Балалар сендермен сайысқа түскен ұнады, сендерге рахмет

Тақырыбы: «Секіреміз, жүгіреміз»

Бұл материал балабақшадағы эстафеталық сайысты өткізуге арналған. Мақсат — балалардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыру, қимыл-қозғалыс белсенділігін күшейту және спорттық дағдыларын ойын арқылы дамыту.

Негізгі мақсат

Балаларды салауатты өмір салтына баулу және спортқа қызығушылығын арттыру.

Дамытушылық

Қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, күш-қуатты, шапшаңдық пен ептілікті дамыту.

Тәрбиелік бағыт

Достық қарым-қатынас, өзара қолдау, ойынға қызыға қатысу мәдениетін қалыптастыру.

Керекті құралдар

  • Доптар
  • Кедергілер
  • Жалаушалар
  • Шарлар
  • Гимнастикалық отырғыш
  • Таяқшалар

Жүру барысы

Жүргізуші: «Армысыздар, құрметті тәрбиешілер мен тәрбиеленуші бүлдіршіндер! Бүгінгі “Секіреміз, жүгіреміз” атты эстафеталық сайысымызға қош келдіңіздер!»

«Әр таңды бақытпен атырамыз, өнерді ой көгінде бағалаймыз. Ендеше сайысқа қатысуға ортаға бүлдіршін спортшыларды шақырамыз!»

(Балалар тәрбиешілермен бірге ортаға кіріп, қатарға тұрады.)

Әділқазылар алқасы

  • Балабақша әдіскері А. Б. Уразова
  • Балабақша психологы А. Бисенбиева
  • Балабақша тәрбиешісі А. Т. Жалмуханбетова

Көрініс: орман қонақтары

(Осы кезде орманнан түлкі, қасқыр, аю келеді.)

Түлкі: «Сәлеметсіңдер ме, балалар!»

Жүргізуші: «Сәлеметсіздер ме, аңдар! Қайдан келе жатырсыңдар?»

Қасқыр: «Орманды аралап жүріп, балабақшада сайыс болатынын естідік. Біз де балалармен бірге қатыссақ бола ма? Денемізді шынықтырып, жарыссақ бола ма?»

Жүргізуші: «Әрине! Арнайы келіп қалған екенсіңдер — қош келдіңіздер! Балалармен бірге ойынға қатысып, тамашалаңдар.»

(Аңдар әр команданың қасына барып тұрады.)

Жүргізуші: «Ендеше бүгінгі сайысқа қатысушы балдырғандарға толағай табыс пен сәттілік тілейміз!»

Сайыс бағдарламасы

Кезеңдер тізімі

  1. 1 Таныстыру
  2. 2 Шар жинау
  3. 3 Самокат тебу
  4. 4 Қояндарша секіру
  5. 5 «Сиқырлы доптар»
  6. 6 Арқан тартыс

Маңызды ескертпе

Әр кезеңде қауіпсіздік ережелері алдын ала түсіндіріледі: арақашықтық сақтау, кедергіден кезекпен өту, құралдарды дұрыс қолдану және бір-біріне кедергі жасамау.

Қауіпсіздік Командалық жұмыс Белсенді қозғалыс

Кезеңдердің сипаттамасы

1) Таныстыру

Әр команда ортаға шығып, өз командасын таныстырады.

2) Шар жинау

Еденде қызыл, көк, сары, ақ түсті шарлар шашылып жатады. Әр команда өз түсіндегі шарларды жинап, себетке салады.

3) Самокат тебу

Қатысушылар кедергілерден өтіп, межені айналып қайта келеді.

4) Қояндарша секіру

Қос аяқпен қоянша секіріп таяқшалардан өтеді, гимнастикалық отырғыштан тартылып өтіп, межені айналып қайта келеді.

5) «Сиқырлы доптар»

Допты еденмен домалатып (айналдырып) жүріп, межені айналып қайта келеді.

6) Арқан тартыс

Екі командаға бөлініп, арқан тартыс ойынын ойнайды.

Қорытынды бөлім

Жүргізуші: «Жарайсыңдар, балалар! Сайысқа жақсы дайындықпен келіпсіңдер. Шапшаңдықтарыңды да, ептіліктеріңді де көрсете білдіңдер!»

Түлкі: «Балалар, сендермен сайысқа түскен ұнады. Сендерге рахмет!»

Жүргізуші: «Әділқазылар шешім шығарғанша, ортада “Көбелектер” биін тамашалайық.»

(Би орындалады. Әділқазылар жеңімпаздарды марапаттайды.)

Қасқыр: «Балалар, біздің де орманға қайтатын уақыт болды. Бізге бәрі ұнады. Сау болыңдар!»

(Аңдар қоштасып, шығып кетеді.)

Жүргізуші: «Құрметті тәрбиешілер мен бүлдіршіндер, бүгінгі сайысымыз осымен аяқталды. Әр ісіміз берекелі болып, күш-жігеріміз бен намысымыз жоғары болсын. Алдағы күндері де үлкен сайыстарда шапшаңдық танытып, биіктерден көріне беріңіздер!»

Сау болыңыздар!

Автор туралы мәлімет

Атырау қаласы, Бірлік ауылы, №35 «Балақай» бөбекжай-бақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы — Ташимова Раушан Нигметовна.

Материал: «Секіреміз, жүгіреміз»