ҰРПАҚТАР ҮНДЕСТІГІ
«Ата» деген сөздің салмағы
«Атамыз бізге арнап жазған екен» деп мән беріп, зер салып, ойланып оқысаңдар — бір арманымның орындалғаны деп білемін...
Биыл кішкентай қызым Айжан мектепке барды. Жаңа, ауыр сөмкесін (кейін білдім — барлық кітабын толтырып салып алады екен) көтеріп, томпаңдап келеді.
— Қанша алдың, қызым?
— Көке, бүгін баға қойған жоқ!
Үйге кіре салысымен сөмкесін ашып, сабаққа кірісті. Ынтасы бар. Сүп-сүйкімді. Өмірдің ең үлкен қуанышы — осылар. Сөзі сондай тәтті: анасына ақыл айтып, үйдің қамын ойлап жүргені...
Бір күні дәптерін ұсынып: «Көке, қараңыз... бүгін не жазғанымды?» — деді.
Мен «Ата» деген жазуды оқыдым. — Бұл не?
— «Ата, ата» деп екі рет жаздым ғой.
— Неге екі рет?
— Біреуі — Әбдіхайым ата, біреуі — Сұлтан ата ғой!
«Айналайын, ақылдым!» — дедім ішімнен. Сол сәтте көрші бөлмеден Бақыт пен Мұхтар да елеңдеп келді. «Ата!» — деген сөзді іштей қайталап тұрып, мен үшін оның асқар таудай адам дегенді білдіретінін тағы сезіндім.
Мәтіндегі нәзік сәт
Баланың «ата» сөзін жазып үйренуі — өткен мен бүгіннің жалғанған жері. Тәрбие бір сәтте емес, дәл осындай кішкентай қимылдардан құралады.
Кілт ұғымдар
Ата ақылы: тәрбиенің өзегі
Ата, мен сенің жалғыз ұлдан көрген тұңғыш немерең едім. Құдайдан тілеп, ұзақ күткеніңнен шығар — мені ерекше жақсы көрдің. Бірақ ешқашан есірте еркелетіп, бетіммен жіберген жоқсың. Көбіне қасыңнан тастамайтынсың.
Не туралы сөйлессең де, сөздің соңын үнемі сыйластыққа, кішіпейілділікке, ақылдылыққа әкеліп тірейтінсің. Оның бәрін сол кезде толық түсіндім деу қиын, бірақ жақсылыққа ынтызарлық, жамандықтан жиіркену, адалдық пен шыншылдыққа ұмтылу — біртіндеп көкірекке жинала берді.
Сен жалғыз менімен ғана емес, кез келген адаммен тіл табысып, ашық-жарқын әңгімелесетінсің. Таныс болсын, бейтаныс болсын — кездескен жанның бәріне жақсылық жасауға ұмтылатынсың. Ел ішінде кикілжің туындаса, отбасы берекесі бұзылса, татуластыруға тырысып, сол жерден табылатынсың.
Қамқорлық
Жас балаларды ерекше жақсы көрдің. Жетім-жесірге, тәрбиесі қиын балаларға көмегіңді аямайтынсың.
Ұстаздық мәртебе
Бар өмірің ұстаздыққа арналды. Саған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі атағы берілді. Шын мәнінде, нағыз ұстаз едің.
Ауруханада операциядан кейін қатты қиналып жатқанда да, үйдегі бес жасар інімнің атын қайта-қайта айтыпсың: «Сәкен, Сәкенім!» Немерелеріңнің болашағына алаңдадың. Өмір мен өлім арпалысында да ұрпағыңның қамы ойыңда болыпты. Денсаулығы болмай жүрген інім Кәрімнің есімін де бірнеше мәрте атапсың.
Жақсы мен жаман туралы әңгіме
— Ата, жақсы деген не?
— Жақсының бойында ізгілік, қайырымдылық, адалдық болады.
— Ал жаман деген не?
— Жаманның бойынан қараулық, арамдық, күншілдік сезіліп тұрады.
— Қашан мен жақсының қатарында боламын?
— Үлкейгенде жақсының қасиеттерін игеріп, кездескен қиындыққа көне білсең, бәле-жалаға сабыр етсең —
өзіңді жақсының қатарындамын деп есепте.
Ол кезде мен жеті жастағы балдырған едім. Содан бері қанша жыл өтсе де, бұл сөз жадымнан шыққан емес.
Ата өсиеті: дәптерге түскен аманат
Сен дүниеден қайтқаннан кейін, бөлмеңдегі жазу үстелінің ішінен бізге — немерелеріңе, көрмеген шөберелеріңе арнап жазылған екі қалың дәптер табылды. Өмірде айтып жүргенің аз көрінгендей, ұрпағың зерделесін, тоқысын деп арнайы хат қалдырыпсың.
