Құтты болсын мереке, Құтты болсын мереке

Мерекелік іс-шара Бастауыш сынып Тәрбие сағаты

«Қоңыр күз» мерекелік кешінің сценарийі

Мекеме
Қарағанды қаласы, №79 жалпы білім беретін орта мектеп
Мұғалім
Орынбасарова Мейрамгүл Асқарқызы
Тақырып
Қоңыр күз
Формат
Өлең, ән, ойын және қойылым

Мақсаты

  • Оқушылардың күзгі табиғат ерекшеліктері туралы білімін тереңдету.
  • Күз байлықтары: астық, көкөніс, жемістер туралы түсініктерін толықтыру.
  • Күз мезгілінің тіршілікке тигізер пайдасын өлең жолдары мен қойылымдар арқылы ұғындыру.
  • Еңбекті қадірлеуге, табиғат сұлулығын сезіне білуге тәрбиелеу.

Кештің басталуы

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! «Мерекелі, берекелі, қоңыр күз» атты іс-шараға қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Береке, бақ дарыған, жомарт көңіл, жарқын күз,
Сары алтынға малынған жетті міне қоңыр күз!
Демекші, міне бізге күз мезгілі де келді.

1-жүргізуші

Қуандырып біздерді, мерекелі күз келді.
Кел, жемісті алтын күз, кемелденсін халқымыз!

2-жүргізуші

Армысың, сары алтындай қоңыр күнім,
Күн нұрын төккендей боп жапырағың.
Қарсы алып біз өзіңді тұрмыз міне,
«Қоңыр күз» деп өзіңе айдар тағып.

Сахнаға «Күз» кейіпкері шығады

«Сәлем, өрен достарым! Өмірге көп қосқаным — қымбатты сый. Алыңдар! Қызығына қаныңдар, шаттықты молайтыңдар, бақытты ән айтыңдар!»

Ән мен өлеңдер

Ән: «Жылайды жапырақ»

Музыкалық нөмір (орындаушылар: оқушылар).

1-бала (Шерхан)

Көк аспаның мөлдіреп,
Алтын күзің елжіреп.
Асыр салып жүре бер,
Сары көйлегің желбіреп.

2-бала (Динара)

Алтын, сары, қызыл-көк —
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.

3-бала (Аңсаған)

Мерейлі күз, мырза күз,
Сыйлығыңа ризамыз.
Аппақ арай таңында
Шомыламыз нұрға біз.

Қойылым: «Тауық пен тышқан»

Ертеде тауық пен тышқан өте тату дос болыпты. Бір күні тауық бір уыс бидай тауып, досынан оны үгітіп беруін сұрайды. Бірақ тышқан: «Мен үгіте алмаймын», — дейді. Амалсыздан тауық бидайды өзі үгітіп, мап-майда ұн жасайды. Ұннан қамыр илеп, тышқаннан бауырсақ пісіруін өтінеді. Еріншек тышқан: «Өзің пісіре салшы», — деп жалтарады.

Тауық бауырсақты өзі пісіріп, табаққа салып: «Бауырсақты кім жейді?» — дейді. Сонда тышқан: «Мен, мен!» — деп жетіп келеді. Тауық: «Бидайды үгітуге де, бауырсақты пісіруге де еш үлес қосқан жоқсың. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», — деп, тышқанды қуып жібереді. Содан бері тауықтар тышқанды көрсе, үрке қарайды екен.

Тауық

«Мына бидайды үгітіп берші?»

«Мына иленген қамырдан бауырсақ пісір.»

«Бауырсақты кім жейді?»

Тышқан

«Мен үгіте алмаймын.»

«Өзің пісіре салшы.»

«Мен, мен!»

Қорытынды ой

Еңбекке ортақтасқан адам ғана нәтижеге лайық болады.

Көрініс: «Күнбағыс неге жылайды?»

Ән: «Күзгі елес»

Ән орындалған соң, «жылаған дауыс» естіледі.

Күз

Балалар, қараңдаршы, мынау күнбағыс емес пе? Саған не болды, неге жылап тұрсың?

Күнбағыс

Сәлеметсіңдер ме, балалар. Бақшадағы барлық егінді жинап алды да, мен қалып қойдым. Қорқып тұрмын… Ешкімге керегім жоқ сияқты.

Күз

Күнбағыс қатты қорқып қалыпты. Кәне, мерекемізге шақырып, көңілін көтерейік. Келісесіңдер ме?

Балалар: «Иә!»

Күнбағыс

Сендер мені шынымен кіргізесіңдер ме? Рахмет! Қуанып тұрмын.

Күз күнбағыстың қолынан ұстап, залға кіргізеді.

Ән: (оқушылар орындайды)

Келесі нөмір — балалардың әні.

