Көк аспан - кеңшіліктің, тыныштық пен биіктіктің белгісі
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Пән мұғалімі
- Жаназилова Айнагүл Маратовна
- Әдісі
- Сұрақ-жауап, көрнекілік
- Көрнекілігі
- Интерактивті тақтадағы қанатты сөздер, ҚР-ның рәміздері, Президент портреті, Әнұран (әуені)
Мақсаты
- Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы түсініктерін қалыптастыру.
- Оқушыларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына және халқына адал қызмет етуге; ел Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге; өз халқының тегі мен тарихын білуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Мұғалім сөзі: «Отан» ұғымы
Отан — адамның туып-өскен жері, атамекені, ел-жұрты, табиғат байлықтары, халқы; қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тілі, мәдениеті, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрып ерекшеліктері бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ. Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан — анасындай.
Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу үшін ең алдымен олардың мәнін терең түсіну қажет. Рәміздер — елдің өмір салтын, болмыс ерекшелігін, арман-аңсарын және өзге елдермен байланыс мұратын білдіретін айрықша белгілер.
Негізгі ұғым
Мемлекеттік рәміздерге Әнұран, Ту, Елтаңба, сондай-ақ ел басшылығы және Ата заң ұғымдары жатады.
Әнұран
Батырлықтың уызына жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта,
Кім айта алар «болмаған» деп Әнұран.
Оқушылар орындарынан тұрып, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.
Сұрақ-жауап
Әнұранның әнін және сөзін жазған авторлар кімдер?
- Әні: Шәмші Қалдаяқов
- Сөзі: Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов
Ту
Бәрі болған қараң сынды көне ел —
Белгі де бар, ерлік те бар, өнер де.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді «Ту болмады» дегенге?
Ту бейбіт кезде құрметпен сақталып, көбіне тек жаугершілік уақытта ғана шығарылған. Тудан айырылу — өліммен тең саналған. Қазақ жеріне көз тіккендер аз болмаған. Қиын-қыстау кезеңдердің бірінде дана бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Ордабасыда бас қосқаннан кейін, Әбілқайыр хан үш жүздің басын біріктіріп, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан деген дерек бар.
1992 жылдың маусым айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық Туға тағзым етті.
Сұрақ-жауап
Еліміздің Туында не бейнеленген?
Тудың ортасында күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Сабы жағында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ орналасады. Күн шұғыласы, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес.
Елтаңба
Бас білдіріп, жер тарпығын тарпаңға,
Жасы тұрмақ, шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен-таңба?
Сұрақ-жауап
ҚР-ның Елтаңбасында нелер бейнеленген?
Күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары.
Мағынасы
Көк аспан — кеңшіліктің, тыныштықтың және биіктіктің белгісі. Ашық аспанға тараған күн сәулелері сәулетті өмірді меңзейді. Биіктегі жұлдыз — Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт нұры төгіліп тұрғанын білдіреді.
Елтаңбадағы алтын шаңырақ «Қазақстан — қара шаңырақ» деген қасиетті ұғыммен астасады: бір шаңырақ астындағы халықтардың бірлігіне үндейді.
Қанатты тұлпар бейнесі қазақтың аңыз-ертегілерінен алынған. Аңыз бойынша, қанатты тұлпарға мінген алып батыр халықты қасіреттен азат еткен.
Бидай сабақтары — молшылықтың нышаны.
Авторлары
Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары — танымал суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Аман Уәлиханов.
Президент
Шықты тарап ой-данадан,
Бері қарап жұлдыз беті.
Өзі қалап, сайлап алған,
Елімнің бар Президенті.
Түсіндіру
Ата Заңымыз бойынша мемлекет басшысы — Президент. Латын тілінен аударғанда «президент» сөзі «алдында отырған» деген мағынаны білдіреді. 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық сайлау қорытындысы бойынша Н.Ә. Назарбаев қайта Президент болып сайланды.
Егемен еліміз әлемдегі басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде өз рәміздерін айқындады. Бұл қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, әдептік рәсімдерін орындауды азаматтық борыш деп білуі тиіс.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, туған жерімізді, мемлекеттік рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайтуға ұмтылайық. Туған жер — киелі ұғым: әр қазақстандық оны қадірлеп, қастерлеуге міндетті екенін ұмытпайық.
Елімізді қорғайтын ер-азаматтар, асыл ұрпақтар, тәрбиелі ұл-қыздар көбейе берсін.
Енді бүгін өлген Туым тірілді,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Босағада қалып кеткен Елтаңбам,
Баяғыша төріме кеп ілінді.