Сөйлемдерден неологизмдерді табу
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сынып
- 5
- Пән
- Қазақ тілі
- Сабақтың тақырыбы
- Жаңа сөздер (презентация арқылы)
- Сабақтың типі
- Аралас сабақ
- Сабақтың түрі
- Жаңа білімді меңгерту
- Көрнекілігі
- Топшамалар, слайд
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет, тарих, орыс тілі
- Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру, ой қозғау, түртіп алу, эссе жазу, «Автор орындығы», 5 жолды өлең
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға жаңа сөздер туралы түсінік беріп, білім аясын кеңейту.
Тәрбиелік
Оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық
Тіл құдіретін таныта отырып, сөздік қорды байыту және ойындар арқылы ойлау дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
- Сабаққа қатысын тексеру.
- Тренинг арқылы оқушыларды 3 топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Түртіп алу» стратегиясы: оқушылар өткен тақырыпты бекіту үшін берілген мәтіндерден көнерген сөздерді теріп жазады.
I топ
Екі шонжар бұл жолы ханның айтқанына қарсы болып жатады. Хан нөкерін ертіп, сейілге шықты. «Жандарал келді, жандарал келді», — деген хабар жұртты дүрліктірді. Хан бұйырған соң, амал жоқ, уәзірлері өзара ақылдасып, іздеуге кіріседі. Бастарындағы дулыға жағылары, белдеріндегі кіселері, асынған бес қарулары түгелінен бір миясардың қолынан шыққандай.
II топ
Сыбан, Тобықты, Керей, Уақ болыстары, кандидаттары, долынжы билері қастарына тілмаштарын алыпты. Ұлық үйлерінен урядниктер, стражниктер де шықты. Мынау жалғыз ояз емес, көп төренің тобы ғой. Бұны биыл Құнанбай өзі аға сұлтан болғаннан кейін осы Тобықтыға болыстық старшын еткенді. Мұндайлық айналма пәленің ашық аты — «недоимке», «қарашығын» және биыл түскен «түңдік басы».
III топ
Жырдан көнерген сөздерді тап: Бадана көзді кіреуке, Жауға қарсы жетпеген, Жел айырдың оғы өтпеген, Сатуға басын сұрасаң, Мың ділдә да жетпеген. (Ер Тарғын) Алдына дабыл төңкерген, Артына сауыт бөктерген… Барабан соғып, шың қағып. (Қобыланды)
Ой қозғау сұрақтары
- Көнерген сөздер дегеніміз не?
- Көнерген сөздер нешеге бөлінеді?
- Архаизм дегеніміз не?
- Историзм дегеніміз не?
- Мысал келтір.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Тілде жаңа ұғымдарды білдіретін сөздер жаңа сөздер немесе неологизмдер деп аталады.
Неологизм (гр. neos — жаңа, logos — сөз) — қоғамдағы саяси, мәдени, экономикалық қатынастардың, ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге енген жаңа сөздер, сөз тіркестері және фразеологиялық оралымдар.
Лексикалық неологизм
Жаңа ұғымның тууымен бірге пайда болған жаңа атаулар.
Семантикалық неологизм
Сөзбе-сөз аудару немесе мағынаның кеңеюі арқылы төл сөзге қосылған жаңа мағына.
Неологизмдер тілге алғаш енген кезде ғана «жаңа» болып саналады. Уақыт өте келе олар тілге сіңісіп, көпшілікке таныс болып, жиі қолданылғанда жаңа сөз болудан қалады.
Мысал
Алғашында компас, космонавт, спутник сөздері неологизм болған. Кейін қазақша баламалары ғарыш, ғарышкер, жер серігі кең қолданысқа еніп, өз кезеңінде жаңа сөз ретінде танылды.
Жаңа сөздер қатары
Жолсерік, үнтаспа, жеделхат, саяжай, ермексаз, теңге, құжат, отбасы, кеден, зейнетақы, зейнеткер, сынып, үнқағаз және т.б.
Өсімдік және бау-бақша саласына қатысты жаңа сөздер
Қазақ тілінің мәртебесі артып, қолданылу аясы кеңейген сайын өсімдік, бау-бақша саласына қатысты көптеген жаңа сөздер қолданысқа енді: жылыжай (жарық жақсы түсуі үшін төбесі мен қабырғалары шыныдан жасалған көкөніс өсіретін орын), қызанақ, орамжапырақ, қаудан, дернәсіл, үлескі, өскін, жасуша, ағза және т.б.
Тақтамен жұмыс
166-жаттығу
I топтан 1 оқушы мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазады.
167-жаттығу
II топтан 1 оқушы мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазады.
III топ
Төмендегі сөздерден жаңа сөздерді теріп жазады:
Мектеп, карта, телевизор, аялдама, кеден, өнеркәсіп, қағаз, оқулық, баспасөз, ғарыш, әмбебап, желтоқсан айы, сынып, қорғаушы, сұраныс, тапсырыс, асаба, оқушы, ұстаз.
Сыныппен жұмыс: 5 минуттық эссе
Тапсырма 1
Ата заң, әнұран, елтаңба, рәміз, зейнетақы, даңғыл, елбасы, елорда сөздері Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қолданысқа енді. Осы сөздерді қатыстырып, «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбына шағын эссе жазыңыз. (Жұмысты «Автор орындығында» оқыту.)
Тапсырма 2
Төмендегі сөздердің орысша аудармасын табыңыз: төлқұжат, сынып, сазгер, елтаңба, заңгер, әуежай, отбасы, ғарышкер, теледидар, үнтаспа, үнпарақ, дереккөз, мұрағат, бағдаршам, мұражай, жеделхат, балмұздақ, оқулық, ұшақ, жолсерік, тоңазытқыш, ермексаз.
Жеке жұмыс: «Тапқыр болсаң, тауып көр»
№1
Қазақ тілін енді үйреніп жүрген Дымбілместің түсінбеген сөздерін түсіндіріңіз:
Мен _____________ ұшқанын көрдім. Ол маған қатты ұнады. Мен өскенде _____________ болуды армандаймын.
№2
жылыжай, қызанақ, орамжапырақ, түйнеме сөздерін қатыстырып сөйлем құраңыз.
№3
Сөйлемдерден неологизмдерді табыңыз:
- Елбасы мінген ұшақ Астана әуежайына келіп қонды.
- Орал қаласындағы Достық даңғылы бойында Сырым бабамызға ескерткіш орнатылған.
- Үстіміздегі жылы атам мен әжемнің зейнетақысы көбейді.
IV. Сабақты бекіту
Әр топ қалаған жаңа сөзіне 5 жолды өлең құрастырады.
Үлгі (5 жолды өлең): «Ғарышкер»
- 1. Ғарышкер
- 2. Ержүрек, білімді
- 3. Ұшады, зерттейді, тамашалайды
- 4. Тұңғыш ғарышкер — Тоқтар Әубәкіров
- 5. Тоқтар
Қайталау сұрақтары
- Жаңа сөздер деген не?
- Жаңа сөздерге мысал келтір.
- Жаңа сөздер қандай жолдармен пайда болады?
- Мысалдар арқылы дәлелде.
V. Үй тапсырмасы
169-жаттығу, 74-бет.
VI. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындау сапасы және топтық жұмыс белсенділігі бойынша бағалау жүргізіледі.