Ара гүлге қонды
І. Кіріспе бөлім
Логопедтің әрекеті
- Амандасу, балаларды оқу қызметіне дайындау.
- Мезгіл мен ауа райының ерекшеліктерін сұрау.
- Жұмбақ жасыру: «Гүлге қонады, шырынын сорады. Түр-түсі сары ала — бұл не?»
Жауап: Ара. Логопед «Ара» сөзінің ортасында қандай дыбыс тұрғанын сұрап, балалардан жауап алады және дыбыстық талдау жасатады.
Ғажайып сәт
Топқа Ара кіріп, балалармен амандасады. Өз тілегін айтып, сиқырлы кітап — лэпбук арқылы тапсырмалар ұсынады. Балалар таңырқап, қуанады.
Ара балалардан гүлдерге қонып, гүлден нәр мен шырын жинауға көмектесуді сұрайды. Бұл көмек — лэпбуктағы тапсырмаларды орындау арқылы жүзеге асады.
ІІ. Негізгі бөлім
Балалар «Р дыбысы» тақырыбындағы лэпбукті ашып, бөлімдерімен танысады. Әр тапсырма сөйлеу мүшелерін дайындауға, дыбысты дұрыс айтуға және оны сөз бен сөйлемде қолдануға бағытталған.
1-тапсырма. Тақырыппен танысу (слайд-презентация)
- [Рр] дыбысына сипаттама беру.
- Артикуляциялық қалпымен және әріп таңбасымен таныстыру.
2-тапсырма. Артикуляциялық жаттығулар (айна алдында, видео арқылы)
Мақсаты: дыбысты дұрыс айтуға қажет сөйлеу мүшелерінің қалпын және қимыл-қозғалысын дамыту.
Балалар видеоны мұқият тыңдап, айнаға қарап, жаттығуларды дәл қайталайды.
3-тапсырма. Тыныс алу жаттығуы «Зымыранды ұшыр»
Мақсаты: дыбысты айту кезінде тынысты дұрыс ұстап, дұрыс тыныстауға машықтандыру.
Шарты: мұрын арқылы терең тыныс алып, түтікше арқылы зымыран суретін үрлеп «аспанға ұшыру».
Балалар жаттығуды орындап, түтікше арқылы дұрыс бағытта және бірқалыпты үрлейді.
4-тапсырма. [Р] дыбысының артикуляциясы және әріп таңбасы (сурет арқылы)
Логопед [Р] дыбысының айтылу қалпын түсіндіреді және әріп таңбасымен таныстырады.
Сұрақ: «Жолбарыс ашуланғанда қандай дыбыс шығарады?» Аудио арқылы жолбарыстың ырылы естіледі. Балалар бірге қайталайды:
5-тапсырма. Буындарды қайталау (жаңғырық ойыны)
Балалар слайдтағы үлгіге қарап, буындарды анық әрі ырғақты түрде қайталайды.
Ра-ра-ра — ұшып жүр ара!
Ра-ра-ра — көмірдің түсі қара.
Ар-ар-ар — жауды аппақ қар.
Ре-ре-ре — кітап толы сөре.
Ер-ер-ер — тегіс екен жер!
Ры-ры-ры — күннің түсі сары!
Ыр-ыр-ыр — аспаннан жауды жаңбыр!
6-тапсырма. [Р] дыбысын сөзде машықтандыру («Тізбекте!» ойыны)
Мақсаты: суреттер арқылы сөздегі [Р] және [Л] дыбыстарын дұрыс айтуға машықтандыру.
Шарты: суреттердің ішінен [Р] немесе [Л] дыбысы барын таңдап, тиісті әріп таңбасының астындағы жіпке орналастырып, тізбектеу.
Балалар тапсырманы үстел үстінде таратпа суреттермен және электронды тақта көмегімен орындайды.
Сергіту сәті
Ракета — зымыран!
Ғарышқа оны ұшырам.
Аспанға қарап ай көрдім.
Төмен қарап жер көрдім.
Оңға-солға бұрылып,
Егеменді ел көрдім.
Балалар қимылмен көрсетіп, [Р] дыбысы бар сөздерді анық айтады.
7-тапсырма. [Р] дыбысының сөздегі орнын анықтау («Үйін тап!»)
Мақсаты: [Р] дыбысының сөздің басында, ортасында, соңында орналасуын анықтауға үйрету.
Шарты: тақтадағы үйлерге суреттерді [Р] дыбысының орнына қарай орналастырып, сөзді атап айту.
Балалар таратпа суреттермен және флипчарт технологиясы арқылы тапсырманы орындайды.
8-тапсырма. [Р] дыбысын сөйлемде қолдану («Сөйлем құра»)
Мақсаты: тізбекті суреттер арқылы сөйлем құрап айтуға үйрету және сөйлеу анықтығын дамыту.
- Ара гүлге қонды.
- Айнұр шашын тарақпен тарады.
- Зымыран ғарышқа ұшты.
- Ата домбыра тартты.
- Балалар шар ұшырды.
- Балалар теледидар көріп отыр.
Балалар суреттерге қарап сөйлем құрап, оны анық әрі дұрыс айтуға тырысады.
ІІІ. Қорытынды бөлім
9-тапсырма. Фонематикалық естуді дамыту («Сақ құлақ» ойыны)
Мақсаты: [Р] дыбысын есту арқылы [Л] дыбысынан ажыратуды дамыту және тақырыпты бекіту.
Шарты: логопед бірнеше сөзді айтады. Егер сөзде [Р] дыбысы болса — балалар қол шапалақтайды, ал [Р] жоқ болса — аяқтарын қозғап белгі береді.
Балалар сөздерді тыңдап, түсініп, қажет жерде белгі беріп, дыбыстарды ажыратады.
Сабақты қорытындылау
- Сұрақ-жауап арқылы оқу қызметін қорытындылау және бекіту.
- Балалардың араға гүлдерден нәр мен шырын жинауға көмектескенін атап өту.
- Белсенді қатысқаны үшін алғыс айту, мадақтау және араның сыйы ретінде бал ұсыну.