Менің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым - Педагогика және психология мамандығы

«Мен және менің мамандығым»

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – жүректің батылдығы.
Ұстаз болу – өмірдің күн шуағы,
Азбайтын адамның асылдығы.

Ғ. Қайырбеков

Білім мен болашаққа жауапкершілік

Бүгінгі таңда ұрпақ алдында «Қазақстан – 2030» бағдарламасында айқындалған «барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеу қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы» сияқты маңызды міндеттерді үшінші мыңжылдықта іске асыру жауапкершілігі тұр. Еліміздің болашағы, ұлтымыздың ертеңі — мектеп қабырғасында білім алатын жас ұрпақтың саналы ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігіне тікелей байланысты.

Сондықтан егемен еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету жолындағы талпыныстар оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін тиімді қолдануға бағытталады. Мұндағы басты мақсат — терең білімді, ізденімпаз, іс-әрекетінде шығармашылық бағдар ұстанатын, өз болмысын тани алатын тұлға қалыптастыру. Демек, оқушылардың дүниетанымын кеңейту, оқу-танымдық белсенділігін арттыру, білім-білігін жетілдірудің қоғамдық мәні зор.

Негізгі ой

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Еліміздің ертеңі, бүгіні — жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында», — деп ұстаздың бүгінгі және ертеңгі қоғамдағы орнын нақты айқындап берген.

Мамандық таңдауы: жүрек қалауы

Мен мектеп қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде-ақ болашақ өмірімнің ұстаздықпен ұштасарына кәміл сендім. Дана халқымыз: «Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: біріншісі — мамандық таңдау, екіншісі — жар таңдау», — дейді. Менің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым — педагогика және психология.

Педагог-психолог кім?

Бұл мамандықтың мазмұны терең. Педагог ретінде оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға, тәртібін қалыптастыруға ықпал етсек, психолог ретінде әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, ішкі жан дүниесін түсінуге, дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беруге ұмтыламыз. Сонымен бірге оқушының қызығушылығы мен белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту — күнделікті жұмыстың маңызды бағыты.

Жақсы маманға қажет қасиеттер

  • Білім және үздіксіз ізденіс
  • Тынымсыз еңбек
  • Өзіне сенімділік
  • Ерік-жігер және мақсатқа ұмтылу
  • Тиянақтылық

Жақсы психологқа тән ерекшеліктер

  • Шығармашылықпен ойлау
  • Адамгершілік ұстаным
  • Интуиция және дәлдік
  • Тапқырлық
  • Мейірімділік

Осы қасиеттердің нәтижесінде психологты бірнеше қырынан тануға болады: психолог — көмекші, жан дүниені терең түсінуге ұмтылатын зерттеуші, жан жарасын емдеуге талпынатын қолдаушы.

Тәжірибе және кәсіби қағида

Мен оқу үдерісінде «оқушы – мектеп – ата-ана» үштік одағымен жүйелі жұмыс істей жүріп, түрлі мәселелерді шешуде, қиындықтарды жоюда, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуде жоғарыда аталған қасиеттердің маңызын терең түсіндім. Табыстың кілті — баланың жан дүниесіне ізгілікпен үңіліп, нақты әрекет ете білу.

Өмірлік ұстаным

Уильям Уордтың: «Жай мұғалім — хабарлайды, жақсы мұғалім — түсіндіреді, керемет мұғалім — көрсетеді, ұлы мұғалім — шабыттандырады», — деген сөзі менің негізгі қағидамға айналды.

Жаһандану дәуіріндегі сын-қатерлер

Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде ғылым мен техника қарқынды дамып келеді. Білім ордаларына қойылатын талап та өзгерді: бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді, шығармашыл, дарынды, көп тілді меңгерген, білімді тұлға қалыптастыру — уақыт талабы.

Ақпараттық орта әсері

Ақпараттық технологияның қоғам дамуына оң ықпалы болғанымен, кей жағдайда оқушылардың тәлім-тәрбиесіне және оқу үлгеріміне кері әсерін тигізіп жатады. Көп оқушы бос уақытын ғаламторда өткізіп, агрессивті мінез-құлыққа жетелейтін ойындарға әуестенеді, көгілдір экран арқылы шетелдік ән-күй мен фильмдерге көп уақыт бөледі.

Мұндай ықпалдың салдарынан оқушылардың мінез-құлқында, тәрбиесінде, өмірге деген көзқарасында түрлі қиындықтар туындауы мүмкін.

Ата-ана қолдауының маңызы

Кейде ата-аналардың бала тәрбиесіне уақыт тапшылығы әсер етеді: материалдық қамтамасыз етуге мән беріліп, моральдық қолдау екінші орынға ығысып кетеді. Осындай жағдайда мектеп психологына түсетін жауапкершілік арта түседі.

Психолог әрбір оқушының жан дүниесін түсінуге талпына отырып, көмекке зәру балаға уақытында қолдау көрсетеді: қайғысына ортақтасып, қуанышына қуанып, қателігін түзеп, жақсы қадамын мадақтап отыру — жұмыстың өзегі. Психолог мамандығына сұраныстың арту себебі де осында.

Ұлттық мұра және кәсіби бағдар

Психолог ретінде жұмыс істей жүріп, халқымыздың адам жаны туралы көне ғасырлардан бері айтылып келе жатқан ойларымен таныстым. Әсіресе Әл-Фараби, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердіұлының жан мен тән туралы тұжырымдары қазақ халқының жан мен тән үндестігіне ертеден-ақ мән бергенін айқындай түседі.

Қазір мен ұлттық педагогикамен қатар, шетелдік педагог-ғалымдардың ой-пікірлерін және психологиялық әдістемелерін практикалық жұмыс барысында қолданамын. Мақсат айқын, міндет біреу: ел еңсесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп, білімнің алтын қазығын нығайту.

Қорытынды ұстаным

Елдің игілігі үшін қызмет ету — ұстаздық пен психолог мамандығының биік мұраты. Сондықтан мен еліміздің сындарлы саясатын қолдай отырып, бар күш-жігерім мен білімімді жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жұмсауға ниеттімін.