Әдепсіз баламен әдепті бала

Тәрбие сағаты: «Әдеп жолы әріден басталады»

Бұл тәрбие сағаты студент-жастардың қоғамдық ортадағы мінез-құлқын, сөйлеу мәдениетін, дұрыс киіну дағдысын және жалпы оқушы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Іс-шара мазмұны арқылы әдептің, адамгершіліктің және сыйластықтың қоғамдағы орны кеңінен түсіндіріледі.

Мақсаты

  • Дамытушылық: ой-өрісті кеңейту, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, ұқыптылық пен дұрыс киіну дағдыларын қалыптастыру.
  • Тәрбиелік: адамгершілік, кішіпейілділік, бауырмалдық, сыйластық, дұрыс қарым-қатынас мәдениетін дарыту.
  • Қағида: үлкенге — құрмет, кішіге — ізет; үлкенді сыйлау, кішіге үлгі болу.

Құрал-жабдықтар

  • Көрнекі құралдар: тақырыптық слайдтар, қазақ халқының ұлы даналарының нақыл сөздері, плакаттар, кітап көрмесі.
  • Техникалық құралдар: мультимедиа.

Өтілу барысы

  1. 1 Іс-шараның ашылу салтанаты
  2. 2 Топ жетекшісінің кіріспе сөзі
  3. 3 Жоспарланған бөлімдердің орындалуы
  4. 4 Қорытындылау

Жүргізушілер

Скакова Айгерім Ниязханқызы

Арнайы пәндер оқытушысы

Іс-шараның негізгі мақсаты — студент-жастарға жамандықтың зиянын түсіндіріп, одан аулақ болуға үйрету; тура жолды — әдептілік пен адамгершілік жолын көрсету. Қоғамдағы ең бағалы адам — әдепті адам. Әдепті жандар — қоғамның баға жетпес байлығы әрі мәртебесі. Бүгінгі студент — ертеңгі мәдениетті маман екенін ұмытпай, өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениеті мен өнерін қастерлеуі тиіс.

Қайырбаев Еділ Бейсембекұлы

Арнайы пәндер оқытушысы

Этика — қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесін зерттейтін философиялық пән. «Этика» термині ежелгі грек тілінде адамдар тобының мекенжайы дегенді білдірсе, кейін әдеп туралы ілім мағынасын алған. «Әдеп» сөзі түркі халықтарына араб-мұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. Қазақ басылымдарында әдеп, ақылақ, мораль, адамгершілік сияқты ұғымдар жиі қолданылып, кейде әдет-ғұрып, мінез-құлық ұқсастықтарын да білдіреді.

Этика, әдеп және адамгершілік туралы түйін

Этика мәдениет жүйесіне адамның өмірдегі әдептік-адамгершілік көріністерін рационалды ойлау тіліне аудару арқылы енеді. Әдеп — этиканың зерттеу нысаны әрі қоғамдық сана-сезімнің формасы. Адамгершілік — адамның ар-ұятына сүйенген ішкі тұрақтандырушы өлшем; ол жеке тұлғаның еркіндігі мен жалпы қоғамдық талаптардың үйлесімін айқындайды.

Студент өлеңі

Іс-шара барысында 31 МВС топ студенті «Әдеп жолы әріден басталады» тақырыбындағы авторлық өлеңін оқиды.

Әдеп жолы әріден басталады,

Әдептілік — ар-ұлтым, намысым.

Әдеп жолы әріден-ақ басталар,

Әдепсіздер ар-ұлтты танысын.

Білмей жатыр әлі де оны басқалар.

Болса егер әдептілік бойыңда,

Мәдениет пен өркениет тоғысқан.

Салт-санамен әдеп-ғұрып толысқан,

Ойыңда оны сақтап жүр, асылдан.

Ата-бабам әдепті сақтаған ғой,

Дәлелді де мағыналы, дәйекті.

Солар салған сара жолмен ізетті,

Салмақты сөз — мәйекті деп сөйлетті.