«Көңілімде туған түйінді ойларымды келешектегі ұрпақтарым — сендерге арнаймын. Аталарыңның ақыл-кеңестерін, өзінше айтқан өсиеттерін әр кез оқып тұрыңдар. Бәлкім, айтқандарымның ішінен пайдалы бір нәрсе табарсыңдар...»
Осы жолдарды оқыған сайын ізгіліктің нұрын алғандай боламын; көзіме еріксіз жас келеді. Сарғыш тартқан парақтар — ата сағынышын жеткізгендей. Үтір-нүктесіне дейін таныс болса да, өсиет дәптеріңді қайта-қайта парақтай беремін.
Есеп сұрамайтын жақсылық
«Адамдарға, ақ пейілді жандарға жақсылық жасаңдар. “Мен жақсылық істедім, ол қайтармады” деп есептеспеңдер, қарақтарым. Жақсылық жасау — адамның Адамдығын көрсетеді...»
«Өмір неткен тамаша»: үмітке шақырған сөз
«Өмір неткен тамаша!» — деп жазыпсың. Жарық дүниеде өмір сүріп, қаншама адамға жолығасың. Қаншама ізгілікті, қуанышты, жақсылықты көресің. Жаның нұрланады. Бірақ ақ бар жерде қара да бар: қайғы-мұңды, жалғыздықты, қатыгездікті де көресің — соған дайын болу керек.
Өсиет қағидалары
- Ойланған үстіне ойлана түс: ақыл — еңбексіз келмейді.
- Түйсік барда түйін жаса: мәселені өзің шешуге тырыс.
- Қиналсаң, жақыныңмен ақылдас.
- Ең бастысы — мақсатыңның айқын екенін сезіне біл.
- Еліңнің өскені — сенің еңсеңнің биіктегені. Ұрпағыңның өскені — мерейіңнің өскені.
Бұл сөздер қанша рет оқысам да мәнін жоғалтпайды. Сегізінші сыныптан бері қайта-қайта оқып келемін. Оқыған сайын жаңа қырын ұққандаймын, есейе түскенімді сеземін.
Жақсылықтың жаңғырығы: ел жадындағы ұстаз
Елге, ұрпаққа деген махаббат — осындай. Жақсылық сатылмайды. Ол санада серпіліс туғызып, жүректерде бүршік атады. Біз білмейтін қаншама жан атамның жақсылығын айтып, толқығанда — жүрек шымырлайды.
Ел құрметі
Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Ынтымақ, Бірлік, Алтынтөбе — жеті ауыл түгелдей атыңды атап отырады. 1989 жылдың 30 тамызында Ынтымақта жаңадан ашылған мектепке Сұлтан Ысқақовтың есімі берілді.
Өлең болып өрілген сағыныш
Ұқсатам өршіл тұлғаңды, ақша қар жапқан шыңдарға.
Жүректен туған жырларды, асқар тау — ата тыңдар ма?
Толқындар соғар жағаға, ағыстар қайта оралмас.
Сәулесін сепкен санаға, өзіңдей ешкім бола алмас.
Алаулап атты нұр таңың, ізгілік үміт үзбейді.
Артыңда қалған ұрпағың, қасиетіңді іздейді.
Келгендей үнің құлаққа, маржанын ойдың теремін.
Қайдасың, ата, бірақ та — теңіздей шалқар тереңім?!
Жылылық есіп өткен күн, шапағатыңнан нәр алдым.
Қарлығашындай көктемнің, сағыныш болып оралдың.
Осы өлеңге сазгер Сүгірәлі Сапарәлиев «Ұстаз ата» атты ән жазды. 1992 жылдың 25–26 сәуірінде 80 жылдығына орай Ұялыжарда мектепаралық ақындар айтысы өтіп, мектеп алдына ескерткіш орнатылды.
Балаларға аманат
Мұның бәрін сендерге құр мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ, балаларым. Мақсатым — өздеріңе арналған өсиетті, тілекті жеткізу. Айжанның сөзінен кейін, бүгін соның реті келген секілді.
Немерелері мен шөберелері бұл мұраны қадірлеп-қастерлеп, бағалай білсе — ұрпақтан-ұрпаққа өтетін қымбат қазына болады. Сендерге жеткізу — мен үшін үлкен борыш, әкелік парыз, қасиетті аманат.
Ескерту сөз
Украиндарда мынадай сөз бар: «Адамның үш жұты бар: өлім, кәрілік және жаман бала». Өлім мен кәрілік — болмай қоймайтын құбылыс. Ал әкелік абыройға әсер ететін жаман баладан құдай сақтасын. Сендердің жаман болуға қақыларың жоқ.
Сендер — сол ардақты атаның шөберелерісіңдер: Бақыт, Мұхтар, Айжан. Аталарың армандаған тереңдік пен биіктіктің қасиетін ұғына білсеңдер екен.
Әкім Ысқақтың «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен (үзінді). Толық нұсқасын қарау.