Қызыл қырман
Тақырыбы
Өлкемізге күз келді
Мақсаты
Балаларға күз туралы тақпақтар мен өлеңдер үйрету, күздің молшылыққа, берекеге және мерекеге толы мезгіл екенін түсіндіру.
Пішімі
Мерекелік ертеңгілік: жүргізушілер сөзі, кейіпкерлердің өлеңдері, хор, ойын және сұрақ-жауап.
Кіріспе сөз
Жүргізуші
Құрметті қонақтар, ата-аналар, балалар! Ел байлығын арттырған мерекелі, берекелі күз келді. Сары алтындай сары күз себет толы жемісін, қамба толы егінін сыйлайды. Олай болса, «Қошақан» тобындағы «Өлкемізге күз келді» атты мерекелік ертеңгілігімізді бастаймыз.
І жүргізуші (Асылжан)
Күз қандай керемет мезгіл! Қазан толы еңбегінің жемісін көріп, адамзаттың той ойлар кезі емес пе?
ІІ жүргізуші (Нұрислам)
Иә, пішен шабылып, астық орылып, шаруаның реттелгеніне қуанған халқымыз күзде той-тойлап жатпай ма?
Диалог жалғасы
І жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. Сол ізгі дәстүр біздің топта да жалғасын тауып жатыр.
ІІ жүргізуші: Олай болса, жұртты тойға шақырайық!
І жүргізуші: Армысыздар, ағайын, қош келдіңіздер!
Күзге арналған жолдар
І жүргізуші
Әй, балалар, балалар,
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап, жапырақ солыпты,
Ел егінін орыпты.
ІІ жүргізуші
Қызыл қырман қызықтырған,
Қайтадан тағы жандансын.
Сағымдай жүзіп қырда,
Сағындырған ән қалсын.
«Алтын күзді» қарсы алу
Тәрбиеші
Олай болса, ортаға «Алтын күзді» шақырайық!
Гүлназ
Асыл өрен достарым,
Өмірге көп қосқаным.
Қымбатты сый алыңдар,
Қызығыма қаныңдар.
Молайтыңдар шаттықты,
Ән айтыңдар бақытты.
Хор
«Алтын күз»
Гүлназ
Рахмет, балалар! Өнерлеріңе ризамын!
Дақылдар шеруі
Тәрбиеші
Бидай, арпа, тары бар, сұлы, күріш — бәрі бар. Әне, жырлап барады — әнге құлақ салыңдар. (Ортаға музыка әуенімен ырғала билеп дақылдар шығады.)
Нұрислам (Бидай)
Нан атасы — бидаймын,
Нанды елге сыйлаймын.
Піскенімде мен қырда,
Қауызыма сыймаймын.
Бағдаулет (Арпа)
Қызыл мұртты арпамын,
Ырыс-құтты арпамын.
Машинаға мініп ап,
Малды ауылға тартамын.
Қуаныш (Тары)
Мен қарамын, сарымын,
Мен атақты тарымын.
Еңбегіңнің жемісін,
Қайтарамын қарымын.
Әлфараби (Сұлы)
Мен сұлымын, шырағым,
Барлық малға ұнадым.
Ауырлаған басымды,
Көтере алмай тұрамын.
Ерасыл (Күріш)
Күнге ғашық күрішпін,
Күллі жұртқа ырыспын.
Аңқам кеуіп тұрған соң,
Ала жаздай су іштім.
Тәрбиеші
Рахмет, дақылдар, төрлетіңіздер.
Жиын-терім болатын,
Қамбаға астық толатын.
Қызыл қырман ойнайтын —
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Күз
Жемістер мен көкөністер көрінісі
Қызу қайнап ел ісі, қызыл қырман — жер үсті. Елдің тоқ жүретіні — еңбегінің жемісі.
Әне, қызыл алмалар — әсем бақтың жұлдызы. Алма терген балалар — албырайды нұр жүзі.
Ш. Нұрсезім (Алма)
Күздік апорт алмамыз,
Күзден қуат алғанбыз.
Жұмыр жерде нәр жинап,
Жұлдыздай боп жанғанбыз.
Айару (Алма)
Жаздан күз артық,
Жайнадық та, қызардық.
Бау-бақтың көк желегін,
Көркемдедік қызартып.
Нұрсаят (Пияз)
Қалың киім ұнататын,
Шешіндірсең жылататын —
Пияз деген мен болам.
Ойын: «Жеміс-жидек»
Тәрбиеші
Қане, балалар, осындай молшылық күз тойына арналған «Жеміс-жидек» ойынын ойнайық.
Ойын шарты
- Берілген уақыт ішінде ортаға екі бала шығады.
- Қанша жеміс-жидек жинағанын санаймыз.
- Жеңімпаздарға алма беріледі.
Ерасыл
Мол байлық тергені —
Шаттығы қаншалық.
Аспанға өрледі,
Құстар да ән салды.
Құстардың қоштасуы
«Қарлығаш» әуенімен ортаға Аққу шығады.
Гүлсезім (Аққу)
Қош бол, өскен жеріміз,
Айдын шалқар көліміз.
Аман болып тұрыңдар,
Қамқор болған еліміз.
Қаһарлы қыс өткенде,
Қайтып көктем жеткенде,
Күнде думан құрамыз,
Күн шуағын төккенде.
Кейіпкер әнмен шығып кетеді.
Сұрақ-жауап: Күз қандай?
Тәрбиеші
Балалар, қазір қай мезгіл?
Күз мезгілінде қандай құбылыстар болады?
Ауа райы қалай өзгереді?
Күз бізге не сыйлайды?
(Балалардың жауаптары тыңдалады.)
Күзде жапырақтар түсіп, айнала түкті кілем жайғандай құлпырады. Енді күз туралы тақпақтарымызды тыңдайық.
Күз туралы тақпақтар
Б. Нұрсезім
Алтын, алтын, сары алтын,
Алтын күзде нұр жатыр.
Қамба толы алтыннан,
Тәттісі көп не түрлі.
Мирасыл
Жапырақ ұшты,
Суық та түсті.
Сонда да бізге,
Қызық көп күзде.
Қайыржан
Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау.
Жұбаныш
Дала сары киімді,
Самал соқты салқыннан.
Қырмандарға үйілді,
Алтын астық — алтын тау.
Дереккөз
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылы №8 «Қызғалдақ» балабақшасының тәрбиешісі — Елеусінова Света Қалиқызы.
Толық нұсқасын жүктеу.