Жалпы асық ойыны - қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы

А. Өміров атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Кенжеғалиева Айжамал.

Кіріспе: халық педагогикасының мәні

Халық педагогикасы — адамның жан дүниесін тәрбиелейтін әрі зерттейтін ілім. Қандай да бір халықтың ұлттық ерекшелігіне, ұлттық психологиясына, салт-дәстүріне мән бермеу ұрпақтар сабақтастығының әлсіреуіне, тіпті жойылуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыруда халық педагогикасына сүйеніп, оның бай тәжірибесін кеңінен қолдану маңызды. Әр халық жас ұрпағы қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол азамат болып өссе деп армандайды және бұл мәселені өз тұрмыс-салтына сай шешіп отырады.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан халықтық педагогика — қажетті қасиеттерді жинақтаған өмір тәжірибесі. Оның түпкі мақсаты — ұлттық ерекшелігімізді айқындай отырып, өнегелі азамат, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Маңызын жоймаған осы құндылықтарды тәлім-тәрбиенің түпқазығына айналдыру — ата-ана мен мұғалімнің ортақ борышы.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Қазақ халқының салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін сабақ барысында тиімді қолдану.

Тәрбиелік

Оқушыларды салт-дәстүр, ырым-тыйым арқылы өз елін сүюге, құрметтеуге, өнерін қадірлеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Ұлттық тәрбие туралы түсінік бере отырып, ой-өрісін, шығармашылығын, санасын және патриоттық сезімін дамыту.

Сабақ форматы

  • Түрі: пысықтау сабағы
  • Типі: дәстүрлі ойын түрінде

Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар

Компьютер Интерактивті тақта Аспап Оқулық Карточкалар Қоржын Асық

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың оқу құралдарын тексеру.
  • Сыныптың назарын сабаққа аудару.

2) Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)

Талқыланатын сұрақтар

  1. Үйге қандай тапсырма берілді?
  2. Халық әні деп қандай әндерді айтамыз?
  3. «Маусымжан» әні қандай темпте, қандай көңіл күйде орындалады?
  4. Қандай ладта, қандай тональдікте жазылған?
  5. Кілт белгісі бар ма?
  6. «Маусымжан» әнін талдау: бұл ән кімнің атына арналып шығарылған?
  7. Қыздар туралы қандай мақал-мәтелдер білесің?

Мақал-мәтелдер және мағынасы

«Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» — қыз баланың тәрбиесі мен көркем мінезі елдің сәнін арттыратынын білдіреді.

«Қыз үйдің сәні, гүл жердің сәні» — үй ішінің берекесі мен сұлулығы қыз баланың ибалы тәрбиесімен байланыстырылған.

«Қыздың жиған жүгіндей» — ұқыптылықты, жинақылықты, тәрбиелі болмысты меңзейді.

«Маусымжан» әнінен мазмұндық түйін

Әнде әйел теңсіздігі, қыз баланың өз қалауынан тыс тұрмысқа берілуі көркем тілмен суреттеледі. Мысалы, «Қыз қосылса теңімен жыламайды, көздің жасын көл қылып бұламайды» деген жолдар сол кезең шындығын аңғартады.

«Маусымжан-ау, Маусымжан, танимын қалқам дауысыңнан» деген жолдар — қыз алыста болса да, дауысынан таныған жігіттің сөздері.

Бұл әнді біздің заманымызға композиторлар өңдеп жеткізген. Үй тапсырмасын талқылау барысында оқушының жауабы тыңдалып, қажет жерінде қателері түзетіледі.

Үй тапсырмасының қорытындысы (асық арқылы сұрақтар)

Сұрақ 1

«Маусымжан» әні кімге арналған?

Жауап: Қызға арналған.

Сұрақ 2

Әнде не суреттелген?

Жауап: Әйел теңсіздігі, қызды еріксіз қосу.

Сұрақ 3

Қандай көңіл күйде орындалады?

Жауап: Орташа, баяу.

Сұрақ 4

Өлшемі қандай?

Жауап: 2/4.

Сұрақ 5

Тональдігі қандай?

Жауап: Ля минор.

3) Жаңа сабақ: орындаушылық дағдыны жетілдіру

«Маусымжан» әнінің соңғы тактілерін санап шығу (5 такті). Оқушыға санап ойнату арқылы қате кеткен тұстарымен жұмыс жасалады. Ұқсас тактілер мен фразаларды оқушының өзі тауып көрсетуі талап етіледі.

Әннің 1-аяқталуы мен 2-аяқталуы салыстырылып қарастырылады. Одан кейін шығарманы басынан аяғына дейін санап, толық орындау жұмысы жүргізіледі.

Оқушының орындауындағы кемшіліктер айтылып, әншінің фортепиано сүйемелдеуімен орындалған нұсқасы үнтаспадан тыңдатылады. Мақсат — келесі сабақтарда әнді кәсіби үлгіге жақын деңгейде орындауға ұмтылу.

4) Қорытындылау (сұрақтар)

  1. Ұқсас тактілер қай жерде кездеседі?
  2. Фраза дегеніміз не?
  3. «7 асық» орналасқан аспап қалай аталады?
  4. Асықты шашып жіберіп ойналатын ойын қалай аталады?

Ұлттық ойын: асықтың тәрбиелік мәні

Асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек — асық ретінде пайдаланылады.

Иіргенде түскен қалпына қарай асық алшы, тәйке, бүк, шік деп аталады. Ал атуға арналған, қорғасын құйылып жасалған түрі — сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы — оңқай асық.

Бұл ойын дәлдікке, мергендікке, шапшаңдылыққа баулиды, сондай-ақ татулық пен ауызбіршілікті нығайтады.

5) Бағалау

Оқушының білімі мен орындаушылық деңгейіне қарай бағаланады.

6) Үй тапсырмасы

«Маусымжан» әнін аяғына дейін санап, толық орындап келу.