Қажетсіз соғыстың қасіреті
Кештің тақырыбы: «Сенің ерлігіңе — табынамын!»
Өтетін орны
Мектептің акт залы
Түрі
Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші
Көрнекілігі
- Слайдтар
- Бейнесюжеттер
- Кітап көрмесі
- Сахнаның безендірілуі
Пәнаралық байланыс
Тарих, Қазақстан тарихы, музыка
Кештің мақсаты
- Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай тарихи күнді атап өту.
- Қажетсіз соғыстың қасіреті туралы мағлұмат беру, соғыстың адам тағдырына әкелген зардабын түсіндіру.
- Ауған соғысы ардагерлерімен кездесіп, олардың естелігі арқылы соғыс туралы кеңірек мәлімет алу.
- Оқушыларды ерлікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу және патриоттық құндылықтарды нығайту.
Кештің жүру барысы
1-жүргізуші: Кіріспе сөз
Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен, Отан алдындағы парызына адал болған Ауған соғысы ардагерлеріне арналған кездесу кешімізді ашық деп жариялаймыз.
Қош келдіңіздер, аяулы ағалар! Сіздердің назарларыңызға Ауғанстан жерінде әскери борышын өтей жүріп, сұрапыл қантөгістің құрбаны болған қазақстандық интернационалист боздақтарға арналған «Сенің ерлігіңе — табынамын!» атты тәрбие сағатын ұсынамыз.
Негізгі ой
Ерлік — ұрпаққа аманат. Тарих — ұмытылмауы тиіс сабақ.
2-жүргізуші: Соғыс туралы қысқаша дерек
Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 9 жыл 10 ай созылды. Он жылға жуық уақыт бойы ол елдің тыныштығын бұзып, бейкүнә жандардың тағдырына ауыр із қалдырды.
Бейбіт өмірге қол жеткізу ешбір халыққа оңайға түспеген. Әрбір соғыс мыңдаған, миллиондаған адам шығынын әкеліп, талай мемлекетті күйретіп, тарихта жазылмас таңба болып қалады.
Ұзақтығы
9 жыл 10 ай
Қазақстаннан қатысқандар
22 000
Еске алу күні
15 ақпан
Тарихи алғышарттар
1978 жылы Ауғанстанда сәуір төңкерісі болып, оның соңы ұзаққа созылған қарулы қақтығысқа ұласты. Бұл қасірет тек ел ішінде ғана емес, сыртқы күштердің араласуымен де күрделене түсті.
1979 жылы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, шамамен он жылға жуық соғыс қимылдарын жүргізді. Соғыс аяқталғанына биыл 15 ақпанда 25 жыл толады.
1-жүргізуші: Өлең шумағы және қонақтарды таныстыру
Сол Ауғанда талай досты жерледік,
Қарлы шыңға күн-түн демей өрледік.
Сұрапылда ерледік те шерледік,
Намыс туын қолдан бірақ бермедік.
Осындай ауыр аманатты арқалап, өмір мен өлім белдескен шайқастарға қатысып, батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз бүгін ортамызда.
Жауларға қарсы келген жасқанбаған,
Жасаған ерлігіне мастанбаған.
Ұрпаққа өмір жолың өнеге боп,
Тарихта ардагерлер асқан бағаң.
Ендеше, бүгінгі кешке қатысып отырған қадірлі қонақтарымызбен таныстыруға рұқсат етіңіздер.
2-жүргізуші: Баяндама
«Қажетсіз соғыстың қасіреті»1978 жылғы сәуір төңкерісінен кейін ел ішіндегі тұрақсыздық күшейіп, жағдай ұзаққа созылған соғысқа айналды. Бұл шиеленіс Ауғанстанның өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де тереңдей түсті.
Ауғанстандағы ахуал ушыға бастаған кезде ауған жетекшілері Кеңес Одағынан көмек сұрап, өтініштерін жиілетті. Бұл өтініштер Кабулдағы кеңестік өкілдер арқылы, атап айтқанда КСРО-ның Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі А. М. Пузанов пен лейтенант Л. Н. Горелов арқылы жеткізіліп отырды.
1979 жылдың маусымында Орта Азия республикаларының түпкілікті ұлт өкілдерінен жасақталған арнайы батальон құру туралы шешім қабылданды. Айрықша мақсаттағы бұл бөлімге, негізінен, Түркістан және Орта Азия округтерінің әскери бөлімшелерінен барлаушылар, атқыштар, танкішілер іріктелді. Негізгі талаптардың қатарында шығыс тілдерін білу және жоғары физикалық дайындығы болу қойылды.
Батальон жаңа техникамен және қару-жарақпен жасақталып, екі топқа бөлінген бес ротадан тұрды. Командир болып өзбек ұлтының өкілі, майор Хабид Тәжібайұлы Халбаев тағайындалды. Әскер құрамы Ташкент маңындағы Шыршықта, танкішілер училищесіне жақын әскери қалашыққа орналасты.
Жаз бойы сарбаздар атыс-тактикалық дайындықты меңгеріп, дене шынықтыруға ерекше көңіл бөлді: әртүрлі қарудан ату, бетпе-бет айқас, жүгіру, миналау ісі сияқты машықтар жүйелі түрде пысықталды.
Кеңестік өкілдер ауған жетекшілерінің өтініштерін тізбектей хаттап, Мәскеуге үздіксіз жеткізіп отырды. Бұл іс 1979 жылдың 25 желтоқсанында кеңес әскерлері Ауғанстанға кіргенге дейін күнделікті дағдыға айналды.
1979 жылдың 10–12 қарашасында аталған «мұсылмандық батальон» Ташкент пен Шыршық әуежайларынан ұшырылып, Ауғанстандағы Баграм авиабазасына қонды. Офицерлер мен сарбаздарға ауған әскери киімі кигізілді.
1979 жылдың 10 желтоқсанында КСРО Қорғаныс министрі Д. Ф. Устинов Бас штаб бастығы Н. В. Огарковты шақырып, саяси бюроның Ауғанстанға әскер енгізу жөнінде алдын ала шешім қабылдағанын хабарлады және 75–80 мың адамды дайындау туралы тапсырма берді.