4-бала (Алихан)

Жемісті мол теретін —
Күз дос екен біздермен.
Бәрін тауып беретін —
Жомарт екен күз деген.

5-бала (Дәурен)

Бұлт ағады аулаққа,
Күз келіпті бау-баққа.
Жаздай піскен жаңғақ та
Шашылады жан-жаққа.

Ойын: «Күнбағыс»

Ережесі

Ортаға 5 күнбағыс бас киімі қойылады. Музыка әуенімен 6 бала ортаға шығады. Музыка тоқтағанда бас киімді киіп үлгеруі керек. Үлгермеген бала ойыннан шығады.

Жеңген бала: «Енді мен жалғыз емеспін, менің досым бар!» — деп қуанады.

Көрініс: «Қарға мен күнбағыс»

Қарға

Кар-кар-кар! Мен күнбағысты іздеп жүрсем, бұл мұнда неге жүр? Бұл — менің күнбағысым!

Күнбағыс

Мені балалар мерекесіне шақырды. Мұнда өте қызық болып жатыр.

Қарға

Қандай мереке ол?

Балалар: «Күз мерекесі!»

Қарға

Тауыпсың мерекені! Сен менің күнбағысымсың, алып кетем!

Шиеленіс

Күнбағыс қорқып, балалардың артына тығылады: «Ол мені қазір шоқып тастайды… Мен барғым келмейді!»

Күз

Қарға, асықпа. Біздің балалар қалай билейтінін көрші.

Би: (оқушылар орындайды)

Биден кейін қарға таңғалып, кетіп қалады.

Қарға

Ой-ой-ой… Кар-кар-кар! Басым айналып кетті ғой. Қой, өз орманыма қайтайын.

(Сахнадан шығып кетеді.)

Күнбағыс

Рахмет, балалар. Мен сендерге де сыйлық бергім келеді.

Күз

Сау бол, күнбағыс. Жалғызсырама. Бізге қонаққа жиі келіп тұр.

Қорытынды сөз

Күз: «Рахмет, балалар, өнерлеріңе! Уақыт өтпес бірліксіз, бақыт келмес тірліксіз. Талмай еңбек етіңдер, қыстан аман өтіңдер. Енді мен қайтайын. Келесі жылы тағы келемін. Мені қуандырып қарсы алдыңдар — ризамын. Қош сау болыңдар, келесі жылы амандықпен кездескенше!»

Көрініс: «Күз туралы ертегі»

Алмұрт

Әке, шыршаны неге сырт жаққа отырғыздыңыз? Неге бау-бақшадағы жеміс ағаштарының жанына отырғызбадыңыз?

Әке

Шырша — мәңгі жасыл ағаш. Ол жүздеген жыл бойы жасыл қалпын сақтайды. Жеміс ағаштарыңды жел мен аяздың ызғарынан қорғайды, оларды қарауылдайды.

Шырша

Сендер неге сап-сары алтындай болып кетіпсіңдер?

Алмұрт

Мен жаз бойы жайқалып өстім, гүлдедім, жеміс бердім. Күз келіп, күн суыта бастағанда, қатты ұйқы қысады. Енді қысқы тынығуға дайындаламын.

Алма

Күн суытса, топырақ та құрғайды. Бұрынғыдай тамырымыздан бұтақтарымызға су еркін жетпейді. Сондай уақытта мені де ұйқы қысады.

Шырша

Егер тамырларыңа су жеткілікті болса, ұйықтамайсыңдар ма? Ұйықтамаңдаршы.

Алма мен алмұрт

Қыста ондай суды табу қиын. Бізге тәулігіне шамамен 40 литр су қажет.

Жел

Уф-уф-уф…

Шырша

Ұйықтасаңдар, неге «көйлектеріңді» шешесіңдер? Тоңбайсыңдар ма?

Алмұрт

Біздің «киіміміз» — жапырақтарымыз. Суыққа төзімдіміз.

Шырша

Мен өмірімде ұйықтап көрмеппін.

Алмұрт

Иә, біз ұйықтағанда сені күзетсін деп бағбан алып келген. Сенің ұйықтамайтыныңды білген ғой.

Шырша

Алақай, қар жауып жатыр! Ұйықтаңдар, ұйықтаңдар. Мен сендерді тынбай күзетемін.

Қар

Шырша, мен саған көмектесемін. Жалғызсырама.

Кештің жабылуы

2-жүргізуші

Көбейді құт-береке,
Астық толы қоймамыз.
Құтты болсын мереке,
Құтты болсын мереке!

1-жүргізуші

Жел түлегім, солды гүл тегіс.
Көш тартып тізіліп,
Қоштасады бізбен күз!

Құрметті қонақтар, бүгінгі «Қоңыр күз» кеші жабық деп жариялаймыз.