Шыбықтарды Әнет бабаға қайтарып

Тәрбие сағатының бағыт-бағдары

Тақырыбы
Ынтымақ түбі — береке
Мақсаты
Оқушылардың ұйымшылдық, береке-бірлік және татулық туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

  • Оқушыларға ынтымақ ұғымы туралы түсінік беру.
  • Жағымды қарым-қатынасты, сүйіспеншілікті дамытуға ықпал ету.
  • Татулыққа, ауызбірлікке, достыққа тәрбиелеу.

Әңгімелесу: «Ойланайық, пікірлесейік»

Төмендегі сұрақтар арқылы оқушылардың ойы тыңдалып, ортақ пікір қалыптастырылады.

Сұрақтар

  1. «Ынтымақ» дегенді қалай түсінесіңдер?
  2. «Ынтымақ түбі — береке» деген сөздің мәні неде?

Шешен сөздер мен нақылдар

  • Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
  • Ынтымақ түбі — игілік.
  • Тірлік түбі — бірлік.
  • Ынтымақ істі бітірер.
  • Ақылдассаң — шешерсің, ақылдаспасаң — кем кесерсің.

Мұғалімнің түйіні

Адамдар арасындағы береке-бірлік ынтымақ арқылы нығаяды. Ынтымақ бар жерде адамдар өзара бірлікке келіп, бірлесіп әрекет етеді, ал қоғамда татулық орнығады.

Мәтінмен жұмыс: Әнет бабаның өсиеті

Ынтымақтың қадірін ұғындыратын өнегелі әңгімені бірге талдайық.

Елге сәлем беріп, халықты ынтымаққа шақыру ниетімен келген Төле биге Әнет баба бір ой салмақ болады. Ол садақтың алты оғын біртіндеп сындырып көрсетеді де, кейін екі бүктеп, он екі шыбық етіп байлап: «Міне, енді сындырып көрші», — дейді.

Төле би бір бума шыбықты сындыра алмай, шыбықтарды Әнет бабаға қайтарып: «Айып етпеңіз, бұл жұмбағыңызды түсінбедім, Әнет баба», — дейді.

Өсиет

«Төлежан, ешқашан өзімшіл болма, көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тыңдасаң, көп те сенің айтқаныңды орындайды. Көп болып, өзара ынтымақты болсаңдар, сендердің белдеріңді де ешкім сындыра алмайды. Ал әрқайсың жеке-дара болып, ынтымақтарың жараспаса, мына жеке шыбықтарды сындырғандай-ақ, әркім бірліктеріңді бұзып, берекелеріңді кетіреді».

Сұрақ-жауап

  • Баба өсиетінен нені ұқтыңдар?
  • Өсиеттен қандай қорытынды шығаруға болады?

Дәйексөз

Игілік басы — ынтымақ, ынтымақты елде — күншуақ.

Халық мақалы

Көзқарас

Ынтымақты елде береке, бірлік және молшылық болады. Себебі ынтымақ бар жерде ауызбірлік пен татулық орнап, игілікке жетудің жолы ашылады.

Тапсырма

Төмендегі ұғымдардың мағынасын ашып, өмірден мысал келтіріңдер:

Татулық Достық Бірлік Ынтымақтастық

Мұғалімнің ойтолғауы: «Жанға жайлы ел»

Жер бетінде жанға жайлы бір ел бар деседі. Ол елдің адамдары шат-шадыман, бір-бірін ренжітпей, аялап, мейіріммен қарайды екен. Онда мұң мен жауласу дегенді білмейді, бір-біріне бауырмал болып өмір сүреді. Сондықтан ол елде бәрі бақытты, бәрі тату, бәрі дос.

Бұл қай ел деп ойлайсыңдар? Бұл — қазақ елі. Отанымыз Қазақстан — әр адамның құт мекені.

Өлең: «Құт мекен» (М. Мақатаев)

Ақ жарқын қауым,
Бірінің қамын бірі ойлап.
Жарандар,
Неткен ынтымақты еді бұл аймақ!
Тамаша ауыл,
Тап-таза көңіл, таза аспан —
Тұрса екен өстіп,
Кетпесе екен лайлап.

Құтты мекенге қанатын көктен жайған күн,
Осынау жерге кіндігімменен байландым.
Байырғы қазақ, бастарыңа кеп бақ қонған,
Мерекелеріңнен, берекелеріңнен айналдым.

Қарттарын сыйлап, жастарын баулып түлеткен,
Қаласын сүйген, даласын сүйген жүрекпен.
Айналдым сенен, аяулы мекен, дарқан ел!
Туған елінің тасына-дағы гүл еккен.

Оқушылар пікірі

Әр оқушы өз елі — Қазақстан, өз құт мекені туралы ойын ортаға салады: туған жердің қадірі, ел ішіндегі татулық, ортақ жауапкершілік және бірлік құндылықтары талқыланады.

Түйіндеме

Бірлігі берік, ынтымағы жарасқан елдің болашағы баянды.

Қорытынды

Берекелі ел болу үшін ынтымақ пен бірлік қажет. Әнет баба айтқандай, ынтымақтарың жарасса, ешбір жау ала алмайды.

Ертеде біреу Бақтан: «Бақ, қайда барып қонасың?» — деп сұрапты. Сонда Бақ: «Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барып қонамын», — деп жауап беріпті.

Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ.

Қорытынды ән

Хор

«Күн дидарлы Қазақстан»

Ұран

Ел ұраны мәңгі анық — әр жүректе жатталады.
Қолға алса барлық халық, бәрі: ынтымақ, бірлік сақталады.