Робинзон Крузо романнан үзіндіні мазмұндау
Сабақ туралы жалпы мәлімет
- Өңір
- Павлодар облысы, Май ауданы, Көктөбе ауылы
- Мектеп
- Көктөбе жалпы орта білім беретін мектеп
- Пән
- Қазақ тілі мен әдебиеті
- Мұғалім
- Солтанова Анар Амирғалиқызы
- Сабақтың тақырыбы
- Д. Дэфо — «Робинзон Крузо»
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Ағылшын жазушысы әрі публицист Даниэль Дефо туралы мағлұмат беру, «Робинзон Крузо» шығармасының мәнін ашып түсіндіру, көркемдік ерекшеліктеріне талдау жасау.
Дамытушылық
Оқушыларды еркін сөйлеуге баулу, шығармашылық ізденіске бағыттау, сөз өнеріне қызығушылығын арттыру, мәтіннің тереңіне үңілуге үйрету.
Тәрбиелік
Шыдамдылық, тапқырлық, ептілік қасиеттерін дамыту; әлем әдебиетімен сусындатып, рухани құндылықтарға баулу.
- Сабақтың түрі
- Жаңа білім беру
- Әдісі
- Баяндау, сұрақ-жауап, интерактивті тақтамен жұмыс
- Көрнекілігі
- Портрет, кестелер, слайд
- Пәнаралық байланыс
- Тарих, география
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, назарын сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын сұрау
- А. С. Пушкиннің өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік айту.
- «Балықшы мен балық» ертегісінің мазмұнын баяндау.
III. Жаңа сабақ
Ағылшын жазушысы, публицист Даниэль Дефо 1660 жылы Лондонда дүниеге келген. Жазушының ата-бабаларының тегі Фо болған, кейін ол фамилиясына «Де» қосымшасын қосқан.
Дефоның әкесі қолөнерші болып, шеберхана ұстаған. Әкесі ұлын рухани академияға береді. Болашақ жазушы сол жерде француз, итальян, испан, латын және көне грек тілдерін меңгерген.
Ерте шығармаларынан-ақ Дефо буржуазиялық биліктің бірқатар ұстанымдарын сынап, саяси өмірге белсене араласқан: герцог Монмауттың Яков II-ге қарсы көтерілісін қолдаған, 1688–1689 жылдардағы мемлекеттік төңкерісті жақтаған. Саяси көзқарастары үшін түрмеде де отырған.
1731 жылы 26 сәуірде кредиторлардан бой тасалап жүрген кезінде, отбасынан жырақта қайтыс болған. Ол өз дәуірінің саяси өмірі, экономикасы, моралі, діні, тарихы туралы көптеген публицистикалық еңбектер жазды. «Таза қанды ағылшын» (1701) атты өлең-памфлетінде астамсыған ақсүйектерді және діни фанатизмді әшкереледі.
Сонымен қатар, бірқатар шығармаларында буржуазиялық құрылыстың нығаюын, сауда-саттықтың дамуын қолдады («Жобалардың тәжірибесі», 1697).
Дефоның тұңғыш романы «Робинзон Крузо» (1719) оған әлемдік даңқ әкелді. Кейін «Капитан Сингльтон» (1720), «Молль Флендерс» (1722), «Полковник Жактың тарихы» (1722), «Роксана» (1724), «Капитан Карлтонның мемуарлары» (1728) романдарын жазды.
Бүгінгі танысатын шығармамыз — «Робинзон Крузо».
«Робинзон Крузо»: қысқаша мазмұн және деректік негіз
1719 жылы Лондонның әдеби өмірінде ерекше оқиға болды: дүкен сөрелеріне Даниэль Дефоның «Робинзонның өмірі және таңғажайып хикаялары» атты романы түсті. Кітаптың бағасы ер адамның костюмімен немесе жылқының жарты құнымен шамалас болса да, жұрт оны тез арада сатып алып отырған. Үш ғасыр өтсе де, Робинзонның тарихы оқырманын әлі де баурайды.
