Ертемен күнде сен, қолыңды сүйкейсің

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Білімдік аймағы

Қатынас

Бөлімі

Тіл дамыту

Тақырыбы

«Тазалықтың досы» (А. Меңжанова, жаттау)

Мақсаты

Білімдік мақсат

Балалардың жеке бас күтіміне мән беруіне ықпал ету; күн тәртібіне үйреніп, дағдылануына көмектесу; тазалық пен ұқыптылыққа баулу.

Дамытушылық мақсат

Сөздік қорын байытып, ойларын толық әрі мәнерлі жеткізуге тәрбиелеу; дені сау, шымыр болып өсуіне ықпал ету.

Сөздік жұмыс және ресурстар

Сөздік жұмысы

  • Айна
  • Тарақ
  • Орамал / сүлгі
  • Сабын
  • Тазалық

Қостілдік компонент

Айна
зеркало
Тарақ
расческа
Сүлгі
полотенце
Сабын
мыло

Керекті құралдар

Тақырыптық суреттер; заттар: сабын, тарақ, орамал/сүлгі, айна.

Сабақ барысы

1) Мотивациялық оятушылық

Тәрбиешінің әрекеті

Балалармен сәлемдеседі, жылы жүзбен бір-біріне қуаныш сыйлауға шақырады.

Өлең (шаттық шеңбері)

Арайлап таң атты,

Алтын шуақ таратты.

Армысыңдар, достарым!

Сәлем, сәлем, сәлем!

2) Ұйымдастырушылық-ізденушілік

Көркем сөз

Анау бала бетін қара,

Жуынбапты — ау, масқара!

Тырнағы өскен, шашы көптен,

Алынбапты — ау, масқара!

Бүгінгі әңгіме — тазалық және әрқайсымыздың жеке бас гигиенасы туралы. Денсаулығымызды ойлап, аурудың алдын алуымыз қажет.

Талқылау

Балаларға сурет арқылы «үсті-басы кір, ұқыпсыз» болмаудың маңызы түсіндіріледі.

Сұрақ–жауап

  • Неліктен таза болуымыз керек?
  • Қай уақытта қолды жууымыз керек?
  • Кір қолды немен жуамыз?
  • Қолды немен сүртеміз?

Жұмбақ-өлеңдер

Ертемен күнде сен қолыңды сүйкейсің, кетіп кір-ласың, тап-таза боласың. Бұл не?

Жауабы: Сабын

Шомылған баланы аймалап алады: сүртеді қолыңды, сүртеді жоныңды. Бұл не?

Жауабы: Сүлгі (орамал)

Қолы жоқ, сөзі жоқ, бірақ тісі бар, басыңмен ісі бар. Бұл не?

Жауабы: Тарақ

Иілсең — иіліп, түйілсең — түйіліп, қарайды кісіге ұқыпты ісіңе. Бұл не?

Жауабы: Айна

Дидактикалық ойын: «Тазалық үшін не қажет?»

Тәрбиеші допты балаларға кезекпен лақтырады. Әр бала тазалыққа қажетті затты атап, оның не үшін қолданылатынын қысқаша айтады.

Мақал-мәтелдер

  • Тәні саудың — жаны сау.
  • Денсаулық — зор байлық.

А. Меңжанова «Тазалықтың досы» (оқу және жаттау)

Өлең қимыл-қозғалыспен айтылады. Балалар тәрбиешімен бірге қайталайды.

Сылдырлайды сылдыр су,

Мөлдір суға қолыңды жу.

Жуынсаң сен әрдайым,

Аппақ бетің, маңдайың.

Тазалықтың досы — су дегенің осы.

Ақ матадай түгі бар,

Қызыл-жасыл гүлі бар.

Жұмсақтығы мамықтай,

Сүртінесің жалықпай.

Тазалықтың досы — сүлгі деген осы.

Сабындаған кезіңде,

Ашытады көзіңді.

Бола білсең төзімді,

Тап-таза етер өзіңді.

Тазалықтың досы — сабын деген осы.

Түсіндіру

Орамал (сүлгі) мен тарақ әр баланың жеке болуы керектігі айтылады: оларды ортақ қолдануға болмайды. Әр заттың дұрыс қолданылуы түсіндіріледі.

3) Рефлексиялық-түзетушілік

Қорытындылау

Оқу іс-әрекеті қорытындыланады, балалардың жауаптары толықтырылып, негізгі ойлар бекітіледі.

Ойын: «Парфюмерия дүкені»

«Сатып алынған» заттардың не үшін пайдаланылатыны сұралады. Әр баланың қажеттілігін түсіндіруіне мүмкіндік беріледі.

Күтілетін нәтиже

Нені білуі керек

Жеке басының тазалығын үнемі сақтау керектігін біледі.

Нені игереді

Тазалық бар жерде денсаулық болатынын меңгереді.

Нені түсінеді

Киімді таза кию — ұқыптылықтың белгісі екенін түсінеді.