Оқушыларды болымды және болымсыз етістіктермен таныстыру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Бұл сабақ жоспары оқушыларды болымды және болымсыз етістіктермен таныстыруға бағытталған. Жұмыс барысында оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілеттері дамытылып, өздігінен жұмыс істеу дағдылары, ой қорыту және сауатты жазу мәдениеті нығайтылады.
Сабақтың тақырыбы
Болымды және болымсыз етістік
Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту сабағы
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, топпен жұмыс
Сабақтың мақсаттары
- Оқушыларды болымды және болымсыз етістіктермен таныстыру.
- Танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту; өз бетімен жұмыс істеуге және қорытынды жасауға үйрету.
- Сауатты жазуға дағдыландыру және өзіне деген сенімділігін нығайту.
- Тиянақты ойлауға, сауаттылыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.
I. Ұйымдастыру кезеңі
Балалар, қош келдіңдер! Бір-біріңді көрдіңдер. Сабағымызды бастаймыз — сұраққа жауап беріңдер!
II. Психологиялық дайындық
Шынайылық — адамдарға тілектестікпен қараудан тұрады. Бір-біріміздің қолымыздан ұстап, алақан жылуы арқылы жылы лебіз айтайық.
1. Елімізге тыныштық тілеймін.
2. Күніміз жарық болсын!
3. Деніміз сау болсын!
4. Елбасымыз аман болсын!
5. Нанымыз көп болсын!
6. Аспанымыз ашық болсын!
7. Көк туымыз биік болсын!
8. Аналарымыз аман болсын!
9. Еліміздің тірегі — әкелеріміз аман болсын!
10. Балалар бақытты болсын!
Жақсы, құрметті оқушылар. Осындай көтеріңкі көңіл күймен сабағымызды жалғастырайық.
III. Үй тапсырмасын тексеру
1-топ
Берілген сөздерге -ла/-ле, -да/-де, -та/-те жұрнақтарының тиістісін жалғап, туынды етістік жаса.
2-топ
Түбір сөздердің қай сөз табына жататынын анықта.
3-топ
Өзің таңдаған 2–3 туынды етістікті қатыстырып, сөйлем құрастырып жаз.
IV. Өткенді пысықтау (ой қозғау)
- Заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөз табын етістік дейміз.
- Етістіктің сұрақтары: не істеді? не қылды? қайтті?
- Туынды етістік жұрнақ жалғану арқылы жасалады.
- Түбір сөзден жасалған етістік негізгі етістік деп аталады.
- Етістік тұлғасына қарай: негізгі, туынды болып бөлінеді.
- Етістік құрамына қарай: дара, күрделі болып бөлінеді.
V. Жаңа сабаққа кіріспе
Қытайдың бір нақыл сөзінде: «Маған айт — ұмытып қаламын; маған көрсет — есімде қалады; өзіме істет — сонда түсінемін», — делінген.
Тақырыпты ашу
Ребус шешу арқылы жаңа сабақтың тақырыбын анықтау ұсынылады. Берілетін сөздер үлгісі:
бас, қол, мақта, ыдыс, бор, балық, мата, мысық, қаз, етік, сүт, тіс, күн.
VI. Дәптермен жұмыс (түсіндіру арқылы)
Оқушыларға күннің жадын және тақырыпты жаздыру. Содан кейін мұғалім қысқа нұсқаулық береді: «Енді ештеңе жазбаңдар, бері қараңдар».
Бақылау сұрағы
«Балалар, тақырыпты дәптерлеріңе жазыңдар» дегенде не істедіңдер?
Жауабы: «Жаздық».
Қарсы әрекет
«Жазбаңдар» дегенде не істедіңдер?
Жауабы: «Жазбадық».
Қорытынды
Жазыңдар сөзінде қимылдың бар екені, ал жазбаңдар сөзінде қимылдың жоқ екені байқалады. Екі сөздің құрамындағы айырмашылық — -ба жұрнағы. Бұл жұрнақ іс-қимылдың болымсыз формасын білдіреді.
VII. Кестемен жұмыс: болымды және болымсыз етістік
Болымды етістік
Іс-әрекеттің жүзеге асуын, қимылдың бар екенін білдіреді.
Мысалдар: айт, жаз, кет, сөйле
Болымсыз етістік
Іс-әрекеттің болмауын, жүзеге аспауын білдіреді. Болымды етістікке -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары жалғану арқылы, сондай-ақ емес, жоқ сөздерімен тіркесу арқылы жасалады.
