Сөздердің жіктелуін талдау

Сабақтың тақырыбы

Ии дыбысы мен әрпі. Ит суреті бойынша әңгіме құрастыру.

Сабақтың мақсаты

  • Ии дыбысы мен әрпін таныту, сол арқылы берілген сөздерді оқуға және жазуға үйрету.
  • Ии дыбысына қатысты жаңа сөздерді меңгерту арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамыту.
  • «Ит — жеті қазынаның бірі» нақыл сөзінің мағынасын түсіндіріп, итті қорғауға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Психологиялық дайындық жүргізіледі. Оқушылардың көңіл күйі байқалады.

«Алма түстері» арқылы көңіл күйді анықтау

Сары, жасыл, қызыл алма таратылады. Оқушылар таңдаған түсі арқылы бүгінгі сабаққа дайындығы мен көңіл күйі анықталады.

II. Өзіндік жұмыс

Әріптерге шолу

  • Өткен әріптерді атау.
  • Дауысты және дауыссыз дыбыстарға ажырату.

Буындармен жұмыс

Ша, та, ма, на, ра, қа, да буындары арқылы сөз құрастыру.

III. Ой қозғау

Жұмбақ

Үйіңді қорғайды,

Үйшікте тоңбайды.

Жауабы: Ит

И әрпінен басталатын сөздер

Мысалдар: ине, иман, киім, Әлихан, Әлия және т.б.

IV. Жаңа сабақ

Оқулықпен жұмыс: 85-бет.

Сурет бойынша әңгіме

  • Сурет бойынша әңгіме құрастыру.
  • Әңгімеге ат қою.

Ии дыбысының артикуляциясы

И — еріннің артқа қарай тартылуынан жасалатын езулік дауысты дыбысты белгілейтін әріп.

И көршілес фонемаға немесе буынның ыңғайына қарай бірде жуан (риза, тарихи, қи), бірде жіңішке (икем, игі, ки) болып айтылады.

И дыбысы сөздің барлық буынында келе береді.

«Инелік» сөзіне дыбыстық талдау

«Инелік» сөзіне дыбыстық талдау жасалады (дыбыстарды анықтау, буынға бөлу, әріп-дыбыс сәйкестігін көрсету).

Әліппе бағандарымен оқу

  • Сөздерді буындап оқу: хормен және жеке.
  • Әр әріпті қадағалап, дұрыс оқуға назар аударту.
  • Көрсеткіш таяқша арқылы теріп оқыту.
  • Оқылған сөздердің мағынасын түсіндіру.

Сөздік жұмыс (мағыналарын ашу)

Ит

Жануар.

Ине

Іс тігетін құрал.

Инелік

Бунақденелі жәндік.

Иек

Адамның бет мүшесі.

Киік

Жануар.

Кит

Су жануары (ірі теңіз сүтқоректісі).

Киім

Адамның үстіне киетін, матадан тігілген бұйым.

Тиын

Ақша бірлігі.

Тиін

Аң.

Тиек

Киімдегі ілгек/бекітпе бөлігі.

Жиек

Бір нәрсенің шеті.

Иман

Сенім, діни ұғым.

Шие

Жеміс.

V. Сөздердің жіктелуін талдау

Етістіктерді жақ бойынша жіктеу үлгілері:

«Оқу» етістігі

  • Мен оқимын.
  • Сен оқисың.
  • Ол оқиды.

«Тоқу» етістігі

  • Мен тоқимын.
  • Сен тоқисың.
  • Ол тоқиды.

VI. Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс өлеңі

Бойды сергек тік ұста,

Емін-еркін тыныста.

Деміңді ішке тез ал да,

Оң қолыңды соз алға.

Қол ұшына қара да,

Үшбұрыш сыз ауада.

Сол қол босқа тұрмасын,

Шеңбер жасап тынбасын.

VII. Мәтінді талдау

1) «Ит» мәтіні

Мәтін оқылады, мазмұны талданады, негізгі ой анықталады.

2) Шығармашылық жұмыс

  • Итті сипаттау.
  • Ит туралы қысқаша әңгіме құрастыру.

VIII. «Жаңғырық» ойыны

Мақсаты

Жаңа сөздерді есте сақтауды жетілдіру.

Жаңа сөздер

киік, иман

  • Осы сөздермен сөйлем құрату.
  • Дыбыстық талдау жасату.

IX. Дәптермен жұмыс

Ии әрпін жазу

  • Үлкен және кіші Ии әріптерімен таныстыру.
  • Әріптің баспа және жазба түрін салыстыру.
  • Үлгі бойынша бас және кіші әріпті жаздыру.

Сөз және сөйлем жазу

  • «Тиек» сөзін буынға бөліп, әр буынды іштей дыбыстап, сөзді жазу. Жазғанын оқып, дұрыс жазылуын тексеру.
  • «Икемді бала, епті бала.» сөйлемін көшіріп жазу. Әр сөзді буындап оқи отырып жазу, соңынан дауыстап оқып тексеру.
  • «Икем» сөзіндегі дыбыстардың жіңішке айтылатынын байқату және себебін түсіндіру.

X. Қорытынды

«Семантикалық карта»

Мақсаты: өткен әріптерді дауысты және дауыссыз дыбыстарға ажырата алу деңгейін анықтау.

Тапсырмадағы әріптер:

П А Т Н У Ғ Р О Ш Л Й Ы Д

Дауысты дыбыстар

Оқушылар белгілеп жазады.

Дауыссыз дыбыстар

Оқушылар белгілеп жазады.

XI. Мадақтау және кері байланыс

Оқушылар мадақталады. «Көңіл күй ағашына» таңдаған алмаларын іледі.

Атырау қаласы, №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Бактыгожина Альфина Сагадатовна.