Асқар тау, арқа тұтар алтын белім
Құрметті қауымға сәлем
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!
2-жүргізуші
Қайырлы күн, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!
Тілек пен толғаныс
1-жүргізуші
Өзіңменен өлшеусіз нарқым менің,
Асқар тау — арқа тұтар алтын белім.
Ұядан ұрпағыңды ұшырмаққа
Қош келдің, айналайын халқым менің!
2-жүргізуші
Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын именіп аттаған ұл-қыздарымыз бүгін ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр.
1-жүргізуші
Жас жүректің өмірлік құштары — гүл,
Бағбан ұстаз баулыған құстары — бұл.
Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,
Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.
Ендеше, алтын ұя мектебінің табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы отырған мектеп бітіруші түлектерімізді құрметтеп, ортаға шақырамыз. Қарсы алыңыздар!
(Музыка әуенімен ортаға бітіруші түлектер шығады)
Түлектерді таныстыру
1-жүргізуші
Даламдай кең түсінігі мен ұғымы,
Қазаққа тән мінезі мен қылығы.
Ботакөз апайдың алтындай ұл-қызы —
Алдарыңызда 11 «А» сыныбының түлектері!
2-жүргізуші
Бұл сынып қай сыннан да тартынбады,
Мектеп өмірінде әрдайым жарқырады.
Он бірінші «Ә» сыныбы, қайдасыңдар?
Бақыт апайдың еркесі, алтындары!
1-жүргізуші
Алдарыңызда 11 «Ә» сыныбы. Жетекшісі — Назарбаев Зияткерлік мектептері курсының бірінші деңгей бағдарламасын игерген, I санатты ағылшын тілі мұғалімі.
«Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
Мемлекеттік рәміздерге құрмет
2-жүргізуші
Тарихы терең қазақ деген көне елде
Елдік те, ерлік те, өрлік те — өнерде.
Жаһандағы ең жауынгер халықта
Кім сенеді ту болмады дегенге?
Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халыққа
Жарасады жігер берер әнұран.
Әнұраным көгімде шарықтасын,
Көгілдір ту қиялда қалықтасын.
Әлем танып білетін елтаңбамды
Шәкірт біткен жырлаудан жалықпасын.
Мектеп оқушылары, сап түзеп, тік тұрыңдар! Қазақстан Республикасының Гимні салтанатты түрде шырқалсын! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілсін!