Дина Әсемқоңыр Сабақтың мақсаты

Сабақ тақырыбы: «Дина — “Әсемқоңыр”»

Бұл сабақта қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, «Әсемқоңыр» күйінің шығу тарихын және орындалу ерекшеліктерін меңгереміз.

Сабақ мақсаты

Білімділік

Д. Нұрпейісованың «Әсемқоңыр» күйін үйрету арқылы ұлттық өнердің құндылығын насихаттау, домбыраға және күй орындауға қызығушылық ояту.

Дамытушылық

Оқушының орындаушылық шеберлігін арттыру, есте сақтау қабілеті мен музыкалық сауаттылығын жетілдіру.

Тәрбиелік

Динаның күйлері арқылы күй өнерінің тәрбиелік маңызын түсіндіру, орындаушылық дәстүрді құрметтеуге және оны жалғастыруға баулу.

Сабақ форматы мен көрнекіліктер

Сабақ түрі

Дәстүрлі сабақ.

Көрнекілік құралдары

  • Күйшінің суреті
  • Домбыра және басқа да аспаптар
  • Ноталар
  • Үнтаспа, бейнебаян

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Журналға белгі қою
  • Аспаптарды даярлау

II. Үй тапсырмасын тексеру

Қазанғаптың «Көкіл» күйі: оқушы күйді жатқа орындап, көркемдік мәнерін жеткізеді. Сұрақ-жауап арқылы үй тапсырмасы бекітіледі.

III. Жаңа сабақ: Дина Нұрпейісова және «Әсемқоңыр»

Дина туралы қысқаша мәлімет

Дина Нұрпейісова — қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Ол 1861 жылы Бекетай құмында (қазіргі Батыс Қазақстан өңірі, Жаңақала ауданы) дүниеге келген. Жастайынан-ақ Дәулеткерей, Түркеш, Есжан, Байжұма сияқты күйшілердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, ел ішінде «домбырашы қыз» атанған.

Динаның даңқын естіп, Құрманғазы арнайы іздеп келіп, оның домбыра тартысына сүйсініп, батасын берген және күй орындаудың терең сырларын үйреткен.

Динаның күйлері

  • «Әсемқоңыр»
  • «Жеңіс»
  • «Ана бұйрығы»
  • «Тойбастар»

Бейнебаян және тыңдалым

Дина әжеміз туралы бейнебаян көреміз. Одан кейін «Әсемқоңыр» күйін Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің орындауында тыңдаймыз. Тыңдап болған соң күйдің құрылысына талдау жасаймыз.

«Әсемқоңыр» күйінің тарихы мен мазмұны

Дина бұл күйінде балалардың алаңсыз, балдәурен шағын, шат-шадыман өмірін бейнелейді. Күйдің қызы Қоңырға арналғаны белгілі. Қоңырдың он бір баласының бірі — Бағила Бишаева — бүгінде Орал қаласында тұрады.

Музыкалық-орындаушылық талдау

Екпіні

Орташа екпінде, терең сезіммен орындалады.

Өлшемі

2/4

Қағыс үлгісі

П П П П П П V П V П ППVV

Нота ұзақтықтары

Сегіздік, төрттік, он алтылық.

Кілттік белгі

Фа-диез (фа#).

Маңызды белгілер

  • Лига белгісі
  • Пунктирлі ырғақ

Лига дегеніміз не?

Лига — бір немесе бірнеше нотаны өзара байланыстырып, дыбысты үзбей, жалғастырып орындауға арналған белгі.

Пунктирлі ырғақ дегеніміз не?

Пунктирлі ырғақ — нота ұзақтығы нүкте арқылы ұзартып берілетін ырғақтық үлгі; орындауда екпін мен серпін айқын сезіледі.

Лига қойылған ноталарды домбырада орындаудың негізгі тәсілдері жаттығулар арқылы түсіндіріледі. Оқушы күйді нотаға қарап санап ойнайды. Күй үлкен сағаға дейін талданып, бөліп-бөліп орындату арқылы үйретіледі. Соңында бірнеше рет қайталап, пысықтаймыз.

Сабақты бекіту

Атауларды сәйкестендіру

Оқушы төмендегі атауларды (күй/күйші) дұрыс топтастырып жазады:

«Тойбастар»
«Көкіл»
«Ақсақ киік»
«Құдаша»
Қазанғап
Дина
Құрманғазы
Дәулеткерей
Н. Тілендиев

Сұрақ-жауап

  1. 1. Бүгін қай күйшімен таныстық? Оның қандай күйлерін білесің?
  2. 2. Динаға домбыра тартудың терең сырларын үйреткен күйші кім?
  3. 3. «Әсемқоңыр» күйі қандай екпінде орындалады?

Бағалау

Оқушының орындауы, ноталық сауаты, ырғақ дәлдігі, қағыс тазалығы және көркемдік мәнері бойынша бағаланады.

Қорытынды

Бүгінгі сабақта Құрманғазының шәкірті, ұлы күйшінің мұрасын бүгінге жеткізген Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын қарастырдық және «Әсемқоңыр» күйін үйрендік. Алдағы уақытта сендер сияқты дарынды оқушылар күйшілік дәстүрімізді жалғастырады деген сеніммен сабағымызды аяқтаймыз.

Үй тапсырмасы

  • Күйші туралы шағын мәнжазба жазып келу.
  • «Әсемқоңыр» күйін жай екпінде ойнап келу.