Ойыншықты сындырған жаман
Мақсаты
Балаларды жақындарының, құрдастарының және көркем кейіпкерлердің жағдайына эмоциялық тұрғыдан жауап беруге ынталандыру. «Жақсы» және «жаман» сөздерінің мағынасын түсіндіріп, оларды орынды қолдануға үйрету.
Бала бойына мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сияқты жақсы әдеттердің орнығуына мүмкіндік жасау. Әңгіме кейіпкерлерінің қылықтары мен мінез-құлқын талқылап, жақсы әрекеттерін ерекше атап көрсету арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Мотивациялық қозғаушы кезең
Балалар, бүгін бізде ерекше күн: бізге қонақтар келіп отыр. Қане, қонақтармен амандасайық.
Алдымыздан кезіккен,
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен,
Біздер сәлем береміз.
Ізденуші-ұйымдастырушы кезең
Бүгінгі «Айналамен танысу» оқу іс-әрекетінде адам бойындағы жақсы және жаман әдеттер туралы әңгімелесеміз.
Ойын: «Мен қандаймын?»
Ойын шарты: тәрбиеші допты лақтырып, «Сен қандай баласың?» деп сұрайды. Бала өз бойындағы жақсы қасиетін айтады.
— Бекжан, сен қандай баласың?
— Мен әдепті баламын.
— Көркем, сен қандай баласың?
— Мен әдемі баламын.
Басқа жауаптар
- Мен тәртіпті баламын.
- Мен таза баламын.
Қорытынды
Балалар өте жақсы қасиеттерді атай алды. Осындай жақсы әдеттердің бар екеніне қуанып тұрмын.
Енді жақсы әдеттермен қатар жаман әдеттердің де кездесетінін талқылайық. Тақтадағы суреттерге назар аударайық.
Суреттер бойынша талқылау
Арман
Ағаш отырғызып жатыр.
Дұрыс әрекет
Самат
Ағашты сындырып тұр.
Дұрыс емес әрекет
Негізгі ой
Саматтың әрекеті дұрыс емес: оған қамқорлық қасиеті жетіспей тұр. Біз табиғатты аялауды үйреніп, бір-бірімізге үлгі болайық.
Әңгіме: «Қуыршаққа талас»
Бір күні топ бөлмесінде Раушан қуыршақпен ойнап отыр еді. Ақбота келіп, қуыршақты сұрады. Раушан бергісі келмеді, себебі жаңа ғана ойнай бастаған болатын. Ақбота қуыршақты тартып алмақ болғанда, қуыршақтың аяғы жұлынып қалды.
Талқылау
- Ақботаның әрекеті дұрыс емес: ойыншықты жұлқып тартуға болмайды.
- Раушанға да дұрыс сөйлесу керек еді: «Мен біраз ойнайын, сосын саған беремін» деп түсіндіруі қажет.
- Ойыншық — топқа ортақ. Сондықтан кезектесіп ойнаған дұрыс.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық,
Қолды белге қояйық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз тынығып алайық.
Бір, екі, үш —
Орнымызды табайық.
Рефлексия және қорытындылау
Жақсы дегеніміз не?
- Ағаш отырғызу, гүл егу.
- Үлкендермен амандасу, көмектесу.
- Ойыншыққа таласпай, тату ойнау.
Жаман дегеніміз не?
- Ағашты сындыру.
- Ойыншықты сындыру.
- Бір-бірімен тату болмау.
Ойын: «Жақсы және жаман»
Ойын шарты: үстелдің үстінде бірнеше сурет жатады. Әр бала бір суретті таңдап, ондағы іс-әрекетті сипаттайды да, оның жақсы немесе жаман екенін ажыратады. Жақсы болса — қызыл жолаққа, жаман болса — көк жолаққа орналастырады.
Қандай баланы жақсы бала дейміз?
Тәртіпті, тіл алғыш, ойыншықтарды сындырмай күтіп ұстайтын, үлкендерге және кішкентайларға көмектесетін баланы жақсы бала дейміз.
Қандай баланы жаман бала дейміз?
Ойыншықтарды, ағаштарды сындыратын, айтқанды тыңдамайтын, тәртіпсіз баланы жаман бала дейміз.
Бүгін біз жақсы мен жаман әдеттерді ажыратуды үйрендік. Жақсыдан үйреніп, жаманнан аулақ жүру керек. Ендеше, алдағы уақытта жамандық жасамай, қолдан келгенінше тек жақсылық жасап жүрейік.
Біздің топта балалар
Тату-тәтті ойнайды.
Дос көңілі әрқашан
Тек жақсылық ойлайды.
Күтілетін нәтиже
Білуі
«Жақсы» және «жаман» сөздерінің мағынасын ажырата білуі.
Меңгеруі
Жақсы әдеттерді қабылдап, күнделікті әрекетінде қолдануға дағдылануы.
Жасай алуы
Өмірде мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық танытып, айналасына жақсылық жасай алуы.