Аңдардың қимылы
Оқу іс-әрекеті: Тіл дамыту
Ортаңғы топқа арналған сабақ жоспары
Тақырыбы: Қысқы орман (Қысқы аңдардың өмірі)
Бұл сабақ балалардың қыс мезгілі туралы білімін бекітіп, қысқы орман табиғатының ерекшеліктерін таныстыруға бағытталған. Сонымен қатар жабайы аңдардың қыстағы тіршілігі, олардың қорғану және қорек табу тәсілдері туралы түсінік беріледі.
Мақсаттары (білімділік)
- Қыс мезгілінің құбылыстары мен қыс табиғатының ерекшеліктері туралы білімді нығайту.
- Балаларды жабайы аңдардың қыстағы өмірімен таныстыру.
- Олардың тіршілік ету жағдайлары туралы мағлұмат беру.
Мақсаттары (дамытушылық)
- Сурет бойынша әңгіме құрастыру дағдыларын жетілдіру.
- Қойылған сұрақтарға толық жауап беруге үйрету, байланыстырып сөйлеуді дамыту.
- Сөздік қорды жаңа сөздермен толықтыру.
- Дыбыстық жаттығулар арқылы артикуляцияны дамыту.
Мақсаттары (тәрбиелік)
- Табиғатқа сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін тәрбиелеу.
- Қоршаған ортаға және барлық тіршілік иесіне мейіріммен қарауға баулу.
- Достық пен ұйымшылдықты қарым-қатынас арқылы қалыптастыру.
Керекті құралдар
- Қысқы орман суреті (картина).
- Жабайы аңдардың суреттері.
- Кубик (қырларына аң суреттері жапсырылады).
- Костюмдер (түлкі, аю, қасқыр, қоян және т.б.).
Әдіс-тәсілдер
- Алдын ала жұмыс: аңдар туралы тақпақтарды жаттату.
- Өлеңді мәнерлеп оқу, сурет бойынша әңгімелеу.
- Сұрақ-жауап, жұмбақ шешу.
- Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, дыбыстық жаттығулар.
- Кубизм стратегиясы: кубик лақтырып, түскен аң туралы тақпақ айту.
Жаңа сөздер
Аюдың апаны
Апан — аюдың қыстап шығатын ін-орны, мекені.
Жаңғақ
Тиіннің негізгі қорегінің бірі, қыста қор ретінде жинайды.
Күртік қар
Көтеріліп үйілген, қалың әрі тығыз қар.
Жортады
Азық іздеп жүгіреді, орманды аралап қозғалады.
Билингвальды компонент
- Қыс
- зима
- Орман
- лес
- Қасқыр
- волк
- Қоян
- заяц
- Түлкі
- лиса
- Аю
- медведь
Сабақтың барысы
1) Шаттық шеңбері
Қол алысып, қане біз,
Достасайық бәріміз.
Армысың, алтын күнім!
Армысың, балабақшам!
Армысың, достарым,
Сіздерді көргеніме қуаныштымын.
Үлкенге де сіз, кішіге де сіз,
Бәріңізге амандасып,
Басымызды иеміз біз.
Қимыл-қозғалыс: қол алысады, құшақтасады, қол көтереді, шапалақтайды.
2) Сұрақ-жауап: Қыс туралы білімді бекіту
Тәрбиеші сұрақтары
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс айларын атаңдар.
- Қыста табиғатта қандай құбылыстар болады?
Балалардың ықтимал жауаптары
- Қазір қыс мезгілі.
- Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
- Су қатады, қар жауады, боран соғады, айналаны қар басады.
Қыста жерді, тауды, тасты, орманды қалың қар басады. Ормандағы ағаштар ақ көрпеге оранғандай көрінеді. Қысқы орманның ауасы таза, табиғаты ерекше сұлу.
3) Өлең: «Қысқы орман»
Қалғиды қысқы орман,
Мүлгиді қысқы орман,
Айырылып қалған соң,
Жаздағы құстардан.
Ақ желек жамылып,
Көк моншақ тағынып,
Ұйықтайды қысқы орман,
Көктемді сағынып.
Аюы, қояны ұйқыға тояды,
Жел тұрса қысқы орман
Сілкініп қояды.
Талқылау сұрағы
Өлеңде не туралы айтылған?
Балалардың жауабы: қысқы орман, қыстағы табиғат және аңдардың тіршілігі туралы.
4) Суретпен жұмыс: Қысқы орман көрінісі
Балалар суретке қарап әңгіме құрайды: орманда ағаш көп, бәрін қар басқан, ақ қоян қар үстімен жүгіріп жүр, тиін ағашта секіріп жүреді.
Жеке жұмыс: қажет болған жағдайда балаларға байланыстырып сөйлеуге бағыт беру.
5) Түсіндіру: Жабайы аңдардың қысқы тіршілігі
Жабайы аңдар — орманда өмір сүретін, өз қорегін өздері табатын жануарлар. Оларға аю, қоян, қасқыр, түлкі, кірпі (сондай-ақ тиін) жатады.