Көпшілік біле бермейтін бір жайт: Робинзонның оқиғасының шынайы деректік негізі бар. Дефоның ең танымал романының жазылуына шотландық теңізші Александр Селькирктің басынан өткен оқиға түрткі болған.
Теңізді жастайынан сүйген Селькирк қарақшылар кемелерінде матрос болып жүрген. 1704 жылдың қазан айында капитанымен сөзге келіп қалып, Мас-а-Тьерра аралында қалып қояды. Ол аралда 4 жыл 4 ай өмір сүруге мәжбүр болған. Ал Дефоның кейіпкері аралда 28 жыл ғұмыр кешеді.
Шығармаға жоспар құру
- Кеменің қатты дауылға тап болып, апатқа ұшырауы.
- Аралға ат қоюы.
- Кемеден қажетті заттарды тасуы.
- Орманды аралап, уақыт есебін жүргізуі.
- Өзіне қолайлы жерге күрке тұрғызуы.
- Егін салумен айналысуы.
- Кемеге алаң болуы.
Көрнекілік (слайд мазмұны)
- Картадан арал мен теңіздерді көрсету.
- Апатқа ұшыраған сәт.
- Аралға жағаға лақтырылып шығуы.
- Аралдағы тұрмыс-тіршілігі.
- Робинзонның басынан кешкен оқиғалары.
Әңгімеге сатылай кешенді талдау
- Автор
- Даниэль Дефо
- Тақырып
- Елсіз аралдағы теңізшінің өмірі
- Идея
- Арал өміріндегі қиындықтар арқылы адам төзімі мен еңбектің қуатын таныту
- Жанр
- Роман
- Кейіпкер
- Робинзон Крузо
Композициялық құрылым
- Басталуы: кеме апатқа ұшырап, Робинзонның белгісіз аралда жалғыз қалуы.
- Дамуы: аралға ат қоюы, кемеден зат тасуы, қоныс таңдауы.
- Шиеленісуі: аң аулау, еңбек ету, демалу сияқты істерге уақыт белгілеп, күн тәртібін реттеуі.
- Шарықтау шегі: егіншілікпен айналысуы.
- Аяқталуы: кемеге алаң болып, екінші орынға көшу ниетін кейінге ысыруы.
Сөздікпен жұмыс
Сал — ағаштан байланыстырылып жасалған жүзу құралы.
Мұқтаждық — қажеттілік.
Қайла — жер қазатын аспап.
Мұқатып — жүзін қайырып, бет бұрғызып.
Астау — аузы кең, үлкен ыдыс.
Құдды — тәрізді, секілді.
Нана қою — сену.
Кендір — кендір өсімдігінен есілген жіп.
Қуаңшылық — құрғақшылық.
Күллі — бүкіл, барша.
Тәрбиелік мәні (түйін)
Шығарма адам рухының беріктігін, еңбектің көптеген қиындықты жеңетінін, ұстамдылық пен сабырдың тұлға қалыптастырудағы маңызын танытады.
VI. Түсінікті тексеру (сұрақтар)
- Елсіз аралға Робинзон қалай тап болды?
- Ол өзіне баспана жасау үшін қандай әрекет жасады?
- Еңбек құралдарын қалай дайындады?
- Жұмыс, аң аулау, демалу, тамақтану уақыттарын қалай реттеді?
- Күнделікті өміріне қажетті азықты қалай және қайдан тапты?
- Егіншілікпен және мал өсірумен айналысты ма?
- Дәнді қайдан алды?
- Бірнеше күнге созылған жауынды күндері қандай іспен айналысты?
IV. Сабақты бекіту
- Робинзон өмір сүрген аралдың ауа райына қатысты мәліметті мәтіннен тауып, оқып беру.
- Елсіз аралда жалғыз қалып, бірнеше жыл өмір сүру оңай ма?
- Адам өз қорқынышын қалай жеңеді деп ойлайсыңдар?
V. Үй тапсырмасы
- «Робинзон Крузо» романынан үзіндіні мазмұндау.
VI. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының нақтылығы мен белсенділігі негізінде бағалау жүргізіледі.