Құйрық - бауыр асатам, Кәделерің қанекей
Құйрық-бауыр асату салты
«Ұлың өссе – ер жеткені, қызың өссе – бой жеткені» деп білген халықта ұл ер жетіп, қыз балиғатқа толғаннан кейін, әр ата-ана ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды өзіне парыз санаған. Қазақ ұғымында қыз баланың балиғат жасы – 13, ал ұл балаға қатысты «он үш жас – отау иесі» деген қағида орныққан. Жасөспірімдік шақтың соңы көбіне 16–17 жас деп белгіленген.
Халық исламдық шариғат ережелерін ұстанып, үш нәрсені басты қағида санаған: қызы бой жетсе, тезірек ұзату; намазды уақытынан кешіктірмеу; қайтыс болған адамды арулап, ел-жұртпен қоштастырып, кідіріссіз жер қойнына тапсыру. «Қалған асығыстың бәрі – шайтанның ісі» делінеді. Осыдан ата-бабамыздың ұлды ерте үйлендіріп, қызды тезірек ұзатуды мақсат етуінің өзіндік мәні барын аңғарамыз: ата-ананың тілегі – ұрпағы өсіп-өніп, шаңырағы биік, үйі берекелі ел болсын деген мұрат.
Уақыт ағымы
Үйлену салтындағы бірқатар дәстүр XX ғасырдың орта шеніне дейін қазақ жерінде, сондай-ақ шетелдегі қазақтар арасында да сақталды. XX ғасырдың соңына қарай жастар 20–25 жас аралығында үйленіп, отбасын құрса, соңғы уақытта некелесу жасы 28–30-ға дейін созылып барады. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Ал мұндағы мақсат – қазақ арасында сақталып келе жатқан салт-дәстүр мен жоралғылардың бірін таныстыру.
Құдалықтың әлеуметтік мәні
«Үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» деп білген қазақ «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген заңдылықты ұстанып, неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн көрген. Мұның негізгі себебі – жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы: қан тазалығын сақтау, ақыл-есі дұрыс, дені сау ұрпақ өсіру мәселесін ерте бастан ойлау.
Сондықтан да бабаларымыз ұл дүниеге келсе «шаңырағым биіктеді», қыз туса «өрісім өсті» деп қуанған. Ел мен елді жақындастырып, бірлік пен татулықты ойлаған халқымыз қыз баланы ерекше бағалап: «Астың дәмін кіргізген тұз әулие, елдің сәнін келтірген қыз әулие» деген нақыл қалдырған.
Қағида
Жеті ата араламай қыз алыспау.
Мақсат
Қан тазалығы, дені сау ұрпақ, текті тәрбие.
Нәтиже
Рулар арасы жақындасып, ынтымақ нығаяды.
Үйлену салтының құрамдас бөлігі
Үйлену салты негізінен құдалық, үйленуге дайындық, той және тойдан кейінгі әдет-ғұрыптар сияқты түрлі жоралғылардан тұрады. Солардың бірі – құйрық-бауыр асату рәсімі. «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз осы дәстүрдің мәнін айқындайды.
Рәсімнің орны
Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі, яғни ел ішінде шартты түрде «құжаты» іспетті бекітілген. «Қонақ аз отырады, көп сынайды» қағидасын ұстанған үй иелері құдаларды шашу шашып, дастархан жайып, ерекше құрметпен қарсы алады. Құдаларға арнап құйрық-бауыр пісіріліп, арнайы сый-кәде әзірленеді.
Құйрық-бауырды әкелген әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек айтып, қонақтар мен құдаларға ауыз тигізеді. Бұл сәтте әзіл-қалжың, қағытпа сөз, қалжың өлеңдер де қатар жүреді.
Құйрық-бауыр ұсынылғанда айтылатын өлеңдер
Дәстүрлі құдалықта құйрық-бауыр тартылған кезде айтылатын өлеңдер әр өңірде әрқалай кездеседі. Көп тараған нұсқалардың бірі төмендегідей:
Кең тараған нұсқа
Құда, құда дейсің-ау,
Құйрық-бауыр жейсің-ау.
Құйрық-бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің-ау.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда.
Құйрық-бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.
Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай.
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай.
Үлкен құда әнекей,
Кіші құда мінекей.
Құйрық-бауыр асатам,
Кәделерің қанекей!?
Жетісу өңірінен (естелік нұсқа)
Бұл шумақтарды автор анасы Ажар Нүсіпқызынан жаттап алғанын айтады. Орынды жерде әзіл айтып, жұртты күлдіретін жан ретінде бұл жыр үлгілері той-жиында кәдеге жарар деген ниетпен ұсынылады.
Біздер келдік бір үйге домбыра алып,
Домбыраның құлағын оң бұрадық.
Алдыңызға әкелдім құйрық-бауыр,
Әзіл-шыны аралас әнге салып.
Құда, құда дегізген,
Құйрық-бауыр жегізем.
«Жей алмаймын» демегін,
Май әкелдім семізден.
Құдағидың жамалы-ай,
Мақтауға сөз табам-ай.
Құйрық-бауыр жеген соң,
Маған шапан жабады-ай.
Үрсін-дүрсін, ендеше, үрсін-дүрсін,
Қуанғанда, құдаша, жүзің күлсін.
Құйрық-бауыр салты ғой қазағымның,
Берем десе кәдесін өзі білсін.
Бұзау-тайлақ айдап па ең,
Құлын-бие байлап ең?
Құйрық-бауыр жеген соң,
Апталап жат, айлап сен.
Құда, құда деген біз,
Біз де бауыр жегенбіз.
Құйрық-бауыр жеген соң,
«Құдам қандай!» — дегенбіз.
Арпа-бидай ас екен,
Алтын-күміс тас екен.
Балаларым ер жетті,
Қызық деген осы екен.
Бүгінгі ахуал және ой түйіні
Қазіргі кезде қолма-қол суырыпсалма жыр шығарып айтатын адамдар сирек. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырлары да көпшілік жадынан көмескіленіп барады. Бүгінде құйрық-бауыр ұсынылғанда бұл өлеңдерді көбіне сол елдің әйелдері алдын ала жаттап айтып жүреді. Кейде арнайы өнерпаз адамды шақыртып, ән айтқызу да үрдіске айналған. Ал кей жерлерде дәстүрдің атауы ғана айтылып, кейін қарапайым халық әндерінің бірі орындалады.
Дәстүрді жандандыру ұсынысы
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, дәстүрдің өңі солып, мазмұны жұтаңдауы мүмкін. Үйлену тойларында құдалық жыры, той бастар сияқты өлең-жырлар жүйелі айтылса, тойдың ажары кіріп, жұрттың көңілі серпілер еді. Мұндай жырлар ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, ұрпақ жадында сақтауға ықпал етеді. Бүгінгі асабалар осы өлеңдерді замана ыңғайына лайықтап әзірлеп, елге таратса, бұл ұлттық мұраны насихаттауға қосылған салмақты үлес болар еді.
Қарлығаш Шота, профессор • Дереккөз: dasturkb.kz