Өнердегі қазақ батырларының көркемдік бейнесі
Музыка пәні • 6-сынып
Өнердегі қазақ батырларының көркемдік бейнесі
Бұл сабақта қазақ батырларының бейнесі өнердің әр саласында қалай көрінетінін талдаймыз: жыр мен күйде, сурет өнерінде батырлардың рухы, мінезі, күресі қандай көркемдік құралдар арқылы ашылатынын салыстырамыз.
Сабақтың мақсаты
Өнердегі көркемдік бейнелерді айқындау және салыстыра білу.
Сабақ түрі
Жаңа сабақ.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, бейнелеу өнері.
Оқу міндеттері
Білімділік
- Жыр, күй, сурет өнеріндегі батырлардың көркемдік образдары туралы әңгімелеу.
- Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі мен халық күйі «Қарасай» шығармаларын тыңдап, ерекшелігін анықтау.
Дамытушылық
- Электрондық оқулық арқылы ойлау, есте сақтау және көру қабылдауын дамыту.
- Ой түйіндеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге жұмылдыру.
- Ән айту дағдысын қалыптастыру.
Тәрбиелік
Қазақ батырларының ерлігін жырлау арқылы ерлікке құрметпен қарауға, тарихи тұлғаларды танып-білуге және қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс-тәсілдері мен ресурстар
Әдістер
Көрнекіліктер
- Электрондық оқулық (9-сынып материалы).
- Тақырыпқа арналған слайдтар, бейнематериалдар.
- Үнтаспа жазбалар, суретшілердің туындылары.
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
1) Әндетіп амандасу
Сабақтың басында жылы қарым-қатынас орнату үшін қысқа әндетіп амандасу жүргізіледі.
2) Психологиялық тренинг
Әрбір адам — досым, сыныптасым.
Әрбір сабақ — үйрену, оқу, іздену.
Әрбір ісің — тірлік, тірек, адамдық.
Әрбір сөзің — шындық, бірлік, адалдық.
3) Ой қозғау (сұрақтар)
- Қазақ халқының даңқын шығарған қандай батырларды білесіңдер?
- Ерлік пен Отан туралы қандай мақал-мәтелдер айта аласыңдар?
Осы бөлімнен кейін сабақтың тақырыбы мен мақсаттары таныстырылады, әрі қарай батырлар туралы тірек-сызба арқылы жұмыс жасалады.
II. Мағынаны тану
1) Өнердегі батыр бейнесі: жыр, күй, сурет
Қазақ батырлары — Қабанбай, Бөгенбай, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Көрұғлы, Қарасай сияқты тұлғалардың есімдері ғасырлар бойы ұлт мақтанышы ретінде халық жадында сақталып келеді.
Бұл батырлар ұлан-ғайыр туған жерді жаудан қорғап, елдің жауынгерлік рухын асқақтатты. Олардың ерлігін мадақтап жырлаған жыраулар батырлармен бірге жорыққа аттанып, рух беретін жыр айтқан. Батырдың ерлігі қазақ өнерінің көптеген саласында көрініс тапса да, музыка мен сурет өнері батыр тұлғасын әр қырынан ашуда ерекше дараланады.
Күйші кейде 2–3 минуттық ғана шығармаға батырдың болмыс-бітімін, мінезін, қозғалысын сыйғыза алады. Ал суретші бір ғана бейнеде батырдың ер жүрек келбетін, ішкі ширығуын, шайқас сәтінің қуатын таныта біледі. Бір көркемдік бейне әр өнерде әртүрлі құралмен сөйлейді.
Көру материалы
Қазақ батырлары туралы бейнефильмнен үзінді көрсетіледі.
2) Музыка тыңдау: Дәулеткерей — «Көрұғлы»
Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің орындауында тыңдаймыз. Бұл күй батырдың өжет, қайсар мінезін бейнелегендей әсер қалдырады: тыңдаушы батырдың рухын, намысын, жігерін сезінеді.
Тыңдау кезінде назар аудар
Ырғақтың қуаты, екпіннің өзгеруі, батыл мінезді танытатын әуен өрімі.
Талқылау сұрағы
Күйде батырдың қандай қасиеттері айқынырақ естіледі?
