Ашуды ақылды жеңдір

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сыныбы

4-сынып

Сабақтың тақырыбы

Ашу — дұшпан, ақыл — дос

Құндылық

Ішкі тыныштық

Қасиеттер

  • Сыпайылық
  • Ашуланбау, өзін ұстай білу
  • Ой тыныштығында отырып үйрену
  • Шыдамдылық, сабырлылық

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың сыпайылық, ашуланбау, ой тыныштығында отырып үйрену және шыдамдылық туралы түсінігін кеңейту арқылы ішкі тыныштық құндылығын ояту.

Сабақтың міндеттері

  • 1 Ұстамдылық, сабырлылық және ақылдылықтың мәнін түсіндіру арқылы ішкі тыныштық құндылығын ояту.
  • 2 Сыпайылық пен өзара жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
  • 3 Ұстамдылыққа, сабырлылыққа тәрбиелеу.

Ресурстар

Суреттер, үнтаспа (аудио), оқу құралдары.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі және тыныштық сәті

Мұғалім оқушылардан аяқ-қолын айқастырмай, түзу отыруды сұрайды. Бүгін тыныс алуға зейін қоятын қысқа жаттығу жасаймыз: ауа ішке енгенде — тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз, ал демді шығарғанда — мазасыз ойларды сыртқа шығарамыз.

Нұсқаулық

  1. Көзді жұмып, арқаны тік ұстау.
  2. Қолды тізеге ыңғайлап қою.
  3. Дем алу және дем шығару (жаймен 9–10 рет).

2) Үй тапсырмасын тексеру

Өлең

Ғ. Жұмабаев

Бізге ашық күн керек,

Аспан керек мөп-мөлдір.

Қуанышқа тұр бөлеп,

Бақытты өмір төккен нұр.

Жеңдіріп біз ашуды,

Ақылға әркез келеміз.

Азамат боп ер жетіп,

Ағаларға ереміз.

Талқылау сұрақтары

  • 1 Сендердің ашуланған кездерің болды ма?
  • 2 Қандай себептен ашуландыңдар?
  • 3 Сол сәтте қандай күйде болдыңдар?
  • 4 Ол күйден шығу үшін қандай жол іздестірдіңдер?

Мұғалім оқушылармен амандасып, «Өзін-өзі тану» сабағының ережесін (5Т) қысқаша қайталайды. Сабаққа қатысқаны үшін әр оқушыға 25 ұпай беріледі. Оқу құралдарынан 5 заттың бар-жоғы тексеріліп, ұпайлар түгенделеді.

3) Дәйексөзбен жұмыс

«Ақыл — адам көрігі, ақылдың сабыр серігі»

М. Әуезов

Сұрақтар

  • Істі сабырмен атқарсаң, қандай нәтижеге жетесің?
  • Сабырлы болу адам өмірінде қандай маңызға ие?
  • Ішкі тыныштықты қалай орнатуға болады?

4) Мұғалімнің сыйы: аңыз әңгіме

«Шыдамдылық пен сабырсыздық»

Бірде Шыдамдылық пен Сабырсыздық дос болыпты. Шыдамдылық әр ісіне байыппен қарап, асықпай, мұқият орындайды екен. Ал Сабырсыздық керісінше — істі шала жасап, ұқыпсыздық танытып жүреді.

Бір күні Сабырсыздық Шыдамдылыққа: «Тасбақа сияқты жорғаламай, тезірек жүрсеңші! Сенің жаныңда жүрсем, ішім пысады. Одан да ашумен жүргенім жақсы», — дейді.

Сонда Шыдамдылық: «Өзің біл. Мен ақылмен дос боламын», — деп жауап береді.

Күндер өте береді. Ақыл мен Шыдамдылық қыс қаһарына да сүрінбей, кедергіге мойымай, тыныш өмір сүреді. Ал Сабырсыздық пен Ашу үнемі ұрыс-керіске ұрынып, болмашы нәрсеге де тез шамданады.

Бір күні Шыдамдылық пен Сабырсыздық қайта жолығып қалады…

Әрі қарай не болды? Мәтінді өз ойымызбен жалғастырайық.

Ой түю

Бұл мәтіннен қандай ой түйдік?

Түсінік

Сабырсыздық деген қандай қасиет?

Бағдар

Қандай қасиет бізді ақылға жүгіндіреді?

5) Шығармашылық және топтық жұмыс

1-топ

«Данышпан атаның кеңестері»

Кеңестерді өз өміріңде қалай қолданатының туралы қысқаша жаз:

  • Ашу қысқан кезде өзіңді-өзің ұстай біл.
  • Ашуланған кезде іштей бірден онға дейін сана.
  • Жақсы нәрсе туралы ойла.
  • Өзіңді ұстамды, сабырлы адаммын деп қабылда.
  • Басқа адамды ренжітіп қоюың мүмкін екенін ойла.
  • Соңынан өкінетініңді есіңе ал.
  • Ашуды ақылға жеңдір.

2-топ

Мақалдың мәнін ашу

«Қайтып кірер есікті қатты жаппа»

Осы мақалдың мағынасын түсіндір: сөзге, әрекетке сақ болып, кейін қайта оралуға ұялмайтындай қарым-қатынас құру.

3-топ

Мақалдың мәнін ашу

«Ашу — дұшпан, ақыл — дос»

Мақалдың мағынасын түсіндір: ашуға ерік беру адамды қателікке жетелейді, ал ақыл сабырмен дұрыс шешім табуға көмектеседі.

6) Топпен ән айту

«Мейірімді болайықшы, бауырлар»

Сөзі: Серік Қалиев

Әні: Құрмаш Маханов

Көктем етіп көркейтсе де маңайын,

Көріп жүрміз өкпешілдің талайын,

Өшігуді қояйықшы өзгеге,

Кешірімді болайықшы, ағайын!

Көк нөсерін көл етсе де жауындар,

Көк пен жерді сел етсе де дауылдар,

Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,

Мейірімді болайықшы, бауырлар!

Болашаққа қол ұстасып барайық,

Ақиқаттың ауылын іздеп табайық,

Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,

Кішіпейіл болайықшы, халайық!

Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,

Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,

Өзімізге қалайтұғын нәрсені,

Тілейікші өзгеге де болса деп.

7) Үй тапсырмасы

В. А. Сухомлинскийдің «Балалардың көз қуанышы» мәтінін оқу.

8) Соңғы тыныштық сәті

Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Бүгінгі сабақтан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық — соның бәрін ой елегінен өткізуді ұсынамын.

«Мен осы әсем де көрікті әлемді сүйемін. Егер жасаған әрекетіміз дұрыс болса, жан дүниемізде тыныштық орнайды. Тыныштық — жүрегіңді тыңдау».

Осының барлығын жүрегімізге сақтап, көкейімізге түйіп алайық. Енді жайлап көзімізді ашуға болады.