Шығатын нақыл сөз
Мемлекеттік тіл – баға жетпес рухани байлық
Бұл сабақ мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен құндылығын ашуға, тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыруға және Алғашқы Президент күні аясында Елбасы туралы пікір алмасуға бағытталған.
Негізгі бағыт
Тыңдалым · оқылым · жазылым · сөйлесім
Сабақ түрі
Аралас
Құралдар
Слайд · видео · дәптер · парақша
Сабақтың мақсаты
- Тыңдалым, оқылым, жазылым, сөйлесім тапсырмалары арқылы сөздік қорды кеңейту, тілдік дағдыны нығайту.
- Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және Алғашқы Президент күніне орай Елбасы туралы ой бөлісу.
- Тілді үйренуге қызығушылықты арттыру, мемлекеттік тілге деген құрметті күшейту.
Әдіс-тәсілдер және жұмыс түрлері
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Топты жинақтау · қарым-қатынас орнату
- Қатысушыларды тізім бойынша тексеру, ашық сабаққа келген қонақтармен таныстыру және амандасу.
- Психологиялық ахуал қалыптастыру: смайликтер тарату, «Бүгін көңіл-күйлеріңіз қандай?» сұрағына жауап алу.
- Жұмыс дәптерін және сөзжұмбақ берілген парақшаларды тарату.
Сөзжұмбақтың шешімі (5 сөз)
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (Ахмет Байтұрсынов)
Бұл қанатты сөз сабақтың негізгі ойына арқау болады: тіл — ұлттың тұтастығы мен болашағын айқындайтын құндылық.
Тақырыпты негіздеу
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы 25 тақырыптық күннің ішінде Ақмола облысы бойынша 24 қараша — Мемлекеттік тіл күні болып жарияланған. Тілді үйреніп жүрген жандар үшін бұл күннің маңызы ерекше.
II. Тіл туралы ой қозғау
Видео · пікірталас
Негізгі ой
Елбасының «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген сөзі мемлекеттік тілдің ел бірлігін нығайтатын негізгі күш екенін айқындайды.
Талқылау сұрақтары
- 1 Сіздер тәуелсіз елдің азаматы ретінде тіл мәртебесін көтеруге өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер ме?
- 2 Тілдің қазіргі деңгейі қандай деп ойлайсыздар?
- 3 Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілде сөйлеуін күшейту үшін қандай жұмыстар қажет? Бұл үрдіске қанша уақыт кетеді деп ойлайсыздар?
III. Тыңдалым
В2 · 19-бет · 3-диалог
Диалогті мұқият тыңдап, тапсырмаларды орындаңыздар. Жауаптарды талдап, ой қорытынды жасаңыздар.
1) Сұхбат берушінің пікірінше, біздің ел — ...
- а)Технология өндіруші ел
- ә)Дамыған ел
- б)Тұтынушы ел
- в)Технология жасаушы ел
2) Диалогте көтерілген негізгі мәселе
- а)Үш тұғырлы тіл дауы
- ә)Қазақ тілінің кенжелеп қалу себебі
- б)Мемлекеттік тілді білуді міндеттеу
- в)Ана тілі үстемдігін күшейту шаралары
3) Ғалымның үш тұғырлы тіл саясатын қолдау себебі
- а)Әлемдік өркениеттің талабы солай
- ә)Көп тіл білу — білімділіктің айғағы
- б)Мемлекет үш тілді білуді міндеттейді
- в)Қазақ халқы үш тілде сөйлеуге ынталы
4) Диалогтегі қосымша дерек
- а)Қазақша сөйлетудің жолы
- ә)Қазақ тілінің кенже қалу себебі
- б)Қазақ тілін білмейтіндердің кім екендігі
- в)Ғалымның үш тұғырлы тілге көзқарасы
5) «Ақылды қазақша сөйлету керек» тіркесінің мағынасы
- а)Қазақша ойлау керек
- ә)Қазақша ақылды сөйлеу керек
- б)Ақылдылар қазақша сөйлеуі керек
- в)Қазақ екенімізді сөзбен емес, ақылмен мойындату керек
IV. Тіл туралы қанатты сөздер
Н. Ә. Назарбаев
«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде жатыр. Қазақ тілі бірте-бірте мемлекеттік қызметте, экономика мен өмірдің барлық саласында басымдық танытатын болады.»
«Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік!»
«Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.»
Осы ойларға сүйене отырып, тыңдаушылар мемлекеттік тілді үйренудің маңызын талқылайды және өз көзқарастарын ортаға салады.
V. Сергіту сәті
«Орамал тастамақ» ойыны
Бір тыңдаушы сөздің бірінші буынын айтып, орамалды келесі тыңдаушыға лақтырады. Келесі тыңдаушы екінші буынмен сөзді аяқтайды немесе ойынды әрі қарай жалғастырады.
Мысалдар
қа – лам, тақ – та
VI. Оқылым
Мәтінмен жұмыс: Елбасы туралы
Отбасы және балалық шағы
Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында Әбіш пен Әлжанның отбасында дүниеге келген. Сәбиге ат қою да бір оқиғаға айналады: тойға жиналған ағайын-туыс әртүрлі есімдерді ұсынады. Соңында әжесі Мырзабала: «Немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын», — деп ұсыныс айтады. Барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңіреді.
Жасөспірім шағы
Нұрсұлтан тек өз сыныбында ғана емес, бүкіл мектепте ең үздік оқушылардың бірі болды. Сабақты зор ынта-ықыласпен оқып, ағайын-туыстары әкелген кітаптарды үзбей оқуға кіріседі. Әке-шешесі бұл өлкеде өмір сүрген бабалардың тамыры туралы әңгіме айтып, жан дүниені тербейтін әндер шырқайды. Жеті ата туралы айту — әр қазаққа парыз саналатын тәрбие. Осылайша ол халықтың өткені мен болашағын жалғап тұрған өмірдің мәнін терең сезіне бастайды, әсіресе аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері жайлы әңгімелерді ықыласпен тыңдайды.
Тапсырмалар
- Мәтінді талдау: бір тыңдаушы мәтін бойынша сұрақ қояды, қалғандары жауап береді.
- Мәтіннен қос сөздерді табыңыздар.
VII. Жазылым
Сөз тіркестерін орнына қойыңыз
Қазақстан Республикасының Президенті: Қазақстан халқына ........... Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын .........., азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына .........., Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өзіме жүктелген мәртебелі міндетті .......... салтанатты түрде .........., – деп халыққа ант берген сәттен бастап ...........
Қажетті сөз тіркестері
VIII. Сөйлесім
«Суреттер сөйлейді»
Слайдта берілген суреттерге қарап, мазмұнды сөйлемдер құрастырыңыздар. Ойды нақты, анық жеткізуге мән беріңіздер.
IX. Тілек жазу
«Тілек бәйтерегі»
- Жасөспірімдердің Елбасына айтқан тілегі бейнежазбасын көру.
- Мемлекеттік тіл күніне арнап Қазақстан халқына 2 сөйлемнен тұратын тілек жазу.
- Жапырақшаға Елбасына бір сөзбен тілек жазып, тақтадағы ағашқа жапсыру.
X. Қорытынды
Ой түю · үндеу
Қазақстан — бақытты ел: Президенті танымды, халқы қарымды, досы көп мемлекет екенін мақтан тұтамыз. Тіліміздің мәртебесі өсе берсін.
Несіне мен қазақпын, өз тілімді білмесем.
Өз елімде жарқылдап, еркін сөйлеп жүрмесем.
Құт мекенім қасиетті ата-бабам жерінде,
Нағыз қорлық деп білемін, басқа тілде тілдессем.
Әр қазақтың жүрегіндегі намыс оты сөнбесін.
Бурабай ауданы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері: Махметова Жанар Қайртайқызы