3) Музыка тыңдау: халық күйі — «Қарасай»
Халық күйі «Қарасай» тыңдаушыны қиян-кескі майдан көрінісіне жетелейді. Мұнда батырдың өзі ғана емес, оның жаумен күресі көбірек бейнеленеді: талас-тартыс, біріне-бірі беріспеген арпалыс, ат дүбірі, шайқастың ширығуы сезіледі.
Салыстыру
«Көрұғлыда» мінез бен рух басым болса, «Қарасайда» күрес динамикасы мен шайқас көрінісі анық байқалады.
4) Біліп ал: Евгений Сидоркин
Евгений Сидоркин (1930–1982) — график-суретші, Қазақстанның халық суретшісі. Негізгі бағыты — литография және линогравюра. Оның көптеген жұмыстары кітаптарды көркемдеуге арналған.
Негізгі тақырыптары
Сидоркин еңбектері ұлттық нақышқа бай болғандықтан, қазақ оқырманы мен көрерменіне кеңінен танылды. Оның гравюраларында ақ-қара түстердің үйлесімі қазақтың текемет, сырмақ өрнектерінің мәнерін еске түсіреді. Жұмыстары Мәскеу, Лейпциг, Краков, Венеция, Будапешт сияқты қалалардағы халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
5) Түсініп ал: негізгі ұғымдар
Графика
Тушьпен немесе қарындашпен салынатын сурет өнері; көбіне 1–2 түспен орындалады.
Гравюра
Ағаш, линолеум, тас немесе металл бетіне ойып түсірілген бейнені қағазға басып шығару арқылы жасалатын графика түрі.
Литография
Жұмсақ тасқа бейне қашап түсіріп, қағазға басып шығару тәсілі.
Линогравюра
Линолеум бетіне ойып түсірілген бейнені қағазға басып шығару тәсілі.
6) «Галереяға саяхат»: батырлар бейнесі Сидоркин шығармашылығында
Батырлар бейнесі Евгений Сидоркин шығармашылығында кең орын алады. Ол эпостық жырлардағы батырларды сомдай отырып, шайқас, ат шабысы, қимыл үстіндегі көріністер арқылы жауынгерлік рухты әсерлі жеткізеді.
Кейіпкерлер қозғалыста болғанымен, сурет бір сәтке тына қалғандай сезім қалдырады. Бұл әсер суретшінің гравюра техникасын шебер қолдануымен байланысты: ең маңыздысы — батырдың образы, оның ішкі ширығуы мен қимыл-қозғалысы дәл беріледі.
Музыка мен суреттегі ортақ белгі
Күйден аттың шабысы мен шайқастың екпінін «естісек», суреттен жауға қарсы ұмтылуға дайын, сақадай сай тұлпарларды «көреміз». Өткен мен бүгінді жалғайтын көркемдік бейне осылайша мәңгілік ескерткіш тәрізді әсер береді.
IV. Сергіту сәті
«Жалғасын тап» (мақал-мәтел)
- Батыр бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі.
- Батыр туса — ел ырысы, жаңбыр жауса — жер ырысы.
- Шешен сөз бастар, батыр қол бастар.
- Батыр майданда шынығады, болат қайнауда шынығады.
«Ойлан, тап»
Аттардың иесін табу (батырлармен сәйкестендіру тапсырмасы).
Қосымша
Дауыс жаттығулары жасалады.
Ән айту
С. Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін үйренуді жалғастырамыз:
- 1Әнді хормен үйрету.
- 2Топқа бөліп орындату.
- 3Кейін жеке оқушыларға орындату.
- 4Аспаппен меңгерген соң минусовкамен орындау.
III. Ой толғаныс (бекіту сұрақтары)
- 1 Таңбалы тастардағы суреттерді графика түріне жатқызуға бола ма?
- 2 Күйші батырлар бейнесін өз шығармаларында қалай бейнелейді?
- 3 Бауыржан, Әлия, Мәншүк сияқты тұлғаларды батыр деп айта аламыз ба? (Оларға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген.)
- 4 Қазіргі заманда осындай батырлар бар ма? Неліктен?