Автордың шығармашылығы
Семей қаласы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет
Филология факультеті • «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы • 4 курс
Студент: Мұхтарова Айгерім Матайбекқызы
Сабақтың тақырыбы
О. Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі Тортай бейнесі.
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға мәтін мазмұнын меңгерте отырып, кейіпкер бейнесіне жан-жақты талдау жасату.
Қажетті материалдар
- Плакаттар, А3 қағазы
- Скотч, маркерлер
- Интербелсенді тақта
- Презентация
Сабақтың міндеттері
- Мазмұнға сүйене отырып, оқушыларға кейіпкер бейнесіне жан-жақты талдау жасатып, қорытынды шығаруға жетелеу.
- Оқушыларға шағын іс-әрекеттерді жоспарлатып, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
- Әңгіме мазмұнын түйіндеу арқылы өзіндік көзқарас қалыптастыру.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер
- Қ. Бітібаеваның технологиясы бойынша: интервью-тест, микромінездеме, сауалнама-интервью.
- СТО элементтері, жоба қорғау.
- Блум таксономиясы.
Сабақ форматы
Сабақ құрылымы оқушының қызығушылығын оятудан басталып, мәтінді талдауға, кейіпкер бейнесін ашуға және жеке көзқарасын қорғауға дейін кезең-кезеңімен өрбиді. Негізгі назар — Тортай тұлғасының адамгершілік, танымдық және әлеуметтік қырларын дәлелді түрде таныту.
Әдебиет: 7-сынып • Ұсынылған уақыт белгілеулері жоспарлау үшін берілген.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
2 минут- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Қызығушылықты ояту.
- Кеспе қағаздардағы суреттер бойынша оқушыларды 3 топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын сұрау (шолу сұрақтары)
2 минутМұғалім сөзі: Үйге О. Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, әңгіме мазмұнымен танысып келу тапсырылған.
Әр оқушыға интервью-тест парақтары таратылады. Әр топ белгілі бір бағыт бойынша жауап береді.
1-топ
О. Бөкейдің өмірі
2-топ
Жазушының қызмет жолы
3-топ
Автордың шығармашылығы
Интервью-тест: О. Бөкейдің өмірі
- Оралхан Бөкей кім?
- Қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
- Отбасы туралы не білесің?
- Автор туралы ақын-жазушылардың құнды пікірлерін жазыңыз.
Интервью-тест: қызмет жолы
- Ең алғашқы еңбек жолы қай жерде, қандай қызметтен басталды?
- Автор қандай жоғары оқу орнын бітірген?
- О. Бөкей қандай газет-журналдарда қызмет атқарды?
Интервью-тест: шығармашылығы
- Автордың ең алғашқы шығармасы қалай аталады?
- Жазушының есімін танытқан қай повесть?
- О. Бөкейге қай шығармасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді?
- Автордың бірнеше шығармасын атап жазыңыз.
III. Мағынаны ажырату
Мұғалім сөзі: Балалар, слайдқа назар аударайық. Суреттерде не бейнеленген? Бұл суреттердің басты кейіпкерге қандай қатысы бар?
Сабақты әдебиет теориясымен байланыстырайық: әңгіменің сюжеті қандай, композициялық құрылымына қалай талдау жасауға болады? (Ауызша жауап.)
Суреттер біздің басты кейіпкеріміз Тортайға тікелей қатысты. Демек, бүгінгі сабақта Тортай бейнесіне талдау жасаймыз.
Тортайға микромінездеме
| Мәтіннен алынған дәйексөз | Ықтимал жауап (қасиеттер) |
|---|---|
| «Қой аузынан шөп алмас.» | Жуас, момын, ұялшақ, жасқаншақ. |
| «Құлағының сәл мүкісі бар.» | Естуі нашар (саңыраулау). |
| «Кетерінде сүйікті кітабын сыйлап тұрып: “Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің”, — деді.» | Достыққа адал, мейірімді, үміт сыйлайтын. |
| «Аузымызды ашып тыңдайтын абызымыз.» | Білімді, оқыған-тоқығаны мол. |
| «Тоқ бала, аш баламен ойнамайды.» | Тауқымет көрген, жетімдіктің салмағын сезінген. |
| «Кел жаныма, мен сені тым жақсы көремін. Бастықтың баласымын деп мұрныңды көкке көтермейсің, қарапайымсың.» | Қамқор, ақылшы, адам танитын. |
| «Әкем де, шешем де — сол кітап.» | Кітапқа ерекше құмар, рухани сүйенішті білімнен табатын. |
IV. Ой-толғаныс
Кітап, достық және жетімдіктің зардабы тақырыптары бойынша қандай қанатты сөздер айта аласыздар?
1-топ
«Достық — ұлы қасиет.»
2-топ
«Жетім көрсең, жебей жүр.»
3-топ
«Кітап — таусылмас байлық.»
Осы тақырыптардың бірін таңдап, плакатқа жоба жұмысын жазып, топ болып қорғаңыздар.
V. Қорытынды
«Өзіңді-өзің таны, біліміңді сарала» қағидасы бойынша (Блум таксономиясын басшылыққа ала отырып), әр оқушыға сауалнама-интервью парағы таратылады. Оқушылар өз жауаптарын толтырып, қысқа рефлексия жасайды.
Рефлексияға бағыт беретін сұрақтар
- Тортайдың бойындағы ең басты қасиет қайсы? Дәлел келтір.
- Әңгімедегі детальдар кейіпкер мінезін қалай ашады?
- Оқиға саған қандай ой салды? Өзіндік көзқарасыңды жаз.