Менің атым Күз ханшайымы

Балабақша мерекелік ертеңгілігі

«Алтын күз» (орта топқа арналған сценарий)

Тәрбиеші: Ибрагим Дана Тұрғыновна. Мереке безендірілген залда, вальс әуенімен басталады.

Сахналық көрініс: басталуы

Сахна: Балалар безендірілген залға вальс әуенімен кіреді.

Жүргізуші

Құрметті ата-аналар мен қонақтар! Балабақшамыздағы «Алтын күз» мерекесіне қош келдіңіздер! Алдарыңызда — ________________ тобы!

Балалар әдеппен бас иеді.

1-бала

Алақай-алақай, Шаттанды балақай. Береке — салтымыз, Мереке — Алтын күз.

2-бала

Қанша бала, қанша қыз — Бір шоқ гүлміз баршамыз. Ойын-күлкі ордасы — Біздің балабақшамыз.

3-бала

Көбейді құт-береке, Астық толы қамбамыз. Құтты болсын мереке — Алтын күзді тойлаймыз.

4-бала

Берекесін сыйлауға Өлкемізге күз келді. Жемістерін жинауға Шақырады біздерді…

Ескерту: Топтың жартысы осы жерде өз тақпақтарын жалғастырып айта алады.

Жүргізуші

Тамаша, балалар! Күз туралы көп тақпақ біледі екенбіз. Ендеше, мерекемізге Күз ханшайымын шақырайық!

Балалар жарты шеңберге тұрады.

Ән

«Алтын күз, келіңіз»

Ән соңында балалар бас иіп, орындарына отырады.

Күз ханшайымының келуі

Сахна: Күз ханшайымы вальс әуенімен әдемі, баяу билеп кіріп келеді.

Күз ханшайымы

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Менің атым — Күз ханшайымы. Әсем әндеріңді естіп, арнайы келдім. Мерекелерің құтты болсын!

Бұлттар төніп, Жаңбыр төгіп, Жапырақтар сарғайды. Өңі тайып, сұры қашып, Денең мұздап тоңады. Айтыңдаршы, бөбектерім, Бұл қай кезде болады?

Балалар

Күзде!

Күз ханшайымы

Дұрыс айтасыңдар. Мен сендерге құр қол келген жоқпын: би де, ойын да ала келдім. Күзгі күндер тек жаңбырлы ғана емес — кейде жылы, жайдары, шуақты болады.

Би

«Көңілді күн»

Ойын: «Картоп жинау»

Жүргізуші

Өте тамаша би! Ал енді екі топқа бөлініп, ойын ойнаймыз. Күзде бақшадан қандай көкөністі қазып жинаймыз?

Балалар

Картоп!

Ереже

  1. Қатардағы бірінші бала себетіне «картоптарды» жинап алып келеді.
  2. Себетті (немесе картопты) екінші балаға береді.
  3. Екінші бала жүгіріп барып, картопты белгіленген орынға орналастырып, орнына қайтады.
  4. Ойын осылай кезектесіп жалғасады.
  5. Бірінші болып аяқтаған топ — жеңімпаз.

Көңілді әуен қосылады.

Күз ханшайымы

Бәрің де жүйрік екенсіңдер! Жарайсыңдар, бөбектерім! Ендеше, орындарымызға отырып, сәл тынығайық.

Жапырақтар туралы әңгіме және ән

Күз ханшайымы

Қараңдаршы, жел айналамызға қаншама жапырақ әкелген. Жапырақтарды көлеміне қарай ажырата аласыңдар ма? Қандай жапырақтарды көріп тұрсыңдар?

Балалар

Үлкен, кіші.

Күз ханшайымы

Жапырақтар қанша?

Көп.

Күз ханшайымы

Түсі қандай?

Сары, қызыл, жасыл.

Ән

«Біз — көңілді жапырақпыз»

Балалар шахмат тәртібімен тұрып орындайды.

Музыка: «Жаңбыр симфониясы» және Жаңбырдың келуі

Сахна: Алыстан жаңбырдың дыбысы естіледі. Балаларға музыкалық аспаптар таратылады: үшбұрыш, дауылпаз, ксилофон.

Аспаптар ансамблі

«Жаңбыр симфониясы»

Сахна: Жаңбыр дыбысымен залға айнала «ұшып», Жаңбыр кейіпкері кіреді.

Жаңбыр

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені таныдыңдар ма? Мен — Жаңбырмын! Сендерге жетуге асықтым. Бау-бақшаны, жиектерді суарып, қатты шаршадым.

Қараңдаршы, мол өнім өсірдім. Сендерге сыйлыққа ала келдім! (Себетте көкөністер мен жемістер болады.)

Ойын: «Көкөністер мен жемістерді ажырату»

Жүргізуші

Біз сені көргенімізге қуаныштымыз. Өнімің қандай мол! Қазір балалар саған көмектеседі: жемістер мен көкөністерді ажыратып береміз.

Ереже

  • Себеттен алынған жемістеркөк ыдысқа салынады.
  • Көкөністерсары ыдысқа салынады.

Жүргізуші

Алтын күз, біздің бөбектер сен үшін арнайы би билегісі келеді!

Би

«Саңырауқұлақтар биі»

Жаңбыр

Рахмет, достарым! Қандай ақылдысыңдар — өнімдерімді дұрыс ажыраттыңдар. Жарайсыңдар! Ал енді кім күз туралы тақпақ айтып береді?

Күз туралы тақпақтар

1-бала

Ел егінді жинайды, Қырманға дән сыймайды. Біздің дала — бай дала, Алтын астық айнала.

2-бала

Құстар қайтты ән салып, Бұлт торлады аспанды. Қыс келеді жар салып, Күзгі суық басталды.

3-бала

Алтын, сары, қызыл, көк — Алуан-алуан жапырақ. Күзгі бақта күлімдеп, Көз тартады жапырлап.

4-бала

Берекесін сыйлауға Өлкемізге күз келді. Жемістерін жинауға Шақырады біздерді…

Қолшатырлар биі және қоштасу

Күз ханшайымы

Жаңбыр жауғанда су болып қалмау үшін әдемі қолшатыр ұстаймыз. Кәне, балапандарым, Жаңбыр досымызға «Қолшатырлар биін» билеп берейік!

Би

«Қолшатырлар»

Жаңбыр

Рахмет, балалар! Тақпақтарыңмен көңілімді көтердіңдер. Демалып қалдым!

Күз ханшайымы

Өте тамаша! Жарайсыңдар! Енді біз Жаңбыр екеуіміз орманға барамыз — барлық жапырақты әртүрлі түске бояуымыз керек. Сау болыңдар!

Балалар

Сау болыңыздар!

Жүргізуші

Осымен мерекелік ертеңгілігіміз аяқталды. Қош сау болыңыздар!

Балалар вальс әуенімен жұптасып, қатарға тұрып, топтарына қарай шығады.