Көкпар тарту
Ұлттық ойындар: «Көкпар тарту» және «Теңге ілу»
Бұл іс-шара ұлттық ойындар арқылы балаларды татулыққа, адамгершілікке және өзара сыйластыққа тәрбиелеуге бағытталады. Ойын барысында достық қарым-қатынас нығайып, салт-дәстүрді құрметтеу мен сақтаудың маңызы айқындалады. Сонымен қатар балалардың шынайы достықты сезіне білу дағдылары дамиды.
Мақсаты
- Ұлттық ойын арқылы татулық пен адамгершілікке баулу.
- Бір-біріне деген сыйластықты, достық қарым-қатынасты нығайту.
- Салт-дәстүрді сақтай білуге тәрбиелеу.
- Шынайы достықты сезіне білу дағдысын дамыту.
Көрнекіліктер
Ойын мазмұнын әсерлі жеткізу үшін ұлттық нақыштағы элементтер пайдаланылады.
Әділ-қазылар алқасы
- 1 Әдіскер Қалдымұратова А.
- 2 Тәрбиеші Қанатқали Б.
Іс-шараның ашылуы
Тәрбиешінің сөзі
Балалар, алдымен бізге келген қонақтармен амандасып алайық.
Қош келіпсіз, ата-ана, апай білікті,
Жүздеріңізде мейірім нұры тұныпты.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,
Біз — өнерпаз балаларыңыз қылықты.
Енді әділ-қазылар алқасын тағайындайық.
Сайыстың құрылымы
Сайыс екі бөлімнен тұрады:
- I. «Көкпар тарту»
- II. «Теңге ілу»
Қатысушылар
«Тұлпар» тобы
4 қатысушы
«Сұңқар» тобы
4 қатысушы
Сәттілік тілей отырып, сайыскерлерді ортаға шақырамыз.
I бөлім: «Көкпар тарту»
Ойынның шарты
Алаңның әр бұрышына жалаушалар ілінеді. Екі жаққа шеңбер (отау) сызылады. Орталық шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады.
Жарыс басталар кезде командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Ойын алаңдағы төрешінің белгісі бойынша басталады.
«Көкпар тарту» қатысушылар санына байланысты 8–15 минут аралығында өтеді.
Негізгі мақсат
Көкпаршылардың мақсаты — орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының отауына жеткізу.
Көкпар отауға жеткізілгеннен кейін ойын қайтадан алаң ортасынан басталады.
Жеңімпазды анықтау
Белгіленген уақыт ішінде қай команда көкпарды өз отауына көп жеткізсе, сол команда жеңіске жетеді.
II бөлім: «Теңге ілу»
Ойынның шарты
Ойынға қатысушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді. Әрқайсысы жеке-жеке шыбық атқа мінеді.
Басталатын жерге сызық сызылады. Одан әрі 20–30 метр қашықтықта тереңдігі бір қарыстай екі шұңқыр қазылады. Әр шұңқырға он-оннан тас салынады.
Әр топтан екі сайыскер шығып, сызыққа қатар тұрады. Бастаушының белгісімен шыбық аттарын құйғыта шауып, шұңқырға жеткенде қол соғып, тасты іліп алып, шауып кете береді. Шұңқыр тұсында бөгелуге болмайды.
Ұпай есептеу
Ұпай әр сайыскердің іліп алған тастарының санына қарай есептеледі.
Қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңіске жетеді.
Қорытынды және марапаттау
Тәрбиешінің қорытынды сөзі
Осымен сайыс өз мәресіне жетті. Ендігі сөз кезегін әділ-қазылар алқасына береміз.
Әділ-қазылар шешімі
Әділ-қазылар сайысты қорытындылап, жеңіске жеткен топты марапаттайды.