Көңіліңіз түспесін, балалар
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған жазғы сауықтыру сценарийі
Тақырыбы: «Бар мейіріміміз балаларға»
Кіріспе
Жүргізуші
Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін — Халықаралық балаларды қорғау күні. Біздің балабақшада бүгін мереке. Сендер мерекені жақсы көресіңдер ме?
Балалар: Иә!
Жүргізуші
Бақшамызда бүгін ұзақ ойнайық,
Балаларды қорғау күнін тойлайық!
Алақай-ау, алақай! Той тойлайық, балақай!
Тақпақ айтып, кезектесіп, бір-бірлеп,
Кел, қосылып ән шырқайық, би билеп!
Алақай-ау, алақай! Ән шырқайық, балақай!
Тәрбиеші апайдың сөзін ұғып,
Отанның аясында гүлдей жайнайық!
Алақай-ау, алақай! Гүл жайнайық, балақай!
Жүргізуші
Ендеше, алдарыңызда №1 және №2 топ бүлдіршіндері өз тақпақтарын оқиды.
№1–2 топ: тақпақтар
1
Бала, бала, баламыз,
Бақшамызға барамыз.
Күні бойы қызыққа
Батамыз да қаламыз!
2
Қиындықтан қашпаймыз,
Шынығамыз жастай біз.
Көңілді әуен ырғағымен
Жаттығуды бастаймыз.
3
Иілеміз оңға бір,
Иілеміз солға бір.
Тәрбиеші қарайды —
Аяққа бір, қолға бір.
4
Үйренеміз өнер біз,
Шетімізден шеберміз.
Тақпақ айтып, ән шырқап,
Билеп-билеп береміз.
5
Әйбат жасыл ауламыз,
Көбелек те қуа аламыз.
Бізге арнайы жасалған
Таудан сырғанаймыз!
6
Міне, вагон — кіреміз,
Поезбен жол жүреміз.
Кемеге де мінеміз,
Толқындарды тіліміз.
7
Ракетамен ұшамыз,
Көктен әрі асамыз.
Талғат аға жолымен
Талай жұлдыз ашамыз.
8
Бала, бала, баламыз,
Бақшамызға барамыз.
Одан көп-көп қызықты
Күнде біздер аламыз.
Музыкалық номер
Ән: «Қошақаным» (барлық топтар).
Сыйлықтың жоғалуы және қарақшының хаты
Жүргізуші
Өте жақсы! Мереке күні сендерге банан сыйлағым келіп тұр.
(Жүргізуші себетті іздейді, бірақ таба алмайды. Орнынан хат тауып алады.)
Ой, балалар, қараңдар! Банан салынған себеттің орнында хат қалыпты. Оқып көрейік.
Хат
Сендердің сыйлықтарың менде!
Банандарыңды алып кеттім.
Іздемеңдер! Табa алмайсыңдар!
Қарақшы.
Жүргізуші
Мәссаған! Банандарымызды қарақшы ұрлап кетіпті. Енді не істейміз?
Қарақшыны тауып, сыйлықтарымызды қайтарып алайық! Келістік пе?
Балалар: Иә!
Онда бәріміз саяхатқа шығайық!
(Көңілді әуен қосылады. Балалар мен жүргізуші әуен ырғағымен бір орында жүреді.)
Кездесу: Мыстан кемпір
Мыстан кемпір
Эээй, эээй, эээй! Неғып жүрсіңдер?
(Сыпыртқысымен әрлі-берлі жүгіріп өтеді.)
Жүргізуші
Сәлеметсіз бе, Мыстан әжей! Біз қарақшыны іздеп саяхатқа шықтық. Ол балалардың сыйлығын рұқсатсыз алып кетіпті.
Мыстан кемпір
Е-е-е, солай де! Көңілдерің түспесін, балалар! Мен балалардың дауысын естіп қуанып қалдым.
Көңілді балаларды жақсы көремін. Олай болса, алдымен би билейік, содан соң сендермен бірге саяхатқа шығамын!
Жүргізуші
Жарайды. Қандай би билейміз?
Мыстан кемпір: «Буги-вуги» биі!
(Биге №1 және №2 топ балалары шығады.)
Ойын элементі
Мыстан кемпір: Сендердің көңіл күйлерің әлі де толық көтерілмеген сияқты! Мен үнемі сыпыртқымен ұшып жүрем. Кім менімен ұшқысы келеді?
Балалар: Мен! Мен! Мен!
(Мыстан кемпір балаларды кезекпен сыпыртқының артына отырғызып, жүгіріп өтеді. Балалар мәз болып күледі.)
Мыстан кемпір: Ух, шаршадым! Белім ауырады. Қартайғанда әр жерің ауырады екен. Мен сәл тынығып алайын.
Жүргізуші: Жақсы, Мыстан әжей! Балалардың қасына жайғасып отыра ғой. Ал біз саяхатымызды жалғастырайық.
Кездесу: Сайқымазақ Тинки
Сайқымазақ
Сәлем, балақайлар!
Балалар: Сәлеметсіз бе!
Менің атым — Тинки. Сендерді мерекемен құттықтаймын! Әрқашан ата-анаңды ренжітпейтін, ақылды бала болуларыңа тілектеспін.
Жүргізуші
Рақмет, Тинки! Біз саяхаттап бара жатырмыз. Қарақшы балалардың сыйлығын ұрлап кетіпті, соны іздеп жүрміз.
Сайқымазақ Тинки
Абыржымаңдар! Қарақшыны табамыз. Мен басқа елдердегі достарыма телефон шалып, көмектесуін сұрайын.
Ал сендермен бірге көңіл көтерейін. Тақпақтарыңды тыңдайын!
№3–4 топ: тақпақтар
1
Балғындардың үнінде
Көктемдегі бұлақ бар.
Балғындардың жүзінде
Жазғы жайма-шуақ бар.
2
Балғындардың көзінде
Тазалықтың сәні бар.
Балғындардың сөзінде
Даналықтың дәні бар.
3
Балғындардың ойында
Ізгі балауса арман бар.
Балғындардың ойындарында
Ертеңгі істің ізі бар!
4
Әзір титтей бойымыз,
Әзір балаң ойымыз.
Тек қуамыз ойын біз.
Дегенмен де күн санап,
Өсіп келе жатырмыз —
Беске толған батырмыз!
Қорытынды ескерту
Бұл сценарий 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік жазғы сауықтыру іс-шарасына лайықталып, мәтіні редакцияланып ұсынылды.