Алтын күз ертеңгілігі
«Алтын күз» ертеңгілігі: мақсат пен міндеттер
Бұл ертеңгіліктің басты мақсаты — балалардың күз мезгілі туралы білімін толықтыру, табиғаттағы өзгерістерді байқап, түсіне білуге үйрету және мерекелік көңіл күй қалыптастыру.
Білімділік
- «Алтын күз» туралы түсінік қалыптастыру.
- Күздегі өнімнің молшылығы мен табиғат байлығын түсіндіру.
Дамытушылық
- Қоршаған орта туралы ойлау және танымдық қабілеттерін дамыту.
- Мәнерлеп оқу, ән айту, жұмбақ шешу арқылы тілін және сөздік қорын байыту.
- Қызықты ойындар арқылы мерекелік әсер қалдыру.
Тәрбиелік
- Адамгершілікке, достыққа, татулыққа тәрбиелеу.
- Табиғатқа қамқор болуға баулу.
- Үлкендердің еңбегін бағалауға үйрету.
Жүргізушінің кіріспе сөзі және жұмбақ
Диалог
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, балалар!
Балалар: Сәлеметсіздер ме!
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Жүргізуші: Балалар, бүгін бәрің сондай әдемісіңдер! Айтыңдаршы, бүгін қандай мереке? Алдымен сендерге жұмбақ жасырайын.
Жұмбақ
Бұлттар төніп, Жерге шөгіп, Дымқыл тұман басады. Шөп сарғайып, Өңі тайып, Дала сұры қашады. Ойнай алмай, Денең мұздап тоңады. Бөбектерім, айтыңдаршы, Бұл қай кезде болады?
Балалар: Күз.
Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар! Табиғаттағы бұл құбылыстар күз мезгілінде болады екен. Ендеше күз туралы тақпақтарымызды айтайық.
Күз туралы тақпақтар
Берекесін сыйлауға, Өлкемізге күз келді. Жемістерін жинауға, Шақырады біздерді.
Берекелі, мерекелі, Келді жомарт алтын күз. Қалада да, далада да, Жанның бәрі жарқын жүз.
Сау-сау етіп жапырақ, Сабағынан үзілді. Қоңыр тартып атырап, Көкке құстар тізілді.
Алтын, сары, қызыл, көк — Алуан-алуан жапырақ. Күзгі бақта күлімдеп, Көз тартады атырап.
Хор
«Күз»
Қонаққа «Алтын күздің» келуі
Жүргізушінің жұмбағы
Көк майсалы, көрікті, Алқаптағы көп егін Бұл күндері киіпті Сары жібек көйлегін.
Балалар: Күз.
«Алтын күздің» сәлемі
Сәлем, менің достарым, Өмірге кеп қосқаным. Күз сыйлығын алыңдар, Сыйлығына қаныңдар. Молшылыққа кенеліп, Шаттық әнге салыңдар!
Алтын күз: Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Алтын күз: Сәлеметсіздер ме, балалар!
Балалар, мен сендерге көкөністерім мен жемістерімді ала келдім. Кәне, күз айындағы молшылықты ойын арқылы көрсетейік.
Ойын: «Көкөністер мен жемістерді жинау»
Ойын шарты: бір себетке көкөністерді, екінші себетке жемістерді бөліп саламыз. Балалар мұқият болып, әрқайсысын дұрыс ажыратуға тырысады.
Көкөністер сөйлейді
Пияз
Асханадан шықпаймын, Атым — пияз, бұқпаймын. Көзден жасты шығарам, Тұмаудан да сақтаймын.
Қызанақ
Талшыбығым бұралып, Бақшаларда қызарып, Тұрған ол мен — қызанақ, Күнге қарап ұялып.
Картоп
Картоп — біздің атамыз, Жер астында жатамыз. Бір тамырдан тараған, Ағайынбыз бәріміз.
Сәбіз
Өсіретін бойыңды, Дамытатын ойыңды. Қоянға да азықпыз, Сәбіздерміз жазықсыз.
Қызанақ (қосымша)
Мен де бір сөз айтайын, Мақтанайын сіздерге: Менсіз салат болмайды, Винегрет те үстелде.
Би және қонақтардың келуі
Би
«Қолшатыр биі»
Алтын күз: Өте жақсы биледіңдер, рақмет, балалар! Билерің керемет!
Қонақтар
Осы кезде ересек топтың балалары қонаққа келеді.
Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар! «Алтын күз» мерекесіне қош келдіңдер!
Қонақ балалар: Біз де сіздердің ертеңгіліктеріңізге қатысқымыз келеді. Біз де өнерліміз.
Жүргізуші: Ендеше, «Шалқан» ертегісін тамашалаңыздар.
Көшпелі сәт
Алтын күз басқа балабақшаларға да баруы керек болғандықтан, қонақ балаларды ертіп шығады.
Жүргізуші: Балалар, Алтын күз бен қонақ балаларға рақмет айтайық. Келесі кездескенше аман болайық!
Қорытынды бөлім
Жүргізушінің қорытынды сөзі
Шалқып тассын әніміз, Жадырасын жанымыз. Мерекеге бүгінгі Ән саламыз бәріміз!
Ән: «Жапырақтар»
Алғыс және тілек
Құрметті ата-аналар және балабақша ұжымы, «Алтын күз» ертеңгілігіміз өз мәресіне жетті. Күз әр отбасыға молшылық, береке, ырыс әкелсін. Сау-саламатта болыңыздар!
Ақпарат
Өткізілген орын
Атырау қаласы, КМҚК №33 «Көркемай» балабақшасы
Тәрбиеші
Жақсылықова Мөлдір Абзалқызы
Екінші сәбилер тобы