Мысалдар: айтпа, жазба, кетпе, сөйлеме
VIII. Оқулықпен жұмыс: жаттығулар (топтық жұмыс)
1-жаттығу (I-топ)
- Берілген етістіктерге -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарын жалғап жаз.
- Мағынаның қалай өзгергенін түсіндір.
- Бірнеше сөйлем құрастырып жаз.
Үлгі: жазба, санама, келме, тұрма, шақырма, киме, қайтпа, төкпе, қазба, безбе.
Қорытынды: Болымды етістіктер болымсыз етістікке айналып, іс-әрекеттің болмауын білдірді.
Сөйлем үлгілері:
Аслан, дәптеріңе артық ештеңе жазба.
Адамдарды саусағыңды шошайтып санама.
Сергіту сәті
«Кім сауатты? Кім шапшаң? Кім көркем жазады?» — жаңылтпаштар айтқызу.
2-жаттығу (II-топ)
- Сөйлемдерді оқып, ішінен тыйым сөздерді көшіріп жаз.
- Тыйым сөздердің маңызы мен тәрбиелік мәнін түсіндір.
- Етістіктерді сөз құрамына талда.
Тыйым сөздер
- Аққуды атуға болмайды.
- Құмырсқаның илеуін, қарлығаштың ұясын бұзба.
- Малды аяғыңмен теппе.
- Нанды бір қолмен үзіп жеме.
- Сүт тағамдарын жерге төкпе.
Талдау үлгісі: ату-ға бол-ма-й-ды; бұз-ба; теп-пе; үз-іп же-ме; төк-пе.
Сергіту сәті (қимыл-қозғалыс)
Тік тұрам да қос қолмен,
Таянамын бүйірді.
Топылдатып аяқты,
Шапалақтап қолымды.
Басымды мен шұлғимын,
Құс қанатша қолымды
Екі жаққа жаямын.
Бір отырып, бір тұрып,
Орнымды мен табамын.
3-жаттығу (III-топ)
- Өлеңді мәнерлеп оқы.
- Болымды етістіктерді тауып жаз.
- Болымсыз етістіктерді бөлек жазып, қалай жасалғанын түсіндір.
Болымды етістіктер (үлгі)
оқып, жиып ал, тепкілесең
Болымсыз етістіктер (үлгі)
жет-пе-й-ді, кет-пе-й-ді, күй-ме-й-ді, ти-ме-й-ді, сүй-ме-й-ді
Қорытынды: болымсыздық жұрнақтар арқылы жасалған.
Сергіту сәті
«Кім сауатты? Кім шапшаң? Кім көркем жазады?» — мақал-мәтелдер айтқызу.
4-жаттығу (жеке/жұптық жұмыс)
- Берілген болымды етістіктерді болымсыз етістіктерге айналдырып жаз.
- Осы сөздерді қатыстырып мәтін құрастыр. Мәтінге ат қой.
Сөздер: қозғалақта-ма, жалтақта-ма, жүгір-ме, көшір-ме, сығала-ма, мазала-ма, сыбырла-ма.
Мысал мәтін: «Әженің ақылы»
Асқарды әжесі күнде мектепке шығарып салады. Әжесінің Асқарға үйден шығар алдында айтатын ақылы:
«Асқаржан, партада отырғанда қозғалақтама, жан-жағыңа жалтақтама, дәлізде жүгірме, өз біліміңе сен, көршіңнен көшірме, ешкімді мазалама, өзгенің дәптеріне үңіліп сығалама, сабақ үстінде тыныш отыр, сыбырлама», — дейді.
Мысал мәтін: «Ұйымшыл сынып»
Біздің сынып өте ұйымшыл. Дөрекі қылықтарға әуестігіміз жоқ еді. Екінші сыныпта бізге жаңадан Еркін деген оқушы келді. Ол өте ұшқалақ, сабаққа да нашарлау болатын. Мұғалімнің күнде айтатыны:
«Қозғалақтама, жалтақтама, дәлізде жүгірме, көршіңнен көшірме, үзілісте өзге сыныптың есігінен сығалама, сабақ үстінде сыныпты мазалама, сыбырламай тыныш отыр», — дейтін.
Біз сынып болып ақылдасып, Еркінді дұрыс жолға салуды жөн көрдік.
Қорытынды ой
Бұл сабақта оқушылар болымды және болымсыз етістіктің мағыналық айырмасын нақты мысалдар арқылы танып, болымсыздықтың -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары арқылы жасалатынын, сондай-ақ емес, жоқ сөздерімен тіркесу арқылы да берілетінін меңгереді.
Автор туралы мәлімет
Есіл ауданы, С. Серіков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Лақай Риза.