, бәріміз де сәнді киіндік, ата-аналарымыз да осында. Ендеше, мерекемізге кім жетіспей тұр?
Балалар
Аязата мен Ақшақар!
Жүргізуші
Ендеше, бәріміз бірге дауыстап шақырайық!
Балалар
Аязата! Ақшақар! (екі рет)
Осы сәтте есік ашылып, Қоян кіріп келеді.
Қоян
Ойбай, түрлеріңді қараңдар! Неге дауыстарыңды шығарып, айқайлап тұрсыңдар?
Жүргізуші
Ал сен неге амандаспайсың? Әдепті адам алдымен сәлемдесуді біледі ғой.
Қоян
Білсем бұйырмасын!
Жүргізуші
Мұны тіпті мына бүлдіршіндер де біледі. Саған ұят-ақ. Сені ешкім үйретпеді ме?
Қоян
Жоқ.
Жүргізуші
Сен қайдан шыға келдің? Біз Аязатаны шақырған едік қой.
Қоян
Ал мені мерекеге неге шақырмайсыңдар?
Аязата бәрібір келмейді. Өйткені мен ормандағы жол көрсететін белгіні алып тастадым. Енді ол жол таба алмайды! Ха-ха-ха!
Жүргізуші
Неге олай істедің? Аязата мен Ақшақарсыз Жаңа жыл қалай келеді?
Боранның гуілдеген дыбысы естіледі. Қоян тоңып, ата-аналардың арасына тығылып, соңында шыршаның астына кіріп кетеді.
Аязата, Ақшақар және Жаңа жылдың келуі
Жүргізуші
Естіп тұрсыңдар ма? Аязата мен Ақшақар келе жатқан сияқты. Қане, қол соғып қарсы алайық!
Балалар
Аязата! Ақшақар! (екі рет)
Аязата
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Күнтізбеде қалыпты жалғыз ғана бір парақ,
Дайындалдым жыл бойы, жолға шығар келді уақыт!
Шақырымды жүздеген басып өту мен үшін —
Жаңа жылдың түнінде жасыл шырша түбінде.
Кездессем деп сендермен, таратсам екен сыйлықтар.
Одан асқан не сый бар — балаға қуаныш сыйлау!
Сендерді көргеніме сондай бақыттымын!
Жаңа жыл
Кім десеңдер, мен — Жаңа жылмын, Мешінмін. Мен әкелген жаңа жыл сендерге мол табыс, зор денсаулық алып келсін!
Ақшақар
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Орманды көктей өтіп, әзер жеттім ғой сендерге. Қандай әдемі, неткен сұлу шырша!
Мен бір ойын білемін. Үйретейін сендерге: мен бастаймын, ал сендер аяқтайсыңдар. Хормен жауап беріңдер!
Ақшақар
Қарға мүлгіп дала тұр, келе жатыр…
Балалар
Жаңа жыл!
Ақшақар
Қызыл мұрын, ақ мұртты — білсең, атын тез ата. Келеді бізге…
Балалар
Аязата!
Ақшақар
Шырша бүгін кәделі! Сендер әрі…
Балалар
Әдемі!
Ақшақар
Көңілсіз бір бала жоқ, ойын-күлкі таралсын. Құтты болсын…
Балалар
Жаңа жыл! (үш рет)
Шыршаны жарқырату
Аязата
Балалар, мына шыршамыз көңілсіз тұрған сияқты. Кәне, сиқырлы сөздерімізбен шамдарын жарқыратайық!
Балалар
Бір, екі, үш — шырша, жарқырай түс! (үш рет)
Шырша шамдары жарқырайды.
Жүргізуші
Жарайсыңдар, балалар! Қош келдіңіздер, Аязата мен Ақшақар! Алыс жолдан шаршап келдіңіздер ме? Отырып, демалыңыздар. Бүлдіршіндеріміздің Жаңа жылға дайындаған тартуларын тамашалаңыздар.
Ортақ ән мен би
Жүргізуші
Балалар, бүгін біз Жаңа жылды қарсы алуға жиналдық. Келіңдер, шеңбер құрып, қол ұстасып, ән салайық.
Ән
«Шырша жыры»
Би
«Қуыршақ биі»
Балалардың тақпақтары
Бақдәулет
Мұздан моншақ тағынып,
Күміс қырау жамылып.
Ортада тұр Ақшақар,
Көптен күтіп, сағынып.
Анзор
Кел, билейік сенімен,
Деймін тартып жеңінен.
Еріп кетпе, Ақшақар,
Адамдардың демінен.
Арай
Міне, тағы келіп тұр,
Жаңа бір жыл, балалар.
Жадыратып жер үстін,
Төрімізге ол шығар.
Жанерке
Аспан жерге төгеді,
Ақ күмісін уыстап.
Жаңа жыл да келеді,
Бізге қарай жылыстап.
Қорытынды
Құтты болсын, Жаңа жыл!