Баланы пәнге қызықтыру, логикалық ойлауын дамыту

Қазақ тілі сабағындағы дидактикалық ойындардың маңызы

Эпиграф

«Ойын дегеніміз — ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанған оты».

В. М. Сухомлинский

Ойынның тәрбиелік және дамытушылық қыры

Бала тәрбиесі — қиын да жауапты міндет. Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс, оқшау тұрған құбылыс емес: ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен бірге жүріп отырады.

Ойын үстінде баланың түрлі қасиеттері, қабілеті мен белсенділігі айқын көрінеді. Көрнекті педагог А. С. Макаренко: «Ойында бала қандай болса, өмірінде, кәсіби қызмет саласында да, көбінесе сондай болады» — деп атап көрсетеді.

Шындығында да, бала бар ынтасымен, ықыласымен әрекет жасағанда ғана дамиды. Баланың эмоционалдық жай-күйі мен толыққанды дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. В. Л. Сухомлинский: «Бала үшін ойын — өте жауапты іс. Ойын барысында баланың шығармашылық қабілеті ашылып, дамиды» — дейді.

Ойын — адамның өмірді танудағы алғашқы қадамы. Ол ерте жастан басталып, адамның белгілі бір істі толық меңгергеніне дейін жалғасатын табиғи үдеріс. Ал оқыту процесінде ойын — жаңа технологиялардың маңызды бөлігі.

Нәтиже

Ойын баланы қимылға, әрекетке, дене шынықтыруға төселдіреді.

Тәрбиелік ықпал

Өмір күресіне, еңбекке баулиды және ерік-жігерін шыңдайды.

Зияткерлік даму

Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы толық жүзеге аспайды.

Ұлттық құндылықтар және тіл мәдениеті

Қазақ халқының ұлт ретінде өмір сүруінде тілімен қатар салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың орны айрықша. Мақал-мәтелдер жас ұрпақты ибалы болуға, әдептілікке, мінезін жақсы қасиеттер арқылы имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелейді. Ал ақын-жазушылардың көркем шығармалары эстетикалық және этикалық құндылықтарды қалыптастырады.

Ойын арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінігі тереңдейді. Дидактикалық ойындар оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын дамытып, түрлі көркем мәтіндермен жұмыс арқылы ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге көмектеседі.

Дидактикалық ойын дегеніміз не?

Ойын — екі немесе одан да көп адамнан құралған топтардың өз мүдделерін іске асыруға бағытталған әрекеттер үдерісі. Әрбір топтың өз мақсаты мен стратегиясы болады. Педагогика саласында сабақта қолданылатын ойындар дидактикалық ойындар деп аталады.

  • Оқушының ынтасын сабаққа аударады, назарын шоғырландыруға көмектеседі.

  • Қабылдауды жеңілдетіп, білімді толық игеруге жағдай жасайды.

  • Сабаққа эмоциялық реңк беріп, белсенділікті арттырады.

  • Танымдық әрекетті қалыптастырып, пысықтау мен тексеруді тиімді етеді.

Ойынның мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

  1. Баланы пәнге қызықтыру және логикалық ойлауын дамыту.
  2. Сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіру арқылы сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
  3. Таным әрекетін қалыптастыру: тиянақтау, пысықтау, алған білімді тексеру, қызығушылығын ояту және белсенділігін арттыру.

Міндеті

  • Танымдық: баланың тану және іздену әрекетін дамыту.
  • Тәрбиелік: айналасымен қарым-қатынас жасауға үйрету, қажетті дағдылар мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Дидактикалық ойындарды құрудың негіздері

  1. Балалардың іс-әрекетіне ойын түрлері арқылы оқуды байланыстырып, біртіндеп қызықты әрі жеңіл ойындардан ойын-тапсырмаларға, одан оқу-тәрбие мәселелерін шешуге көшу.
  2. Ойын шарттары мен міндеттерін біртіндеп күрделендіру.
  3. Тапсырмаларды шешуде баланың ақыл-ой белсенділігін күшейту.
  4. Оқу мен тәрбиенің мақсат бірлігін сақтау.

Дидактикалық ойын түрлері

Заттық ойындар

Әртүрлі ойыншықтармен немесе оқу-ойын материалдарымен ұйымдастырылады.

Фонетикалық және тіл жаттығулары

«Жаңылтпашты тез айт», фонетикалық жаттығулар, «Мақалды жалғастыр» сияқты тапсырмалар.

Сөздік (ауызша) ойындар

Сөздік қорды байытып, сөйлеу дағдысын жетілдіретін ауызша ойналатын ойындар.

Әр сыныпта оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ойындарды іріктеп, тапсырмалар арқылы білімін тереңдетемін. Бұл тәсіл сөздерді дұрыс айтуға, дұрыс оқуға, есте сақтау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Фонетикалық жаттығулар: үлгі тапсырма

Мақсаты

Оқушылардың оқу шапшаңдығын жетілдіру және төл дыбыстарды дұрыс айту дағдысын қалыптастыру.

Тапсырма

  1. Берілген сөздерді оқып отырып, сол жақтағы қарамен белгіленген тірек сөзге сәйкес келетін сөзді тауып, белгілеңіз.
  2. Тапсырманы тез әрі мұқият орындаңыз. Уақытты белгілеңіз.
  3. Егер тірек сөзді бірден таппасаңыз, тоқтамай оқи беріңіз.
  4. Барлық сөздерді оқып болғаннан кейін тірек сөз бен белгіленген сөздердің сәйкестігін тексеріңіз.