Танымдық қабілетін дамыту

Су — тіршілік көзі

Су — табиғаттың ең қымбат байлығы және өмірдің негізі. Ол адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да тікелей әсер етеді. Сондықтан судың қасиеттерін түсініп, оны қорғау мен үнемді пайдалану — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.

Мақсаты

Қоршаған ортаны танып-білу арқылы су туралы білімді тереңдету.

Білімділік мақсаты

Судың қасиеттерін балалардың жас ерекшелігіне сай жүйелі әрі жан-жақты түсіндіру.

Дамытушылық мақсаты

Судың тіршілікке пайдасы мен ықтимал зиянын, судың күйінің өзгеруін тәжірибе арқылы байқатып, баланың көз жеткізуіне жағдай жасау.

Тәрбиелік мақсаты

Тазалыққа баулу, жеке бас гигиенасын қалыптастыру, суды ластамауға және үнемді пайдалануға тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Танымдық қабілетті дамыту.
  • Есте сақтау мен зейінді жетілдіру.
  • Шығармашылық қиялды дамыту.
  • Іскерлік дағдыларды қалыптастыру және нығайту.

Іске асыру жолдары

Танымдық жобалау әрекеттері

Сұрақ-жауап, қарапайым зерттеу, салыстыру және қорытынды жасау.

Серуен және ойын

Серуен кезінде бақылау, ойын түріндегі тапсырмалар арқылы қызығушылықты арттыру.

Күтілетін нәтиже

  • Бала жобаның белсенді қатысушысы ретінде рухани тұрғыдан бай, тұлғалық қасиеттері қалыптасқан болады.
  • Судың тіршілік үшін маңызы туралы түсінігі нығаяды.
  • Іскерлік пен белсенділік дағдылары артады.

Өлең жолдары

Су — тіршілік негізі,
Онсыз өмір сүрмейсің.

Гигиена егізі — су,
Деп те біліп жүргейсің.

Су — табиғат байлығы,
Өзен, көл деп білгейсің.

Күніне кемі екі рет
Суды ішіп жүргейсің.

Бұлақ көрсең — көзін аш,
Сауабына қаларсың.

Суды ішсең — қанып іш,
Бой сергітіп аларсың.

Су туралы мақал-мәтелдер

Өзен бойы тұрғанда өзге жерге қонбаңыз.
Көлдің көркі — құрақ, таудың көркі — бұлақ.
Бұлақ көрсең — көзін аш.
Өзен жағалағанның өзегі талмас.
Өзен суын жаңбыр тасытады, адам қадірін еңбек асыртады.
Көл тартылса — құс қашар.
Сулы жер құрақсыз болмас, таулы жер бұлақсыз болмас.
Су — ырыстың көзі, еңбек — кірістің көзі.

Су туралы қысқаша түсінік

Жер шарының төрттен үш бөлігін су алып жатыр. Сусыз өмір жоқ: су — тіршілік көзі. Су — сұйық зат; ол өзен, көл, теңіз және мұхиттарды құрайды. Аспаннан жаңбыр болып түседі.

Ауа салқындағанда су қатып, мұзға айналады. Мұз бен қар — судың қатты күйі.

Дымқыл шүберекпен үстел сүртсек, біраз уақыттан кейін шүберек кеуіп қалады: су буға айналып, ұшып кетеді. Бу — мөлдір, түссіз газ, яғни судың газ күйі.

Судың негізгі қасиеттері

  • Судың нақты пішіні болмайды.
  • Түсі жоқ, яғни түссіз.
  • Мөлдір.
  • Дәмі жоқ.
  • Иісі жоқ.
  • Сұйық күйде ағады.

Судың адам ағзасына пайдасы

Сусыз тіршілік болмайды. Біз күн сайын ішеміз, жуынамыз, моншада судың ыстық буын пайдаланамыз. Сондықтан судың ағзаға пайдасын білу маңызды.

Су не үшін қажет?

  1. 1Дене температурасын тұрақтандырады.
  2. 2Қоректік заттарды, қалдықтарды және оттегіні тасымалдауға қатысады.
  3. 3Бүйрек пен бауыр арқылы ағзадағы қалдықтардың шығарылуына көмектеседі.
  4. 4Дәрумендер мен минералдардың таралуын қамтамасыз етеді.
  5. 5Денені жарақаттанудан қорғауға қатысады.
  6. 6Жасушалар мен бұлшық еттердің қалыпты жұмысын қолдайды.
  7. 7Тері жасушаларын ылғалдандырып, сергектік береді.
  8. 8Ас қорыту үдерісінде қоректің қорытылуы, сіңірілуі және қалдықтардың шығарылуына ықпал етеді.
  9. 9Күніне шамамен 2–4 литр су шығынын өтеуге көмектеседі (қажеттілік жағдайға қарай өзгереді).

Ағзадағы судың үлесі туралы деректер

Орташа көлем

40–50 л

Ересек адамның денесіндегі судың шамамен мөлшері.

Қауіпті шек

20%

Денедегі су мөлшерінің 20% жетіспеуі өмірге қауіпті.

Қан

83%

Бұлшық ет

75%

Ми

74%

Сүйек

22%

Су жеткіліксіз болғанда не болады?

Суды жеткілікті ішпегенде

  • Мидың жұмыс істеуі баяулайды.
  • Қан қоюланады.
  • Жүрекке түсетін жүктеме артады.
  • Зәрдің түсі қоюланады.
  • Іш қатуға себеп болуы мүмкін.

Су жетіспеушілігінің белгілері

  • Бас ауыруы.
  • Бас айналу.
  • Шаршау, әлсіздік.
  • Ойдың жинақталуы төмендеуі.
  • Тәбеттің төмендеуі.

Қашан су көбірек қажет болуы мүмкін?

Биік жерде болғанда, ауа ыстық әрі қапырық кезде, тұмау тигенде немесе дене қызуы көтерілгенде суға қажеттілік артуы мүмкін. Мұндай жағдайларда су ішуді жиілеткен дұрыс.