Ойлап тұрсаң, ойлары көп өзекті,

Сабырлықтың берері көп — ұтасың.

Талаптыға кез деп болсын әдепті,

Даналығын айтпап па еді Мұхаң да.

Сөз сөйлесең — әдепті сөз қанатты,

Ұлылардың ұлағатын ұлықта.

Сақтағайсың сабырыңды, жас ұрпақ,

Ешқашан да әдебіңді ұмытпа.

Даналық сөздер

31 МВС топ студенттері қазақ және әлем ойшылдарының әдеп, тәрбие, сыйластық туралы нақыл сөздерін ұсынады.

Иоганн Гёте

«Біз өз бойымызда әдеп сезімін дамытуға тиіспіз. Әйтпесе адамдардың ілтипатынан оңай айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл қателігі үшін адам өмірде көп зиян шегеді және, өкінішке қарай, ұрпақтарын да осы ауыр зияннан құтқара алмай жатады».

Әбу Насыр әл-Фараби

«Тәрбиелеу дегеніміз — халықтардың бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту».

Ғабиден Мұстафин

«Үлкеннің ақылын тыңдау, сөзге тоқтау, үлкен-кішіні сыйлау — инабаттылықтың көрінісі».

Н. Г. Чернышевский

«Дөрекі болу — өз басының қадір-қасиетін ұмыту».

Мақал-мәтелдер: тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Мақал-мәтел — терең философиялық ойдың маржаны. Бұл бөлімде әдепке қатысты халық даналығы ұсынылады.

«Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде білесің».

«Аға әдепті болса — іні әдепті, апа әдепті болса — сіңлі әдепті».

«Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар».

«Адамдықтың белгісі — иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі — көп кешікпей келгені».

«Әдептіліктің белгісі — иіліп сәлем бергені».

«Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен».

«Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі».

«Жақсы адам — елдің ырысы, жақсы жер — жанның тынысы».

«Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала».

Көрініс: «Әдепсіз баламен әдепті бала»

Қысқа сахналық көрініс арқылы бір жағдайдың екі түрлі шешімі салыстырылады: әдепсіздік пен әдептіліктің айырмасы әрекет арқылы көрсетіледі.

1-жағдай: әдепсіз әрекет

Әже: шаршап, сөмкесін көтеріп келе жатады.

Әдепсіз бала: көмектескенсіп жақындап, «Әже, көмектесейін» деп сөмкені алып қашып кетеді.

2-жағдай: әдепті әрекет

Әже: шаршап, сөмкесін көтеріп келе жатады.

Әдепті бала: алдынан шығып, «Әже, сөмкеңізді маған беріңіз» деп көмектесіп, сөмкесін көтерісіп кетеді.

Талқылау сұрақтары және бейнематериал

Көрсетілімнен кейін талқылауға ұсынылатын сұрақтар:

  1. 1 «Адамның ұяты — бетінде, адамгершілігі — ниетінде». Бұл мақалдың мағынасын қалай түсінесіз?
  2. 2 Жалпы «адамгершілік» және «имандылық» ұғымдарын қалай түсіндіресіз?

Қорытынды

Қонақ пікірі

Іс-шараны қорытындылау алдында қонақ ретінде №19 мектептің психологы және құрылыс колледжінің әлеуметтік педагогы Шынар Ахметжанқызына сөз беріліп, студент-жастарға қысқаша бағыт-бағдар айтылады.

Негізгі ой

Әдеп пен адамгершілік — адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін тірек құндылықтар. Колледж өмірінде де бұл ұғымдар нақты әрекеттен көрінеді: таза жүру, мәдениетті сөйлеу, дұрыс киіну, өз-өзіңді тәрбиелеу, өзгені құрметтеу. Жақсылық пен ізеттілік бар жерде орта да көркейеді, адам да қадірленеді.

Осылайша «Әдеп жолы әріден басталады» тақырыбындағы сыныптан тыс тәрбиелік іс-шара тәмам.