Сауат ашу сабағы

Сауат ашу сабағы

Сабақтың тақырыбы

«Б» дыбысы мен әрпі

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: балаларды «Б» дыбысы мен әрпімен таныстыру, осы дыбыс арқылы жасалатын жаңа сөздерді оқуға үйрету.
  • Ойлау қабілетін және іскерлік дағдыларын дамыту, ойын еркін әрі түсінікті жеткізуге үйрету.
  • «Б» дыбысы бар сөздерге дыбыстық талдау жасату.

Құралдар мен тәсілдер

Көрнекілігі

Сұрақ-жауап, әріптер, текшелер, кеспе әріптер, интерактивті тақта.

Әдіс-тәсілдері

Ойын, түсіндіру, топтық жұмыс, әңгімелеу.

Пәнаралық байланыс

Тіл дамыту, математика, музыка.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Психологиялық дайындық

Ынтымақтастық • Құрмет • Жақсы көңіл күй

Өлең

Үлкенге де — сіз,

Кішіге де — сіз.

Барша адамды құрметтеп,

Бас иеміз біз.

Ниет

Біз бақытты баламыз,

Ойнап та, білім аламыз.

Сауат ашу пәнінде

Оқып, жазуды үйренеміз.

II. Қызығушылығын ояту

1, 2, 3 — сынып іші тып-тыныш!

Жалқаулықты тастаймыз,

Сабақты біз бастаймыз!

III. Өткен сабақты еске түсіру

Сұрақ: Қандай әріптер мен дыбыстармен таныспыз?

Аяжан

«А» әрпі

— Ата, зейін салдың ба?

Бар әріптің алдында

Неліктен «А» тұрады? —

Деп бір күн сұрадым.

Атам менің сауатты,

Былай берді жауапты:

— Ата, Ана, Ақыл, Ар, Адам…

«А»-дан бәрі басталар.

Содан шығар, құлыным,

«А»-ның алда тұрғаны!

Дастан

«Т» әрпі

Тауық теріп тезекті,

Тасбақаны көрмепті.

Тышқан өткен жерлерді:

«Бұл не қылған із?» — депті.

Елтай

«П» әрпі

Партада жатқан кітапты

Піл парақтап қарапты.

Кітаптан алған білімі

Пайдасына жарапты.

Жанерке

«Н» әрпі

Найзасын алып қолына,

Назар батыр — қатулы.

Намысын бермей жауына,

Найзағайдай атылды.

Ақтілек

«Ғ» әрпі

Ғалым болам десеңіз,

Білімді жина басынан.

Ғарышқа ұшам десеңіз,

Шынықтыр дене — жасыңнан.

Аружан

«Л» әрпі

Лашын құсым, самғай бер,

Шынықсын жас қанатың.

Секіріп лағым ойнай бер,

Шыңдалсын мықтап тұяғың.

Мәдина

«М» әрпі

Мойнына моншақ іліп ап,

Мысық жатыр пырылдап.

Маңына маса келіп қап,

Мазасын алды ызылдап.

Мадияр

«Қ» әрпі

Қазан толы қатықты

Қасқыр ала қашыпты.

Қоян қарап қалмапты,

Қалқып апты қаймақты.

Сажида

«Ш» әрпі

Шегіртке түнде шырылдап,

Шыбын күндіз ызылдап,

«Шаршамайды екен…» — деп,

Шырмауық жатыр тың-тыңдап.

Жансая

«Д» әрпі

Дөңгелене доп келеді,

Оны теуіп дәу келеді.

Мәз болады шаттанып,

Ойы мүлде басқа еді.