Сабақ кезеңдерімен таныстыру
Бейнелеу өнері (4-сынып): «Сүйікті ертегі»
Бұл сабақта оқушылар ертегі әлемімен танысып, ертегінің мазмұнына сәйкес иллюстрация салуды үйренеді. Негізгі мақсат — балалардың өзіндік көзқарасын қалыптастыру және шығармашылық ойлауын дамыту.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Көрнекіліктер
Сөзжұмбақ, таспа, бейнетаспа, интерактивті тақта және т.б.
Қажетті құрал-жабдықтар
Сурет альбомы, қарындаштар, бояулар, қылқалам түрлері және т.б.
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, ана тілі.
Сабақтың мақсаттары мен міндеттері
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды ертегі әлемімен таныстыру; ертегінің мазмұнына байланысты иллюстрациялық сурет салуға баулу; өзіндік көзқарасын қалыптастыру.
Білімділік міндет
Ертегілер туралы мағлұмат беру, ондағы жақсы мен жаманды талдау арқылы білімін бекіту.
Тәрбиелік және дамытушылық міндет
- Еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, сезімталдыққа тәрбиелеу.
- Ертегіге қызығушылықты арттырып, дүниетанымдық көзқарасын жетілдіру.
Сабақтың құрылымы
I. Кіріспе бөлім
- 1 Ұйымдастыру кезеңі.
- 2 Білімдерін тексеру.
II. Негізгі бөлім
- 1 Жаңа тақырыпты түсіндіру.
- 2 Машықтық жұмыс.
III. Қорытынды бөлім
- 1 Сабақты қорытындылау.
- 2 Оқушылардың білімін бағалау.
- 3 Үй тапсырмасы.
I. Кіріспе бөлім
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу
Мұғалім: «Сәлеметсіздер ме, балалар?»
Оқушылар: «Сәлеметсіз бе, ағай?»
Топқа бөлу және дайындық
Оқушылар шеңберге тұрып, бір-біріне тілек айтады. Тренинг арқылы топтарға бөлініп отырады. Кітап, альбом-дәптер, қалам және қажет құралдарын дайындайды.
Мақсат қою
Сабақтың мақсатымен және кезеңдерімен таныстыру.
2) Білімдерін тексеру (сөзжұмбақ)
Оқушылардың өткен тақырып бойынша білімін сұрақ-жауап арқылы еске түсіреміз.
1. Қазақстанның халық суретшісі.
Қастеев
2. Түр тапқыш тақтайша.
Палитра
3. Бейнелеу өнерінің бір түрі.
Графика
4. Су бояуы.
Акварель
5. Адамның бет әлпетін бейнелейтін көркем шығарма.
Портрет
II. Негізгі бөлім
1) Жаңа тақырыпты түсіндіру: ертегі жанры
Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Ертегі — халықтың ауызша айтылатын көркем әңгімесі. Халық ертегі арқылы бақыт, еркін өмір және жайлы мекен туралы үміті мен арманын жеткізеді.
Ертегідегі сан алуан қызық оқиғалар көбіне шындықтан гөрі қиял дүниесінен туындайды. Ғажайып қиялға құрылған әңгімелер, оқиғасы орасан батырлық сюжеттер, салт-дәстүрмен және тарихпен байланысты хикаялар — ертегінің әртүрлі түрлері.
Ертегінің бір бастауы — алғашқы рулық қауым кезеңіндегі аңшылық туралы әңгімелер мен хикаялар. Алғашында шынайы оқиғаға негізделген әңгімелер уақыт өте келе ел арасына тарап, толықтырылып, хикаяға, кейін ертегіге айналған.
Тарихи дерек
Қазақ ертегілерінің көбірек жиналып, жарық көрген кезеңі — XIX ғасырдың екінші жартысы. Осы уақытта В. В. Радлов, И. Н. Березин, Ы. Алтынсарин, Г. Н. Потанин, А. В. Васильев, А. Е. Алекторов, Ә. Диваев жинақтарында көптеген мәтіндер жарияланып, зерттеу пікірлері айтылды.
Ертегінің негізгі жанрлары
- Жануарлар туралы ертегілер
- Қиял-ғажайып және батырлық ертегілер
- Хикаялық және сатиралық ертегілер
Көрнекілікпен жұмыс
Интерактивті тақта арқылы бейнетаспадан ертегілерден үзінділер көрсетіледі. Көрген материал бойынша талдау жүргізіледі: кейіпкерлер, оқиға орны, тұрмыс-тіршілік көріністері, негізгі ой.
Иллюстрацияға қойылатын талап
Иллюстрация ертегінің мазмұнына сай болуы және негізгі мәнін ашуы керек. Композиция айқын, ал түрлі түсті бояулар әсерлі әрі үйлесімді қолданылғаны маңызды.
2) Машықтық жұмыс
Тапсырма
Ертегіден ең қызықты оқиға сәтін таңдап, сюжеттік көрініс бейнелеңіз.
1-қадам: Таңдау
Топ өз ертегісін және басты кейіпкерлерін анықтайды.
2-қадам: Құрастыру
Ең маңызды сәтті таңдап, композициялық құрылымды жоспарлайды.
3-қадам: Орындау
Қағаз бетіне түсіріп, бояулармен көркемдейді.
III. Қорытынды бөлім
Талдау және бағалау
Әр топ өзара жұмыстарды талдайды: суреттің мазмұны, ойдың ашылуы, композициялық шешім, түстердің үйлесімі және жалпы әсері бойынша пікір білдіреді. Жұмыстар бағаланады.
Үй тапсырмасы
Өз ертегіңізді құрастырып, оған иллюстрация жасаңыз.
Ескерту
Қосымшалар (жүктеу материалдары) сабақ соңында ұсынылады.