Күйді талдау

Сыныбы

6-сынып

Сабақтың тақырыбы

Қайран, Нарын

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Технология

СТО

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, слайдтар, видео, үнтаспаға жазылған күй

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

XIX ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырларымен халықты күреске үндеген Махамбет Өтемісұлының ақындық дарынын өлеңдері арқылы оқушыларға түсіндіру.

Білімділік

Өлең арқылы ой салып, халық санасын оятуға күш салған Махамбеттің ерекше қасиеттерін оқушы бойына дарыту.

Дамытушылық

Махамбет өмірі мен өлеңдерінің ерекшелігін ашу, күйлері мен термелері туралы түсінік беру арқылы ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелілік

Өршіл жырлары арқылы ерлікті ту еткен Махамбеттің ерлігін қастерлеуге баулу, патриоттық тәрбие беру.

Сабақтың эпиграфы

Махамбет, Махамбет... Білмеймін, жел ме, сел ме?
Жырда онымен бір тұлға теңесер ме?
Әділетсіз дүниенің қабырғасын
Махамбетше сөгер жан кездесер ме?

Сабақтың әдіс-тәсілдері

Баяндау Ойқозғау Психологиялық тренинг «Қызықты тоғыздық» әдісі Топтастыру

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

Сыныптың дайындығын тексеру, сабақ мақсатын қысқаша бағдарлау.

Психологиялық тренинг

Үлкендерге — сіз,
Кішілерге — біз.
Әдеппенен бас иіп,
Сәлем бердік біз.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасы «Қызықты тоғыздық» әдісі арқылы сұралады және бағаланады.

Музыкалық кіріспе

  • Алып күйші — Дина
  • С. Мұхамеджанов — «Қазақстан әні»

3) Жаңа сабақ

Тыңдату

Махамбет Өтемісұлы — «Жұмыр қылыш» күйі

Ән үйрету

Өмірбек Байділдаев — «Туған ел»

Нота сауаттылығы

«Туған ел» әні бойынша

Сабақтың атауының мәні

Бүгінгі жаңа сабағымыз «Қайран, Нарын» деп аталады. Нарын — бүкіл поэзиясына ерлікті ту еткен, кейінгі ұрпаққа өлмес мұра қалдырған ер Махамбет өмір сүрген киелі топырақ.

Махамбет Өтемісұлы туралы

Махамбет Өтемісұлы (1804–1846) — Орал өңірінде, қазіргі Батыс Қазақстан аймағында дүниеге келген әйгілі ақын, күйші-композитор, сауатты, хат таныған тұлға. Ол отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілістің ұйымдастырушыларының бірі болып, халықты патшалық және хандық билікке қарсы қарулы күреске үндеген алғашқы қазақ жыршыларының қатарынан көрінді.

Қазақ халқы талай қиын кезеңді бастан өткерді. Елін, жерін көзінің қарашығындай қорғаған, халық мүддесі үшін жанын қиған дара тұлғалар болды. Солардың көрнекті өкілдерінің бірі — Махамбет. Ол тек тасқындаған қайраттың ғана емес, кең толғап, кем пішер кемеңгер ақылдың да жарқын көрінісі.

Махамбет Нарын өлкесінде өмір сүріп, «қара қаза, сары бала қамы үшін» ашық қимылға шықты, халықты соңына ерте білді. Ерлікті өзі ғана жасап қоймай, бүкіл поэзиясына ерлікті ту етті; сөйтіп, кейінгі ұрпаққа өлмес мұра қалдырды.

«Жұмыр, Қылыш» және «Қайран Нарын» күйлерінің сипаты

Махамбет күйлері бір ғана бояумен шектелмейтінін дәлелдейтін шығармалардың қатарына «Жұмыр, Қылыш» және «Қайран Нарын» күйлері жатады.

Аңыз-әңгіме желісі

Ел аузындағы әңгімелерде «Жұмыр, Қылыш» күйі Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған делінеді.

Музыкалық мінез

Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбірлей төгілген қоңыр сазбен әдемі жымдасады.

Тақырып өзегі

«Қайран Нарын» — Махамбеттің шығармашылығындағы басты арналардың бірі: туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кескілескен күрес тақырыбы. Күйден аһ ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар сезіледі.

Өлең жолдары

Ақыры жетті күн бүгін,
Ақырып теңдік сұраған.
Түнектің түріп түндігін,
Ат міндің сұлу құладан.

Парызың бүгін өтелген,
Әр ізің жатыр жаңғырып.
Азаттық туын көтерген,
Ақынның жыры мәңгілік!

Күйді талдау

  • Күйдің характерін (мінезін) анықтау
  • Ырғақ, серпін, динамика және образдық бояуын сипаттау
  • Музыкалық ойдың дамуын байқау

Сергіту сәті

Алыс-алыс жерлерден,
Келді бізге керуен.
Керуен бізге не әкелді?
Керуен бізге ән әкелді.

Жаңа ән: «Туған ел»

Бүгін біз жаңа ән үйренеміз. Әннің атауы — «Туған ел». Авторы — көпшілікке танымал композитор Өмірбек Байділдаев (1932 ж.т.). Ол қоғам өміріндегі өзекті мәселелерге шығармашылығымен үн қосып, еңбек пен еңбек адамының даңқын дәріптеген өнер иесі.

Шығармаларынан мысал

  • «Берекелі кең жерім»
  • «Қазақстан — туған өлкем»
  • «Шопан жыры»
  • «Қыз бен жігіт әзілі»
  • «Жылқышы әзілі»

Оқушыларға арналған әндері

  • «Тәй-тәй, балбөбек»
  • «До-ре-ми»
  • «Сүйікті мектебім»
  • «Жаңа жыл кешінде»
  • «Бесік жыры»

Тыңдату

Ө. Байділдаев — «Туған ел»

Дауыс жаттығуы

Әнді үйренбес бұрын дауыс жаттығуларын орындаймыз. Жеңіл меңгеру үшін жаттығуға әннің күрделірек фразасын қолданамыз.

Нота сауаттылығы

«Туған ел» әні арқылы ырғақ, әуен бағыты, тыныс алу және фразалау ерекшеліктерін қарастырамыз.

Сабақты бекіту

Топтастыру әдісі

Махамбет — композитор, күйші, батыр, ақын.

Қорытынды, үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  1. Махамбет Өтемісұлы туралы мәнжазба жазу.
  2. «Туған ел» әніне талдау жасау.

Бағалау

Сабақ барысындағы белсенділік, жауап сапасы, тыңдалым және орындау тапсырмалары бойынша бағаланады.