Балаларды сурет жанрымен Пейзаж таныстыру
Білім беру саласы
Шығармашылық
Мақсаты
- Қысқы табиғаттың ерекшелігі мен әсемдігін сезініп, оны бейнелей білуге үйрету.
- Балаларды сурет жанрларымен таныстыру, оның ішінде пейзаж жанры туралы түсінігін қалыптастыру.
- Суретшінің еңбегі туралы түсініктерін кеңейту.
- Байқағыштықты, қысқы табиғат құбылыстарын сезіне білуді және қоршаған ортаға сүйіспеншілікті дамыту.
Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар
- •Қыстағы шуақты күннің суреті
- •АКТ (бейнематериалдар)
- •Қылқалам, субояқ, ақ парақ
- •Сулы сүрткіштер
- •Баяу әуен
Алдын ала жұмыстар
- •Көрмеге саяхат жасау
- •Сурет жанрларымен таныстыру
Әдіс-тәсілдер
Сабақ барысы
1) Мотивациялық-қозғаушы кезең
Балалар шеңберге тұрып, үш тілде амандасады. Педагог жұмбақ жасырады:
Суда мұз бар,
Жерде қар бар.
Боран борап соғады,
Бұл қай мезгіл болады?
Жауабы: Қыс мезгілі.
Педагог: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Қыс мезгілі.
Педагог: Қыс мезгілінде неше ай бар?
Балалар: Үш ай бар.
Педагог: Қыс айларын атап беріңдер.
Балалар: Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Педагог қыс туралы ақындар өлең жазатынын, сазгерлер әуен шығаратынын, ал суретшілер қысты сурет арқылы бейнелейтінін түсіндіреді. Осыдан кейін балалар «сурет көрмесіне» автобуспен барады.
2) Ұйымдастырушы-ізденуші кезең
«Автобус» дыбыстарымен көрмеге келеміз. Көрмеде Дымбілмес сурет салып отыр. Балалар онымен амандасады.
Дымбілместің қателігі
Дымбілмес қыс мезгілін салдым деп суретін көрсетеді: күнді жасыл, ағашты қара, қарды сары түспен бояп қойған.
Педагог: Балалар, сурет дұрыс салынған ба?
Балалар: Жоқ, сурет қате салынған.
Педагог Дымбілместі бірге жүріп, көрмені тамашалауға және балалармен бірге сурет салуды үйренуге шақырады. Балалар көмектесуге келіседі.
Портрет
Адамның бейнесі салынған сурет портрет деп аталады.
Натюрморт
Заттар, ыдыстар, жемістер бейнеленген сурет натюрморт жанрына жатады.
Пейзаж
Табиғат көрінісі бейнеленген сурет пейзаж жанрына жатады.
Қазақ суретшілерімен таныстыру
Педагог балаларды қазақ бейнелеу өнерінің өкілдері — Әбілхан Қастеев және Айша Ғалымбаева еңбектерімен таныстырады.
Шығармашылық тапсырма
Бүгін балалар өздерін суретші ретінде сезініп, қыстағы шуақты күн көрінісін бейнелейді.
- •Орындалу реті мен сурет салу жолдары түсіндіріледі.
- •Құралдар: субояқ, қылқалам; қосымша әдіс ретінде тіс пастасын қолдануға болады.
- •Жұмыс барысында баяу музыка қосылады.
Сергіту сәті
Бейнетаспадағы қимылдарға сәйкес балалар жаттығулар жасайды.
Дидактикалық ойын: «Натюрморт пен пейзажды құрастыр»
Мақсаты: балалардың бейнелеу өнері жанрлары туралы түсінігін нығайтып, қиылған бейнелерден натюрморт пен пейзаж құрастыруға үйрету.
Құралдары: қағаздан қиылған жемістер, ыдыстар, ағаштар, гүлдер бейнелері.
3) Рефлексиялық-түзетуші кезең
Педагог: Біз бүгін қайда бардық?
Балалар: Көрмеге.
Педагог: Сендер салған сурет қай жанрға жатады?
Балалар: Пейзаж жанры.
Педагог: Жылдың қай мезгілін салдық?
Балалар: Қыс мезгілін.
Ерекше әрі ұқыпты орындалған жұмыстар атап өтіліп, балалар мадақталады. Дымбілмес әкелген тәттілерді таратып береді.
Автор туралы
Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №33 «Көркемай» балабақшасы, ересек топ тәрбиешісі — Сәрсенова Лаззат Серікқалиевна.