Қолдарыңды жоғары, содан кейін екі жаққа созыңдар

Сабақ туралы

Бағыты

Өзін-өзі тану (ашық сабақ)

Тақырыбы

«Отбасыңа жақсылық тілеймін»

Мақсаты

Оқушылардың «отбасы» және «үй» ұғымдары туралы түсінігін кеңейту; жанұя ішіндегі өзара сыйластық, жақсы қарым-қатынас пен татулыққа ұмтылуды қалыптастыру.

Әдістері

  • Әңгіме
  • Әңгімелесу
  • Оқулықпен жұмыс
  • Түсіндіру

Құрал-жабдықтар

Оқулық, көмекші дәптер, қайшы, желім, фломастерлер, түрлі-түсті қарындаштар.

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Балалар, бәріміз ортаға шығып «Жылулық шеңберін» құрайық. Шеңбер болып тұрып, жылы жүзбен бір-бірімізге жақсы көңіл күй сыйлайық.

Шеңбер болып тұрайық, жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген.
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз,
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

Сендерді «Өзін-өзі тану» сабақтарында көрген қандай жақсы! Осындай мейірімді, ақылды, өмірге және білімге құштар оқушыларымды көргеніме өте қуаныштымын.

Сендермен бірге болғаныма тек мен ғана емес, шуақты күн де қуанып тұрғандай. Ендеше, бір-бірімізге күлімсіреп, алақандарымыздың жылуын сезіне отырып амандасайық.

Бүгінгі күніміз көңілді әрі жарасымды аяқталуы үшін өзімізге және келген қонақтарға жақсылық пен көтеріңкі көңіл тілейік.

Біз тағы да біргеміз,
Сөгілмейді іргеміз.
Құшып күннің шуағын,
Көрісеміз қуанып.

Амансыз ба, Алтын күн,
Амансыз ба, Көк аспан!
Амансыз ба, ағайын,
Сіздерді көрсем қуанам.

Міне, тамаша! Енді ыңғайланып отырыңдар.

Тыныштық сәті

Әуен қосылады. Әуен ойнаған кезде бәріміз жүрегіміздегі сиқырлы әлемге аттанамыз. Терең тыныс алайық.

  1. Біздің жүрегімізде кішкентай адам өмір сүреді. Оның аты да дәл сендердікіндей.
  2. Қолдарыңды жүректеріңнің тұсына қойып, оның соғып тұрғанын сезініңдер. Терең тыныс алыңдар.
  3. Ол: «Мен осындамын. Мен сенімен біргемін», — деп тұрғандай.
  4. Оған өз күлкілеріңді сыйлаңдар. Жүрегіміздегі кішкентай адам әрқашан бізбен бірге болады.
  5. Жүрегіміз бізге тек жақсы ой мен жылы сөз айтады. Өйткені оны тек өзіміз ғана ести аламыз.
  6. Жүректеріңе іштей рақмет айтыңдар. Ол ризашылықтарыңды естісін.
  7. Сездіңдер ме? Ол одан да қатты соғып кетті — бұл оның сендерді естігенін білдіреді. Осы сәтті жадыңда сақта.

Енді көздеріңді ашыңдар. Қолдарыңды жоғары көтеріп, кейін екі жаққа созыңдар. Терең дем алыңдар. Міне, тамаша!