Негізгі ой
Қыста олардың тіршілігі қиындай түседі: суық, боран, қоректің азаюы.
- Қоян: қыста түсі ағарып, ақ қарда байқалмайды (қорғаныш).
- Түлкі: қар астынан тышқан іздеп, айласын асырады.
- Қасқыр: ет іздеп жортады, қорек қуалайды.
- Аю: жаз бойы жинаған майына сүйеніп, апанында қыс бойы ұйықтайды.
- Кірпі: сақ; қауіп төнсе домаланып қалады.
- Тиін: ағаштан ағашқа секіріп, жаңғақ жинайды; құйрығы ұзын, жүні үлпілдек.
6) Кубизм стратегиясы: тақпақ айту
Кубиктің қырларына жабайы аңдардың суреттері орналастырылады. Балалар кубикті лақтырып, түскен аң туралы тақпақ айтады.
Тиін
Мен тиінмін, тиінмін,
Қысқа жылы киіндім.
Қоймам толы жаңғаққа,
Іші жылы үйімнің.
Ақ қоян
Ақ қоян-ау, ақ қоян,
Ұзын құлақ, сақ қоян.
Қаша берсең орманға,
Қорқақсың деп ат қоям.
Қу түлкі
Түлкі, түлкі қутыңдайсың,
Айналаңды тың-тыңдайсың.
Қанша қулығыңды асырсаң да,
Қасқырдан сен құтылмайсың.
Қасқыр
Қасқыр орманда жортады,
Аяздан ол қорқады.
Аспанға қарап ұлиды,
Малды ауылды ториды.
7) Сергіту сәті
Қоян, қоян секеңдейсің,
Мұздан қарғып өтем дейсің.
Тайып құлап түстің,
Не болды ал, үстің?
Қимыл-қозғалыс: қоянша секіру, адымдау, құлағанды көрсету қимылдары.
8) Жұмбақтар
- Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады. (Қар)
- Қалқиып екі құлағы, елеңдеп қорқып тұрады. (Қоян)
- Итке ұқсайды, ит емес, адам берген азықты ол жемес. (Қасқыр)
- Өзі айлакер, қу жүрген жері — айқай-шу. (Түлкі)
- Қорбаң-қорбаң етеді, орман оның мекені, тәтті балға тойып ап, қыста ұйқыға кетеді. (Аю)
- Денесінде көп ине, іс тікпейді әрине. (Кірпі)
9) Халық болжамдары мен мақал-мәтелдер
- Қар көп болса, нан да көп болады.
- Қыс қарымен көрікті, күз дәнімен көрікті.
- Қыс қарлы болса, жаз жаңбырлы болады.
- Аспанда жұлдыз көп болса, күн аязды болады.
- Түтін тік шықса, аяз болады.
- Бала мен ит ойнаса, боран болады.
10) Дыбыстық жаттығулар (артикуляция)
Боран
У-у-у-у-у-у-у-у
Күртік қардың сықыры
Қырт-қырт, қырт-қырт
Қасқырдың ырылы
Р-р-р-р-р-р-р
Аюдың ақырғаны
О-о-о-о-о-о-о
Тиіннің жаңғақ шағуы
Шық-қық, шық-қық, шы-ық
Қол тоңғанда
Ай-ай-ай, ой-ой-ой
11) Жаңылтпаштар
- Түлкі айлалы аң, айлалы аңға айла пайдалан.
- Қыста суық түсті, құлағым үсті-үсті.
- Мұз — тұз, тұз — мұз, бәрі де тұз бен мұз.
12) Құрастыру жұмысы: мозаика
Тақырыбы: Түлкі, Қоян, Аю
Мақсаты: қима суреттерді құрастыру арқылы аңның сұлбасын жасау; баланың ой-өрісін және танымдық қабілетін дамыту.
Нәтиже
Балалар аң бейнесін бөліктерден құрастырып, өз жұмысы туралы қысқаша әңгімелейді.
13) Музыкалық-қимыл ойыны: «Аңдардың қимылы»
Сазды әуен қосылады. Ортаға аң костюмін киген бала (мысалы, түлкі) шығып, қимыл көрсетеді. Қалған балалар сол аңның қимылын қайталап билейді. Кейін аю, қасқыр, қоян кезекпен шығады. Балалар шеңберге тұрып, көңілді билейді.
14) Қорытынды әңгіме
Қорытынды сұрақтар
- Бүгін біз не туралы әңгімелестік?
- Қандай аңдардың қысқы өмірімен таныстық?
- Қысқы орман сендерге ұнады ма? Неліктен?
- Қандай суреттерден мозаика құрастырдық?
Тәрбиеші балалардың белсенділігін атап өтіп, жауаптарын толықтырады және сабақтың негізгі ойларын қорытындылайды: қыста табиғатты аялау, аңдарға мейіріммен қарау, бір-бірімен ұйымшыл болу.