Сөзге шебер адамды

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың тақырыбы

«Өнегелі өмір» — сын есімді қайталау сабағы.

Сабақтың мақсаты

  • Сын есім туралы білімді пысықтау, теория мен практиканы байланыстыру.
  • Оқушыларды дәлелдеуге, талдауға, топтастыруға дағдыландыру.
  • Дамыта оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері арқылы теориялық ойлауды, тіл мәдениетін, шығармашылық қабілетті дамыту.
  • Сауатты жазу дағдыларын арттыру және ел құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың типі

Пысықтау сабағы.

Сабақтың түрі

Дәстүрден тыс, сайыс сабақ.

Әдістері, көрнекілігі, байланысы

Әдістері

Баяндау, сұрақ-жауап, жаттығу.

Көрнекілігі

Оқулық, интерактивті тақта, слайдтар, семантикалық карта, Әйтеке бидің портреті, естелік хат.

Пәнаралық байланыс

Ана тілі, дүниетану, өлкетану, психология.

Сабақ барысы

I. Бағдарлау – мотивациялық кезең

Психологиялық дайындық

Мұғалім: «Балалар, бүгін сабағымызға қонақтар келіп отыр. Қане, қонақтарға өз бойымыздағы адамгершілік қасиеттерімізді білдіретін әдемі сөздермен таныстырайық».

(Әр оқушы өз атының алғашқы әрпінен басталатын сын есім айтып танысады.)

Сұрақ-жауап арқылы қорытынды:

  • Бұл сөздерге қандай сұрақ қоямыз? — Қандай?
  • Бұл қай сөз табының сұрағы? — Сын есім.
  • Демек, бүгін біз сын есім туралы білімімізді пысықтаймыз және оны тәжірибеде қолдану дағдымызды арттырамыз.

Дәптерді ашып, күннің жадын жазу.

Поэзия минуты

С. Байжиен — «Біздің өлке» (үзінді)

Осы арада, сары далада, тақырда,

Шықты талай балуан да, батыр да.

Аузын ашса жыр төгілген көмейі

Талай шешен, талай ділмар ақын да.

Сардалада ұлы адамдар қалай туған десе де,

Шыққан талай ел басқарған көсем де.

Жинақтаған қазағымның тарихын

Ырғыз бойын тұтастай бір кешен де.

Талқылау сұрақтары

  • Өлеңде не туралы айтылады?
  • Бұл өңірден қандай тұлғалар шыққаны аталады?

Сөздік жұмысы

Ділмар — сөзшең, шешен.

Тапсырма: «ділмар» сөзімен сөйлем құрау.

Көркем жазу

Интерактивті тақтадан көшіріп жазу:

Талай шешен, ділмар ақындар туған жер.

  • Сөйлемнен сын есімді табу.
  • Құрамына қарай талдау.
  • Көркем әрі сауатты жазу.

Сайыс сабағының шарты

Сабақ екі топқа бөлініп, үш шарт бойынша жүргізіледі. Әр шарт дұрыс орындалған сайын портреттің белгілі бір бөлігі ашылып отырады.

I

Мен не білемін?

Ережені еске түсіру.

II

Білгеніңді іске асыр

Практикалық жұмыстар орындау.

III

Өміріңе өнеге ал!

Рефлексия және тәрбиелік қорытынды.

I шарт: «Мен не білемін?»

  • Интерактивті тақтада сызба арқылы жұмыс.
  • Экспресс-тест (өз бетімен орындау, тақтамен тексеру).

II шарт: «Білгеніңді іске асыр»

  • Оқулықпен жұмыс, жаттығулар орындау.
  • Топтық және жеке тапсырмалар.

II. Операциялық – орындаушылық кезең

Оқулықпен жұмыс

  • 61-жаттығу: екі топтан екі оқушы ауызша орындап, интерактивті тақтада көрсетеді.
  • 62-жаттығу: екі бағанды екі топтан бір-бір оқушы тақтада орындайды, қалғандары орындарында орындайды.

Сергіту сәті

Босаңсып демалу: «Көктемді күтеміз».

64-жаттығу (тақтада)

Екі топқа екі сөйлемнен беріледі: жұмбақты шешіп, сын есімді өзіне қатысты зат есімдермен бірге көшіріп жазу.

Өз бетімен жұмыс: сын есімдерді тап та, құрамына талда

I топ

  • Берекелі жерден мереке кетпес.
  • Талапты ерге нұр жауар.
  • Саналы адам сағыңды сындырмас.
  • Білімдінің сөзі — жібектей.

II топ

  • Әдепті бала ата-анасын мақтатар.
  • Ақылсыз адам айқайлай келеді.
  • Санасыз адам жағыңды тындырмас.
  • Ақылды қарттан нақыл шығар.

Сын есім жасау (интерактивті тақтада)

I топқа

ақыл → (сын есім жаса)

II топқа

біл, бой, көр, саз, байқа, дәм, тап → (сын есім жаса)

Шығармашылық жұмыс: «Дұрыс ойлан!»

Мағынасы бұрмаланған мақалдарды қалпына келтіріп жазу.

Қате нұсқалар

  • Жастайыңнан еріншек бол.
  • Еріншектік бәрін жеңеді.
  • Еріншектік адамды қуанышқа бөлейді.
  • Ол адамды қорқақ атандырады.

Дұрыс нұсқалар

  • Жастайыңнан еңбекқор бол.
  • Еңбек бәрін жеңеді.
  • Еңбек адамды қуанышқа бөлейді.
  • Ол адамды батыр атандырады.

III. Рефлексиялық – бағалау кезеңі

«Өміріңе өнеге ал!» — сабақ кейіпкері

Сабақ соңында портрет толық ашылып, бүгінгі кейіпкердің кім екені анықталады: Әйтеке би.

Әйтеке би — Кіші жүздің Әлім руынан, Сейтқұл аталығынан шыққан, күллі Алшын еліне беделі жүрген ірі би. Бес жасынан сауатын ашқан зерек бала Ақша атасынан әділ билік жүргізуді, сөз саптауды үйренсе, Жалаңтөс атасынан қолбасшылық пен батырлыққа баулыған тәлім алады. Медреседе араб және парсы тілдерінде білім алған. Ол қазақ елінің бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне сөзімен де, ісімен де үлес қосқан айтулы тұлға. Әйтеке бидің шешендігі мен әділдігі туралы әңгімелер халық жадында бүгінге дейін сақталған.

Оқушыларға өнеге ретінде «естелік хат» ұсынылады.

Ойын: «Бір сөзбен қалай атар едің?»

Сипаттама Жауап (сын есім)
Сөзге шебер адам сөзшең
Айтқанға сене салатын адам сенгіш
Көрінгенге соқтыға беретін адам сотқар, ұрыншақ
Тез ашуланатын адам ашуланшақ
Жан аямай жұмыс жасайтын адам еңбекқор
Бойы ұзын бала бойшаң
Біреуге бәле ойлайтын адам пәлеқор

Өзін-өзі бағалау және қорытынды

  • «Ал сен қандай баласың?» — өзіңді сын есімдермен сипатта (мысалы: икемдімін, еңбекқормын, көңілдімін).
  • «Бүгінгі сабақ туралы не айтар едің?» — қысқаша пікір білдіру.
  • Сабақ нәтижесін бағалау.