Әліппе - білім бесігі

Тақырыбы: «Әліппе — білім бесігі»

Бұл ертеңгілік — оқушылардың Әліппеден алған білімін тиянақтап, өнерлерін көпшілікке танытатын қуанышты мереке. Шараның мәні — білімдерінің артқанын, сөздік қорының молайғанын, ой-санасының өскенін көрсету, сондай-ақ Отанын, мектебін, ұстаздарын және ата-анасын құрметтеуге тәрбиелеу.

Мақсаты

  • Әліппеден үйренгендерін тиянақтау, өнерлерін тамашалау.
  • Білімдерінің артып, сөз байлығының молайғанын және саналарының өскенін көрсету.
  • Отанын, мектебін, ұстаздарын және ата-анасын құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Шарлар.
  • Әліппе.
  • «Ана тілі» және «Математика» оқулықтарының макеттері.

Ертеңгіліктің барысы

  1. Ұйымдастыру кезеңі.
  2. Негізгі бөлім.

Бүгінгі қуанышты мерекеміз — «Әліппе — білім бесігі» атты ертеңгілігіміз ашық деп жарияланады.

Негізгі бөлім: оқушылардың құттықтаулары

1-оқушы

Өлшеулі ар-намысы халқымыздың,
Қорғаны адамдық пен салтымыздың.
Армысыздар, аяулы ұстаздарым,
Сенері — өздеріңіз халқымыздың!

2-оқушы

Өмір берер ертеңгі бағаларын,
Әліппемен қоштаспақшы балаларың.
Халқыма ұрпақ берген, өмір берген —
Қош келдіңіздер, ата-әке, әжелер мен аналарым!

3-оқушы

Құрметті ұстаздар мен ата-аналар,
Кез келді сіздерден ақ бата алар.
Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерлерін —
Бар қауым таңдана, таңдай қағар!

4-оқушы

Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті Әліппемен.
Ризамыз бәрімізді таныстырған —
Сөз бен дыбыс, әр түрлі әріптермен.

5-оқушы

Міне, біз бүгін барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі болған Әліппені аяқтап отырмыз.

6-оқушы

Біз бүгін шексіз қуаныштымыз. Өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан сүйікті Әліппемізді бітірдік.

7-оқушы

Біз көп нәрсе үйрендік: кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, есеп шығаруды.

8-оқушы

Мен енді өзім-ақ оқып, жаза аламын. Ертегі мен әңгімелерді де өз бетімше оқитын болдым.

Сахналық көрініс: «Әліппені шақыру»

Мұғалім

Ортаға Әліппені шақырайық!

Хормен

Әліппе! Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе

Армысыздар, жас достар,
Болашаққа жол бастар.
Армысыз, ата-аналар,
Болашаққа жол бастар.

Әліппемен келдім ортаға,
Менің атым — Әліппе.
Мені әрдайым дәріпте:
Мені оқып ер жеткен —
Ағаң сенің, әпкең де.