Балмұздақ суық

Сабақ жоспары Тағам мен сусын 7-сабақ

Тақырып: Балмұздақ

Бұл жоспар 1-сынып оқушыларына арналған. Негізгі екпін — тыңдалым, сөйлеу, сөз мағынасын түсіну және қазақ тіліне тән дыбыстары бар сөздерді дұрыс айту мен жазу.

Оқу мақсаттары (оқу бағдарламасына сәйкес)

  • 1.1.2.1 — Тыңдаған мәтін мазмұны бойынша мұғалімнің көмегімен сұрақтарға жауап беру, сәйкес суретті таңдау.
  • 1.2.4.1 — Шағын мәтіндегі қарапайым оқиғаларды мазмұндау.
  • 1.3.2.1 — Мәтіндегі таныс сөздердің мағынасын түсіну.
  • 1.3.5.1 — Мұғалімнің көмегімен иллюстрациялы шағын мәтіннен қажетті ақпаратты табу.
  • 1.5.2.2 — Мұғалімнің көмегімен ә, ө, ү, ұ, і, ң, қ, ғ, һ әріптері кездесетін сөздерді дұрыс айту және жазу.

Сабақтың мақсаты

Барлық оқушылар:

Балмұздақтың қандай болатынын (дәмді, тәтті, суық) және балмұздақты жейтін-жемейтінін айта алады.

Оқушылардың басым бөлігі:

Тақырып аясында өзара сөйлесе алады; қазақ тіліне тән дыбыстар кездесетін сөздерді дұрыс жаза алады.

Кейбір оқушылар:

Балалардың басқа да сүйікті тәттілерін атап, сипаттай алады; сабақта үйренген құрылымдық үлгілерді өмірлік жағдаяттарда еркін қолданады.

Бағалау

Бағалау критерийлері

  1. 1 Берілген түстерді ажыратады.
  2. 2 Суреттер бойынша көрсете алады.
  3. 3 Сөздердің мағынасын түсінеді.
  4. 4 Күнделікті өмірде қолданады.

Дескрипторлар

  • Суреттерді ажыратады.
  • Берілген заттарды ажыратады.
  • Сөздердің мағынасын түсінеді.
  • Сөз тіркестерін құрастырып айта алады.

Сабақ барысы

Оқушылардың белсенді қатысуына бағытталған тыңдалым, айтылым және жазылым тапсырмалары.

Сабақтың басы

2–5 минут
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
  • Жағымды көңіл күй қалыптастыру.
  • Сабақ мақсатымен таныстыру.

Ұйымдастыру түрі

МК (мұғалім көмегімен), Ұ (ұжымдық)

Сабақтың ортасы

6–40 минут

1-тапсырма

Мұғалім сөйлеу үлгісіне назар аудартады, дәмді, тәтті, суық сөздерінің мағынасын түсіндіреді. Оқушылар «Балмұздақ қандай болады?» сұрағымен танысады.

Ұ (ұжымдық)

2-тапсырма

Оқушылар сұраққа өз қалауымен жауап береді: «Сен балмұздақ жейсің бе?»«Жеймін / жемеймін».

МК, Ұ

3-тапсырма

Кесте арқылы дәмді, тәтті, суық сөздері қайталанады. Оқушылар «Балмұздақ қандай болады?» сұрағына жауап береді.

МК, Ұ

4-тапсырма (жұптық сөйлесу)

Оқушылар сөйлесу үлгілерін тыңдайды, рөлге бөліп оқиды және үлгі бойынша өзара сөйлеседі. Сонымен қатар неліктен жейтінін/жемейтінін түсіндіруге жаттығады.

Үлгі

Сен балмұздақ жейсің бе?

Иә, мен балмұздақ жеймін. Балмұздақ тәтті.

Сен балмұздақ жейсің бе?

Жоқ, мен балмұздақ жемеймін. Балмұздақ суық.

Ж (жұптық)

Топтық жұмыс: қазақ тіліне тән дыбыстар

Осы бөлім бойынша қазақ тіліне тән дыбыстар кездесетін сөздер іріктеледі: өрік, алмұрт, қызанақ, қияр, ботқа, сүт, бауырсақ, балмұздақ. Оқушылар 2–3 топқа бөлінеді, карточкалармен жұмыс істейді.

Нұсқа 1

Суреттерге қарап, сөздерді толық жазып шығады.

Нұсқа 2

Дайын сөздер берілген парақтан тиісті әріптерді толықтырып жазады. (Мысалы: «…р…к», «алм…рт»)

Т (топтық)

Дәптер және қосымша тапсырма

Дәптердегі тапсырмалар арқылы оқушылар оқулықта алған білімін бекітеді. Қосымша тапсырма өз бетінше жұмыс істеу дағдысын дамытады және АКТ құралдарын қолдануға ынталандырады.

МК, Ұ, Ө (өздік)

Сабақтың негізгі тілдік тіректері

Сұрақ үлгілері

  • Балмұздақ қандай болады?
  • Сен балмұздақ жейсің бе?

Жауап үлгілері

  • Иә, мен балмұздақ жеймін.
  • Жоқ, мен балмұздақ жемеймін.
  • Балмұздақ тәтті / суық / дәмді.