Кішкене баланы

Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай селосы

Х. Наубетов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Инкабаева Аян Тобаниязқызы

Әдептілік — тәрбие бастауы

Халық мақалы: «Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі»

Мақсаты

  1. Адамгершілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеу; жаман әдеттерден аулақ болуға баулу.
  2. Адам бойындағы ұнамды және ұнамсыз қылықтарды ажырату арқылы «әдеп әліппесін» бойға сіңіру; әдеп пен әдептілік туралы түсінікті кеңейту.
  3. Сыпайылыққа, ізеттілікке, мәдени қарым-қатынасқа тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

  • Адамгершілік пен әдептілікке қатысты түрлі суреттер.
  • Әдептілік туралы өсиет сөздер, нақылдар.
  • «Құпия хаттар», тапсырмалар, топтық жұмысқа арналған материалдар.

Шаттық шеңбері

«Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені». Ендеше, бәріміз бір-бірімізге иіліп амандасайық.

Өлең

Сыйлап сәлем беремін,

Көршілерді көргенде.

Ізетті де білемін,

Үйге қонақ келгенде.

Әдепсіз деп сөкпесін,

Апама айтып өкпесін.

К. Байзақов

Бүгін біз әдептілік пен адамгершілік туралы әңгімелесеміз.

Әңгімелесу

  • Әдептілік деген не? Оны қалай түсінесіңдер?
  • Әдепті бала қандай? Әдепті бала болғың келе ме?
  • Әдепсіздік деген не? Әдепсіз бала қандай болады?
  • Әдептілікті бізге кім үйретеді?

Түйіндеу

Адам баласының бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Ақылдылықты, адалдықты, қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты бізге үлкендер үйретеді.

Ең алдымен, бұл — ата-анамыз. Олар бізді ақ сүтімен, ана тілімен тәрбиелейді. Біз соны түсініп, ата-баба салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйренеміз.

Адам болатын бала жақсы қасиеттерді меңгеріп, жаман мінез бен ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға тырысады.

Өлеңдер арқылы ойлану

Кішіпейілділік. «Үлгілі бала»

Су құйдым да құманмен,

Қолына мен әкемнің.

Содан кейін оған мен

Орамалды әпердім.

Бақшаны суарып, келді ол су алып,

Самауыр қайнатып, үйде де, түзде де.

Қылығы өнеге, ұстазы бізге де —

Ұнайды ол неге?

«Әдептілік әліппесі»

Атам маған әманда:

«Әдепті жан бол», — деген.

Ата сөзі санамда —

Жасы үлкенге жол берем.

Атам маған әманда:

«Кішіпейіл бол», — деген.

Ата сөзі санамда —

Мақтанбауды жөн көрем.

Атам маған әманда:

«Әділетті бол», — деген.

Ата сөзі санамда —

Жалған сөзге төзбеймін.

Алдын орап кісінің,

Кесіп өтпей көлденең.

Ізетімен кішінің —

Сәлемдесіп, қол берем.

Өзгелерден өзімді

Санамаймын жоғары.

Артық айтып сөзімді

Желпінгенім жоқ әлі.

Жеткізетін мұратқа —

Жүрем тура жолменен.

Тек шындықты көздеймін.

А. Асылбек

Мәтінмен жұмыс: «Әдептілік»

Ы. Алтынсарин

Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді. Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.

Қасындағы бай: «Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай?» — деп сұрайды.

Сонда ғалым: «Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па?» — деген екен.

Талқылау сұрақтары

  • Жарлы адам мен ғалымның кішіпейілділігі қандай іс-әрекет арқылы көрінді?
  • Әңгімеден қандай ой түюге болады?

Негізгі ой

Білімді болу — маңызды, бірақ әдептілік одан кем емес құндылық. Ізет пен кішіпейілділік адамды биіктетеді.

Суретпен жұмыс

Суреттер бойынша әңгіме құрастырып, адамгершілік пен сыпайылыққа негізделген қарым-қатынас қасиеттерін қалай үйренуге болатынын талқылау ұсынылады.

Ұсыныс: суреттерге қарап «Көмек», «Ізет», «Кешірім», «Қамқорлық» сөздерін тірек етіп, қысқа оқиға құрастырыңдар.

Ойын: «Жалғастыр»

Не істеуге болмайды?

  • Үлкендердің алдынан… кесіп өтуге болмайды.
  • Кішкентай баланы… жылатуға болмайды.
  • Құстарды… атуға болмайды.
  • Қыз баланы… ренжітуге болмайды.
  • Сабақтан… кешігуге болмайды.
  • Сыныпта… айғайлауға болмайды.

Не істеу керек?

  • Үлкен кісіні… сыйлау керек.
  • Үлкеннің тілін… алу керек.
  • Үлкендерге… сәлем беру керек.
  • Кішілерді… қамқорлау керек.
  • Оқу құралдарын… күтіп ұстау керек.

Құпия хаттарға жауап беру

Оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топқа «құпия хат» жазылған конверт таратылады. Әр топ ақылдаса отырып, өз жауабын ұсынады.

1-хат

Құрметті достар! Менің көршімнің бір баласы бар. Өзі өтірікші, көзбе-көз өтірік айта салады. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып, бірге ойнайын ба?

2-хат

Құрметті достар! Менің бір досым бар. Өзі мақтаншақ: ойнап жүргенде үйін де, заттарын да айтып, бөсіп мақтана береді. Мен оны ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба?

3-хат

Құрметті достар! Партада менімен бірге бір бала отырады. Ойнап жүріп тапсырмасын орындамай келеді. Мұғалім сұрағанда қысылады. Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады. Мен бермесем, «сен сараңсың» дейді. Мен не істеуім керек?

Шығармашылық жұмыс: «Әдептілік ережелері»

Мұғалім балалармен бірге суреттерді негізге алып, әдептілік ережелерін құрастырады және ватманға жапсырады.

Ереже 1

Әдепті бала әрқашан амандасады: кезіккен адамдармен сәлемдеседі, көмегі мен қамқорлығы үшін алғыс айтады, кетерде қоштасуды ұмытпайды.

Ереже 2

Әрқашан сыпайы болу керек. Сыпайылық — айналаңдағы адамдарға өзіңді жағымды таныту. Байқамай біреуді ренжітіп алсаң, дереу кешірім сұра.

Ереже 3

Көлікте үлкендерге орын бер.

Ереже 4

Үлкендерге, сырқат адамдарға және көзі нашар көретін жандарға жолдан өтуге көмектес.

Дәйексөз

«Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі» — бұл мақал әдептілік адамның ішкі мәдениетін, ар-ожданын танытатынын білдіреді.

Қорытынды

Бүгін біз әдептілік пен сыпайылық туралы әңгімелестік. Әдепті, сыпайы балалардың айналасындағыларға жағымды әрі сүйкімді болатынын түсіндік.

Кездескен адамдармен амандасуға, «кешіріңіз», «өтінемін», «рақмет» сияқты жылы сөздерді орынды айтуға дағдыланудың маңызын білдік. Жақсы мен жаман әдетті ажыратуды, жақын адамдарға қамқор болып, көмек көрсетуді үйрендік.

Жүректен — жүрекке

Балалар шеңбер бойына жиналып, Арасанбай Естеновтың «Әдеп» өлеңін айтады.

«Әдеп»

А. Естенов

Әдеп, ізет, иба да —

Шарайнасы жаныңның.

Әдептіні сыйла да,

Тәңіріңдей табынғын.

Әдеп — алтын сабырың,

Жетелейтін мұратқа.

Әдеп — талап, жалының,

Ақ желкенін құлатпа.