Шидің бір шеті жұқа

Сабақ жоспары

Ши тоқу өнері

Мұғалім

Әлжанова Роза Зейнуллақызы

Білім беру ұйымы

Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебі

Сабақ түрі

Аралас

Әдістері

Түсіндіру, сұрақ-жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс

Көрнекілігі

Дайын ши түрлері

Пәнаралық байланыс

Сызу, бейнелеу өнері, тарих, биология

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға ши тоқу өнері, оның тоқылу тәсілдері мен өңделуі туралы толық мәлімет беру.

Дамытушылық

Теориялық білімді сарамандық жұмыста қолдана білуге үйрету, өз бетінше ізденуге дағдыландыру, ой-өрісті дамыту.

Тәрбиелік

Өз қолымен әсем бұйым жасауға ұмтылдыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, іскерлікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Құрал-жабдықтарды тексеру.
  • Зейінді сабаққа аударту.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен тақырыпты қайталап, оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою арқылы білімін пысықтау.

III. Жаңа сабақ

Ши тоқу (орау) — бұрыннан келе жатқан, бүгін де мәнін жоғалтпаған ұлттық өнер. Ол қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кең тараған және тұрмыстық қажеттілікке кеңінен қолданылған.

Шидің тұрмыста қолданылуы

  • Киіз үйде кереге сыртына тұту.
  • Үй ішіндегі ыдыс-аяқ пен ошақ басын қоршау.
  • Киіз үйдің есігіне ұстау.
  • Киіз басу кезінде төсеніш ретінде пайдалану (киіздің ылғал тартпауына көмектеседі).
  • Құрт жаю, тары сүзу сияқты шаруашылық жұмыстар.

Қазақ қолөнерінде шиді боялған түрлі-түсті жүнмен орап, өрнектеп безендіру дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан. Ши сырт көрінісіне қарай үш топқа бөлінеді:

Ақ ши

Қабығынан тазартылған, көбіне құрт, ірімшік сияқты тағамдарды жаюға қолданылады.

Ораулы (орама) ши

Тұтас емес, ара-арасынан оралған түрі. Сәндік мақсатта да пайдаланылатын бұйым.

Шым ши

Ұзына бойы түрлі түсті жүнмен немесе жібекпен оралып, өрнекпен көмкерілген сәнді жиһаз.

Шым ши өрнегінің ерекшелігі

Шым ши тоқуда ою-өрнектің композициялық құрылысы ерекше мәнге ие. Қазақ шеберлері қолданатын оюлар композициясына қарай: жекелеген және тұтас, бір беткей ұзындық, екі жақты ұзындық болып жіктеледі. Жекелеген және тұтас ою түрі кейде «шаршы ою» деп те аталады.

Геометриялық элементтер ретінде ромб, төртбұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үшбұрыш, көпбұрыш және сүйір бұрышты, крестке ұқсас пішіндер жиі кездеседі.

Жүзіктеу және «ши ұстау»

Өрнектеп тоқылған ши бетіне салынған түрлер «жүзіктеу» деп аталады. Әдетте алты шаршыдан кейін екі жағынан шыбық ши, одан соң алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды: көшіп-қонғанда өрнекті жағы тез тозбас үшін алақан ши шым шидің екі шетіне салынады.

Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін иінді айналдыра тұтылған ши «ши ұстау» деп аталады.

Еңбек бөлінісі және шикізатты дайындау

Ши тарту, артып орау, жүн орап тоқу — ауыл адамдарына ортақ жұмыстар. Дегенмен, ши тоқумен көбіне әйелдер айналысқан, ал шиді тарту, көлікке тиеу-түсіру сияқты ауыр жұмыс ер азаматтардың үлесінде болған.

Тоқылатын ши мал баспаған жерден, өсіп жетілген кезде суырылып алынады. Оны таңертең немесе жаңбырдан кейін тартқан тиімді: бұл кезде түбі жібіп, оңай суырылады. Әкелінген ши түгелдей жарамды бола бермейді — іріктеліп, қабығы аршылып, көлеңкеде кептіріліп, «келтіріледі».

Ши ораудың екі тәсілі

1-тәсіл

Дайын тоқулы шидің өрнегіне қарап орау: шилерді бір-бірлеп өрнек үстіне дәл келтіріп қойып, буындарын санап отырып түрлі түсті жүнмен (немесе жібекпен) орайды. Оралған шилерді шатастырмау үшін өрнегіне сай етіп бөлек-бөлек шуда жіппен тізіп отырады.

2-тәсіл

Жаңа өрнек үлгісімен тоқу: алдымен оралатын өрнектің үлгісі жасалады. Жіп түстері сол үлгідегі өрнекке сәйкес таңдалады. Шидің бір шеті жұқарып, екінші шеті қалыңдап кетпеуі үшін түп жағы мен шашақ жағы кезектестіріліп салынады.

Жіп дайындау және станок

Тоқу жібі екі қабаттап ширатылып, бірнеше домалақ етіп дайындалады. Домалақтар салмақты болуы үшін темірге немесе тасқа оралады.

Ши тоқуға арналған қарапайым станок екі ағаштан (ашалы тіректерден) және көлденең қойылған ағаштан құралады. Станокты киіз үйдің ішіне немесе жабық бастырманың астына орнатады. Арқалықтың биіктігі шамамен 120–130 см болғаны, түрегеп тұрып тоқуға ыңғайлы.

Станок дайын болған соң салмақты жіптер арқалыққа көлденең асылады (арасы шамамен 10–15 см). Алғашқы ши жіп үстіне қойылып, салмалы жіпті әрлі-берлі айқастырып шалу арқылы бастырылады. Бір ши толық тоқылғаннан кейін келесісі салынып, осы тәртіп жұмыстың соңына дейін қайталанады.

Алақан, шибау және әрлеу

Тоқылған шидің екі шеті берік болуы үшін басталар және аяқталар жақ шетіне үш-төрт шиді қабаттап, алдын ала ширатылған жүн жіппен айқастыра, үшбұрыштар тізбегі тәрізді етіп байланыстырады. Бұл бөлік «шидің алақаны» деп аталады.

Шиді баулау үшін қарақұсқа бекітілетін бау «шибау» деп аталады. Тоқу аяқталған соң шидің бас-аяғы тегістеліп қырқылады, кейбір шеберлер қырқылған екі шетін әдемі матамен көмкеріп тігеді.

Қорытынды бөлім

Бүгінгі сабақта ши тоқу өнері туралы толық мағлұмат алдық және оның тұрмыстағы маңызы мен түрлерін қарастырдық.

Бекіту сұрақтары

  1. 1.Ши дегеніміз не?
  2. 2.Шиді қандай мақсатта пайдаланады?
  3. 3.Шидің қандай түрлерін білесіңдер?
  4. 4.Ши сырт көрінісіне қарай нешеге бөлінеді?
  5. 5.Шиді қай кезде тартқан тиімді?

Үй тапсырмасы

  • Мәтінді оқып келу.
  • Әр түрлі тоқыма жіптерін алып келу.