Табиғат көрінісіне сурет салу

Сабақтың тақырыбы: Буын

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға буын туралы түсінік беру.
  • Есте сақтау қабілеті мен ойлау дағдыларын дамыту.
  • Шығармашылыққа баулу, сауатты жазуға, жауапкершілік пен ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Буын туралы алған білімін күнделікті өмірде қолдана алады.
  • Сөздерді буынға дұрыс бөледі.

Сабақ сипаттамасы

Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту сабағы.
Көрнекілігі
Оқулық, презентация, кеспе қағаздар, жетондар.
Әдістері
Проблемалық әдіс, сұрақ-жауап, түсіндіру, баяндау, топтық жұмыс.

Сабақтың кезеңдері

Сабақ төмендегі бөлімдер бойынша жүргізіледі.

  1. 1) Қайталау – оқу анасы қайталату

    Өткен тақырыптарды сұрақ-жауап арқылы еске түсіру.

  2. 2) «Буын» ұғымы жаңа білім

    Электронды тақта арқылы анықтама, мысал және ережелер.

  3. 3) «Кітап – досың, ақылшың» жаттығу

    Оқулықпен жұмыс: 296-жаттығу (топтық жұмыс).

  4. 4) «Білімді мыңды жығар» бекіту

    297-жаттығу арқылы білімді бекіту.

  5. 5) Шығармашылық жұмыс шығармашылық

    299-жаттығу: жазу, өлең оқу, сурет салу.

  6. 6) Қорытынды және кері байланыс рефлексия

    «Екі минуттық эссе» және «Интервью» әдісі.

Ұйымдастыру кезеңі

Зейінді тұрақтандыру

Сабақ ұранымен таныстыру:

Зе-йін қой-саң — ұғар-сың,
Із-де-сең — та-бар-сың,
Та-лап-тан-саң — же-тер-сің.

Оқушыларды жинақылыққа, ізденіске және талаптануға бағыттау.

Психологиялық дайындық

Тренинг: оқушылар қол ұстасып, бір-біріне сәттілік тілеп, жылы лебіздерін айтады. Одан кейін сабақтың тақырыбы, мақсаты және міндеттері хабарланады.

Назарда:

Сабақта тәртіп сақтау, ұқыпты жазу, топпен бірлесіп жұмыс істеу.

Қайталау – оқу анасы

«Гүл сыйлау» әдісі

Оқушылар бір-біріне «гүл сыйлау» тәсілі арқылы өткен тақырыптар бойынша сұрақтар қойып, жауап береді.

Топтастыру (постер қорғау)

«Буын» сөзіне ассоциациялар құрып, бұрыннан білетін білімдерін еске түсіру арқылы постер қорғайды.

Жаңа сабақты түсіндіру

Буын — фонетиканың бір саласы. Сөз естілуіне қарай бірнеше шағын дыбыс тобына бөлінеді. Әрбір фонетикалық бөлшек буын деп аталады.

Мысал

«А-на – ең ә-де-мі ә-уез-ді сөз» деген сөйлемдегі сөздер естілуі жағынан бірнеше дыбыс тобына жіктеледі.

Анықтама

Буын — сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстардың тобынан жасалған фонетикалық бөлшек.

Буынға тән белгілер

  • Дауысты дыбыссыз буын болмайды.
  • Дауысты дыбыстың бір өзі буын құрай алады. Дауыссыз дыбыстар буын құрай алмайды.
  • Сөз құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
  • Буынның өз алдына мағынасы болмайды.

«Кітап – досың, ақылшың» (жаттығулар)

296-жаттығу (топтық жұмыс)

1-топ

Мәтіннен тарихи сөздерді тауып, оларды буынға бөлу.

2-топ

Мәтіндегі төрт сөзге фонетикалық талдау жасау: садақ, қозы, алтын, қол.

3-топ

Топтастыру: «Махамбет кім?» тақырыбында кластер құру.

  • Батыр
  • Ақын
  • Қолбасшы
  • Жауынгер

4-топ

Өлеңді мәнерлеп оқу және бір буынды сөздерді табу.

297-жаттығу («Білімді мыңды жығар»)

1-топ

Мәтінді буынға бөліп оқып, түсінік айту.

2-топ

Қазақтың аңшылық кәсібі туралы әңгімелеу. Өз жеріміздегі құстарды атау.

3-топ

Аңшылық туралы мақал-мәтелдер тауып, жазу.

4-топ

Өз жеріміздегі құстарды атау және оларды буынға бөліп оқу.

Шығармашылық жұмыс

299-жаттығу

1-топ

Суреттер топтамасындағы 4-суретке қарап, табиғат көрінісін сипаттап жазу.

2-топ

Табиғат көрінісі туралы бір шумақ өлең оқу.

3-топ

Табиғат көрінісіне сурет салу.

Сабақты қорытындылау

«Екі минуттық эссе»

Тақырып: «Буынның сөйлеудегі маңызы».

Оқушылар қысқа уақытта ой түйінін жазбаша жеткізеді.

Кері байланыс: «Интервью» әдісі

Сұрақтар арқылы оқушы түсінігін нақтылау, әсерін тыңдау және келесі қадамдарды белгілеу.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  • 300-жаттығу.
  • Ережені жаттау.

Бағалау

Жетондарды санау арқылы бағалау жүргізіледі.

Әр тапсырмадағы белсенділік, дәлдік және топтық жұмысқа қатысу ескеріледі.